3. «Обал» және «сауап» ұғымдары жайында
Қазақ халқының жас ұрпақты тәрбиелеуде қолданатын ерекше ұғымдары бар. Алдыңғы буын өкілдері жаңадан өсіп келе жатқан өскелең буынның санасына әдептілікке қатысты құндылықтарды сіңіріп отырған. Қоғамдағы әдептің басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтіру болып табылады. Қазақ мәдениетінің адамдар арасындағы қатынасты реттеу саласындағы ұлағатты ұғымдарының ішінде «обал» мен «сауап» ұғымдары айрықша рөл атқарады.
«Обал» сөзі сөздікте «қиянат», «айып», «күнә» деген мағыналарды береді. «Обал» ұғымы қазақ тілінің қолданысында мынадай тіркестермен беріледі:
Обал болды – қиянат болды, қиын болды.
Обал жасады – қиянат етті, жәбірледі.
Обалына қалды – көз жасына қалды, қиянат жасады.
Обалы жібермеді – тақсіретін тартты, зардабын шекті.
Обалын көтерді – айыпты болды, күнәлі болды.
Қазақы түсінікте мұндай ұғымдар күнделікті өмірде адамды тәрбиелеу ісінде көптеп қолданылып, бабаларымыз жастардың құлағына «обал» деген ұғымды үнемі құйып отырған.
«Обал» ұғымы жақсы нәрсенің қадірін білу, оны тастамау, түбінде оның зарын тарту дегенді білдіреді. Бұл – қоршаған ортаға зиян келтіруге, жамандық жасауға, жанды нәрселерді жәбірлеуге, жансыз нәрселерді бүлдіруге болмайды деген сөз. Біреуге қиянат жасау да – обал.
Қазақтың айтулы билерінің бірі Малайсарының: «Үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген насихат сөзі бар.
Қазақ халқының ұлттық салт дәстүріндегі ұғым-нормалар ислам құндылықтарымен тығыз байланыста дамығандығы, әдептілікке негізделген адамгершілік-имандылық, ар-ұят қасиеттерінің ислам дінінен бастау алғандығы белгілі.
«Обал» сөзінің ислам шариғатындағы мағынасы «артында өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық» деп түсіндіріледі. Құранда: «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген аят бар («Хашыр» сүресі, 15-аят). Бұл аятты мұсылман ғалымдары «Адамдар жасаған күнәлі істерінің жазасын бұл дүниеде де, ақиретте де тартады» деп түсіндірген. Бұрынғы кезде үлкендер «обал-ай!», «обал-дағы-ай!» деген сөздерді көп қолданған. Сонымен қатар, обал ұғымы ысырап ұғымымен мәндес болып келеді. Өйткені, асты аяқ асты ету немесе оны ысырап ету де обалға жатады. Тамақты босқа ысырап ету, соны жасау үшін төгілген терді, қажырлы еңбекті бағаламау деген сөз. Ысырап «бейберекет шашу» деген мағынаны білдіреді.
Ысырап жасамау – өзіне қажет мөлшерден артық жұмсамау, мұқтаждықты ғана өтеу, мақтангершілікке, риякерлікке ұрынбау, яғни шектен шықпау.
Ысырап – шүкірлікке қайшы келетін ұғым. Шүкіршілік етуді білетін адам келген нығметтердің Алладан екенін түсініп, артынан болатын есепті ойлап тұрады. Құранда ысырапшылдыққа қатысты мынадай аяттар берілген: «Сондай-ақ жақындарға, кедейлерге және (жолда қалған) жолаушыға хақысын бер, бірақ тым шашылма, негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал, шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды» («Исра» сүресі, 26-27), «Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» («Әл-Ағраф» сүресі, 31), «Әрі олар (дүниелерін) жұмсағандарында ысырап та қылмай, сараңдық та етпей, осының арасында тура болатындар» («Фұрқан» сүресі, 67).
Қазақ халқы обалдың адамға міндетті түрде кері әсері болады деп сенген. Сондықтан да бала тәрбиелеу ісінде үнемшілдікке, ысырапқа жол бермеуге шақырған. Тұрмыстық өмірде, ішіп-жеу мен ақша қолдануда шектен шығып, төгіп-шашуға жол беру – жеке адам үшін де, тұтастай қоғам үшін де қатерлі сырқат. Адам үнемшілдік жасап, ысырапшылдыққа жол бермеу арқылы берекелі өмір сүруіне болады. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Үнемшіл жан кедей болмайды» деген.
Қазақ халқының түсінігінде «обал» мен «сауап» ұғымдары мағынасы жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді. «Обал» жақсы нәрсенің қадірін білу, әйтпесе түбінде оның зардабын тарту деген мағынаны білдірсе, «сауап» – адамға жақсылық жасау, табиғатқа қамқорлық көрсету, жақсы іс істеу деген мағынаны білдіреді.
Сөздіктегі «сауап» сөзінің мағынасы – шапағатты, игілікті іс. Айналадағы жанды-жансыздың бәріне бірдей жақсылық жасауға, қамқорлық көрсетуте байланысты айтылатын ұғым. «Сауабына қалу» – «алғысына бөлену», «рахметін алу» деген сөз.
Сауап ислам дінінде ең маңызды ұғымдар қатарына жатады. Ол жасалған игілікті іс үшін Алла тарапынан берілетін қарымта сый дегенді білдіреді. Кімде-кім ислам парыздары мен бұйрықтарын орындап, Алла ризалығына сай жақсылықтарға лайық істер атқарса сауап жинайды, Құдайдың шексіз мейірім шапағатына иеленеді.
Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс сауап болып есептеледі. Мысалы, кұлшылық жасау, ғылыммен айналысу, біреудің қажеттілігін өтеу, қарыз беру, сәлемдесу, аш адамды тойдыру, кішілерге қамқор болу – бәрі де сауап істер қатарына жатады. Сондықтан қазақ халқы «сауап үшін» дегенде, жақсылық жасаушы ақша, төлемақы күтпейді. Өйткені ол ісінің бұл дүниедегі көзге көрінбес берекесі мен ақиреттегі шексіз мол сыйын Алладан күтеді.
«Обалды біліп өссең – сауапқа кенелесің» деген халық даналығында үлкен мән бар. Өйткені үлкендер жасауға болмайтын іс-әрекеттерге «обал болады» деп тыйым сала отырып, балаларды жаман әдеттен сақтандырса, «сауабын аласың» деп отырып жақсы істерге жетелейді. «Сауабын аласың» дегеннің өзі, бұл жақсы іс істегеннің, жақсылыққа жетесің, алғысқа бөленесің деген ойды білдіреді.
Обал, сауап секілді тәрбиелік мәні зор ұғымдар бүгінгі қоғам үшін аса қажетті ұғымдар. Сол себептен де үлкендердің «обал болады», «сауабын аласың» деген сөздеріне немқұрайлы қарамай, олардың мәнін түсіне отырып, орындау, бұл ұғым-нормаларды келер буын ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдану адамды жақсылыққа жетелейтіні сөзсіз.