4. Қазақ дүниетанымындағы «кие» ұғымы
Дәстүрлі қазақ қоғамында атадан балаға мирас болып, әлі күнге дейін халық санасында ұмыт болмаған ырым-тиымдар, наным-сенім, әдет-ғұрыптар аз емес. Олардың кейбірі табиғат, өмір заңдылықтары арқылы, өзгелері діни сенім негізінде қалыптасып, қоғамның тыныс-тіршілігіне сіңісіп кеткен. Соның қатарына халықтың дүниетанымдық ерекшелігін айқындайтын ұғымдарды жатқызуға болады.
Қазақ халқында ерекше ұғымның бірі — «кие». Қазақ дүниетанымында кие қандайда бір заттың, жануардың, мекеннің т.б. сакральдылығын білдіретін ұғым. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «Кие — қандай да бір заттың немесе тіршілік иесінің ерекше тылсым күшке ие қасиеті» деп берілген.
Қазақ киесі бар нәрсені «киелі» дейді. Ол жайында Ш.Уәлиханов: «Сондай құдіретті күші бар жан-жануарларды «киесі бар» дейді, ал олардың өзін «киелі» деп атайды» деп жазған.
Халық арасында «киесі атты», «киесі ұрды», «киесі тиді» деген тіркестер бар. Бұл сөздердің мағынасында киелі заттар мен киелі тіршілік иесіне құрметсіздік, қорлық көрсеткен адамның зиянға ұшырайтындығын білдіріп тұр. Бұл жайлы Ш.Уәлиханов «… кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым, жорасын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі деп түсінеді. Ал осы кәделерді ұстамау, киелерді құрметтемеу – жоқшылыққа душар етеді… Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу – киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары – кесір деп аталады».
Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы аң-құсты, төрт түлік малдың киелілігіне ерекше мән берген. Олардың киелі болып саналғандарын ұрмайды, теппейді, олай жасайтын болса киесі ұрады деп қорқады. Мәжбүрлік болған жағдайда жануарларды аулау ісі тәңірге жалбарыну, кешірім сұрау арқылы орындалады. Яғни, аққудың еті емге қажет болса, адам өз денесінен қан шығарып барып: «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ», – деп айтатын болған. Сонымен қатар халық жануарлардың обалына қалмау үшін буаз малды, жаңа төлдеген жануарларды да азық қылмайды.
Қазақ дүниетанымында киелі нәрселер тіршілік иесі де, зат та, мекен де болуы мүмкін. Қазақстан аумағында киелі орындар көптеп кездеседі. Киелі орын – ол тау, жайылымдық жер, өзен, көл, шатқал т.б. нәрселер болуы мүмкін. Әдетте киелі орындарда әртүрлі ғұрыптық іс-шаралар жасалады.
Киелі орындардың киелілігі туралы түсінік қандайда бір мекеннің халыққа қасиеттілігі мен ерекше артықшылығы танылып, көпшілікпен мойындалғаннан кейін ғана қалыптасады. Орынның қасиетті болуы сол маңды мекендеген тұлғаның немесе тіршілік иесінің қасиетіне де байланысты. Мысалы, түркі халықтары Түркістан өлкесінің қасиеттілігін мойындап «Киелі Түркістан» дейді. Түркістан өлкесінің бұлайша ерекше құрметтелуіне ортағасырлық ғұлама Қожа Ахмет Ясауидың Түркістан аумағын мекен етуі, оның зиратының осы өңірге орналасуы әсер етті. Түркістанды киелі мекен деп тапқандықтан бүкіл қазақ халқы батыр-хандарын, рухани қайраткерлерін осы өлкедегі Қ.А.Ясауи кесенесінің маңайына жерлейтін болған.
Жалпы киелі орындарға кесенелер (мысалы Бекет ата, Арыстан Бап, Жуас бап, Айша Бибі), ел тарихында ерекше оқиғалар орын алған (мысалы Мәртөбе, Ұлытау, Ордабасы) және киелі жануар мекендейтін немесе киелі өсімдіктер өсетін жерлер жатады.
Қазақ халқы кейбір өсімдіктерді де киелі деп біледі. Соның бірі — адыраспан. Халық оның емдік қасиетімен қоса киелілігін мойындап, түтінімен аластап, үйге іліп қояды. Адыраспанды киелі деп санағандықтан жинайтын кісі дәретпен, таза күйде құдайға құлшылық жасап, «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деп айтып барып, адыраспанның сағағына қол тигізген.
Қазақ халқы музыка аспаптарына да ерекше көңіл бөліп «киелі домбыра», «киелі қобыз» дейтіні бар. Халық арасында домбыра мен қобыздың киелі болуына қатысты аңыз-әпсаналар жетерлік. Мысалы, домбыраға қатысты «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихында, қобызға қатысты Қорқыт туралы аңызда анық айтылады.
Көшпелі халқымыздың сөздік қорында киіз үйдің және ондағы әрбір жиһаз бен бұйымның қасиетіне қарап «киелі бесік», «киелі босаға», «киелі ошақ», «шаңырағы киелі» деген сөздер жиі қолданылады.
Қазақ халқы өз тарихында қаншама қиын тағдырды бастан кешкеніне қарамастан «кие» туралы түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа жоғалтпастан жеткізіп келеді. Бұл — қазақ дүниетанымын ерекшелейтін ұғым. Халық «кие» ұғымы арқылы болашақ ұрпаққа қасиетті жерлерді, тіршілік иелерін құрметтеуді үйретеді. Сол арқылы киелі заттарды қорлауды тыйып отырады. Сондықтан бүгінгі буынның міндеті осындай түсініктерді келер ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу болмақ.