КЕДЕРГІ, э л е к т р л і к – 1) өткізгіштің немесе электр тізбегінің электр тогына қарсы әсерін сипаттайтын шама. Тұрақты кернеу (ток) кезінде электр тізбегі учаскесінің (бір бөлігінің) электрлік кедергісі (R) – осы учаскеде электрқозғаушы күш болмайтын кезде тізбектің ұштарындағы кернеудің (U) ток күшіне (І) қатынасына тең скаляр шама. Осы жағдайда электрлік кедергі омдық немесе активті кедергі деп аталады. Электрлік кедергі өткізгіштің материалына, оның өлшемдеріне және пішініне тәуелді. Өткізгіштің көлденең қимасы (S) және ұзындығы (ℓ) тұрақты болған кездегі құрамы біртекті өткізгіш үшін электрлік кедергі: R=ρℓ/S, мұндағы ρ – өткізгіштің материалын сипаттайтын меншікті электрлік кедергі. Көп жағдайда (әсіресе электрлік кедергінің физикалық табиғатын қарастыру кезінде) ρ-дің орнына меншікті электрлік өткізгіштік (σ) енгізіледі: σ = 1/ρ.
Металдардың электрлік кедергісі кристалдық торлардың жылулық тербелістеріндегі өткізгіштік электрондардың шашыратылуына және құрылымдық біртексіздіктеріне (қоспа атомдардың, торлардың ақауларына) байланысты. Сондықтан әдетте электрлік кедергі (R) температураға (Т) және тек Т→0 шамасына (нөлге ұмтылатын жағдайға) тәуелді, осы жағдайда жылулық тербелістер электрлік кедергіге ықпал етпейді,электрлік кедергі толықтай кристалдық құрылыммен анықталады әрі температураға (Т) тәуелді болмайды. Өте төменгі температурада электрлік кедергі кейбір металдар мен қорытпаларда күрт төмендейді (асқынөткізгіштік құбылысы болады). Электрлік кедергі жылулық энергияға ауысар кезінде электр энергиясын шашыратуға әкеп соқты- рады (Джоуль – Ленц заңы).
Айнымалы ток тізбегінде шекті өлшемді кез келген өткізгіш активті электрлік кедергіге қоса индуктивтілік және сыйымдылықтық кедергіге ие, кернеу (U) мен ток күшінің (І) әсер ететін шамаларының U/І қатынасы электрлік кедергі R-мен дәл тең болмайды. Айнымалы электр өрісінде жиілік (ν) артқанда металдардың электрлік кедергісі де өсетін болады. Бұл жайт өткізгіштің көлденең қимасындағы ток тығыздығының бірқалыпты болмауынан туады; жиілік (ν) қаншалықты үлкен болса, ток өткізгіштің бетінде соншалықты көп шоғырланатын болады (скин-эффектісі). Электрлік кедергі омметрмен өлшенеді. Электрлік кедергінің Халықаралық бірліктер жүйесіндегі (СИ) бірлігі Ом. 1 Ом = 1,11∙10–12 СГСЭ бірлігі =109 СГСМ бірлігі. 2) Электрлік кедергі ток күшін шектеу немесе реттеу үшін электр тізбегіне қосылатын электр тізбегінің құрылымдық бөлшегі.
Активті электрлік кедергі – ток өтіп тұрған денелерден жылу бөлуге әкеп соқтыратын электрлік кедергі.
Акустикалық кедергі – дыбыстық қысымның дыбыстық толқынның өтуі кезінде тепе-теңдік қалыптың маңайында тербелетін орта бөлшектерінің қозғалыс жылдамдығына қатынасы.
Аэродинамикалық кедергі – газда қозғалатын денеге осы газ тарапынан әсер ететін күш.
Гидродинамикалық кедергі – 1) дене қозғалысына оны орап ағатын сұйық тарапынан жасалатын кедергі; 2) сұйықтың қозғалысына құбыр немесе арналар қабырғаларының ықпалын тудыратын кедергі.
Индуктивтік кедергі – 1) қанаттан сырғитын құйындар себепші болатын аэродинамикалық кедергінің бір бөлігі; 2) индуктивтілігі болатын тізбектің реактивті электрлік кедергі.
Магниттік кедергі – магниттік тізбектегі магниттік қозғаушы күштің осы тізбектің көлденең қимасы арқылы өтетін магниттік ағынға қатынасы.
Меншікті электрлік кедергі – заттың электрлік қасиеттерінің берілген заттан жасалған цилиндрлік өткізгіштің көлденең қимасының ауданының осы өткізгіштің кедергісінің ұзындығына қатынасының көбейтіндісіне тең сипаттамасы.
Ортаның кедергісі – ортада қозғалатын денеге осы орта тарапынан тежеулік көрсету қасиеті.
Реактивті электрлік кедергі – денелерде айнымалы электр тогының болуы жылу бөліп шығаруға әкеп соқтырмайтын электрлік кедергі.
Сыйымдылықтық кедергі – электрлік сыйымдылығы болатын тізбектің реактивті электрлік кедергісі.
Термиялық кедергі – жазық қабаттан өтетін жылулық ағынның қабат ауданы мен оның беттері температураларының айырымына қатынасы.
Теріс электрлік кедергі – электр тізбектері арқылы өтетін электр тогы күшінің артқан кезіндегі тізбекке түсетін кернеудің кемуін өрнектейтін электр тізбегінің кейбір бөліктерінің қасиеті.
Толқындық кедергі – 1) газдың асқындыбыстық жылдамдығы кезіндегі аэродинамикалық кедергі; 2) гидродинамикалық кедергінің сұйықтың бетінде онда қозғалатын дене тудыратын толқындардың пайда болуына байланысты құраушысы; 3) электр ток күшінің толқындар таралатын желісіндегі кернеуге қатынасы.
Электрлік кедергі – өткізгіштің электрлік қасиеттерінің өткізгіштің ұштары аралығындағы тұрақты кернеудің осы өткізгіштен өтетін электр тогының күшіне қатынасымен анықталатын сипаттамасы.