ИОНДЫҚ ЛАЗЕР – иондар энергиясының деңгейлерінің арасындағы белгілі ауысуларда иондар тудыру жүзеге асатын газ лазері. Иондық лазерлер инертті газдар ауысуларының және металдардың иондық ауысуларының лазерлері болып екі топқа ажыратылған.
ИОНДЫҚ ӨТКІЗГІШТІК, иондық электрөткізгіштік – кейбір заттардағы еркін иондардың, яғни сыртқы электр өрісінің әсерінен макроскопиялық қашықтыққа реттеліп қозғала алатын иондардың қозғалысы себепші болатын электрөткізгіштік. Молекулалары түгелдей немесе ішінара диссоциацияланған ионды электрлиттер иондық өткізгіштікке жатады. Газдардағы иондық өткізгіштік атомдардың немесе молекулалардың иондалуы салдарынан еркін иондардың пайда болуынан туады. Вакуумдық аралықтағы иондық өткізгіштік термоиондық немесе плазмалық катодтардың беттерінен эмиссияланған иондар тудырады. Иондық кристалдардағы иондық өткізгіштік кристалдық торлардың (өзіндік иондық өткізгіштік) немесе қоспалардың ықпалдарының (қоспалық иондық өткізгіштік) микробұзылыстарымен (ақаулықтармен) пайда болған еркін иондарға байланысты туған.