ИОНДЫҚ ҚОЗҒАЛТҚЫШ, иондық ракета – газтәрізді отынды иондап, соңынан оларды жарық жылдамдығына жуықтау шапшаңдыққа дейін үдетіп пайдаланылатын қозғалтқыш (әзірше идея ғана). Иондардың қозғалтқыш үдеткішінен шыққан кездегі шапшаңдығы неғұрлым жоғары болса, қозғалтқыштың тарту күші де солғұрлым артады, сонымен қатар ұшу аппаратының жылдамдығы да жарық жылдамдығына қарайлас болмақшы. Осы принцип бойынша жасалған ракета – иондық ракета деп аталады. Иондық қозғалтқыштың құрылысы өте қарапайым болмақ. Негізгі бөлігі – жоғары кернеулі күшті электр өрісін тудырушы генератор болмақ. Оң зарядталған иондар көзі ретінде газ тәрізді зат (мысалы, сутек және гелий, жеңіл металл цезий) немесе өзінің электронынан онша жоғары емес температурада (2000º – 5000ºС) айырыла алатын заттар (рубидий, сынап, аргон т.б.) пайдаланыла алады. Күшті үдеткіштің электр өрісіне түскенде иондар ғарыштық жылдамдықтарға дейін үдетіледі де, қозғалтқыштан сыртқа атқылап шығу нәтижесінде тарту күшін тудырады. Осындай шағын қозғалтқыштардың қарапайым шағын үлгілері Кеңес Одағының «Восход» ғарыштың кемесінде 1964 жылы сыналған болатын.