Қарқаралы


Қарқаралы – Сарыарқаның шығысындағы ең биік жері 1566 м., ұзындығы 35-40 км., ені 20-25 км., аласа тау жоталары. Түсті металл кендері бар тау. Қарағайлы атты кен орны жұмыс істейді. Тауда қарағай өсіп, етек жағы орманды келеді. Е.Қойшыбаев: «Көне түр. қарқара (қар.) тұлғасына қаз. – лы қосымшасы жалғанған атау», деген түсінік берген. Атау туралы толығырақ талдауды А.Әбдірахманов еңбегінен көреміз. Оның пікірінше: «Атаудың құс атынан қойылу мүмкіндігі басым. Сонда қарқара (құс) + лы (туынды сын есім жұрнағы) > Қарқаралы жолымен жасалуы әбден орынды». Халық аңыздары мен көптеген ғылыми пікірлерді басшылыққа ала отырып, А.Жартыбаев атаудың мағынасын: «қар + қара + лы – «биік таулар мен қырат, жота, шыңдары бар жер» дегенді білдіреді», – деп жазды. Э.М.Мурзаев «кар» сөзінің жер жүзі тілдерінің көбінде кездесіп, «жар тас, тау, жота, қыр» мағыналарында айтылатынын көрсетеді. В.М.Иллич-Свитыч атаудың екінші құрамындағы «қара» сөзі туралы: «араб. dara – «жеке тұрған жартас, құз; «жота, шоқы, төбе», монғ. xar, xara – “жал”, “қыр”, “жота” деген мәндегі сөз», – деген дерек келтіреді. Бұдан бұрын Ғ.Қонқашбаев «қара» сөзінің, күрделі жер-су аттарының соңында келгенде, шоқы немесе төбеге ұқсас биіктікті, мәселен, Аманқара, Берікқара, т.б. білдіретінін айтқан-ды». Демек, «қарқаралы» атауы көне заманнан келе жатқан «қарқара» тауымен түбірлес те мәндес, мағына жағынан бір-біріне шендес деп білеміз. Атаудың топонимдік мағынасы: «қыр, қыратты, таулы, тасты жер».
Қазақ халық ауыз әдебиетінде біздің халқымыздың ежелден мекен еткен жерсуларының атаулары молынан ұшырасады. Жоғарыдағы Қарқаралы атауының қойылуын Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырындағы Баянсұлудың сәлемдемеге берген бас киімінің жолай түсіп қалуымен байланыстыра отырып: «Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып, «Қарқаралы» тау атын қоя сапты», – деп қиыстырады. Жоғарыда келтірілген мысалдардан құс деген ұғымның басым екенін көреміз. Сондықтан да қарқара құстың аты, оған туынды сын есімнің –лы жұрнағы жалғауы арқылы ол Қарқара құсы көп мекендейтін тау деген ұғым береді.
Қарағанды облысындағы тау, өзен, қола дәуіріндегі елді мекен орны, сондай-ақ қазіргі кездегі осы облыстағы қала, аудан және оның орталығының атаулары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *