ИНФРАДЫБЫС (латынша «инфра – асты, төмен» + дыбыс) – адам еститін жиіліктен төмен жиілікті аймақта жататын серпімді тербелістер мен толқындар. Инфрадыбыстың жоғарғы жиілік шекарасына 15 – 40 Гц жиілік қабылданған. Төменгі жиілік шекарасы анықталмаған; қазіргі кезде оның төменгі жиілік шекарасы 0,001 Гц-ке дейін зерттелген. Инфрадыбыстық толқындар ауада, суда және жер қыртысында (бұл жағдайда ол сейсмикалық толқын деп аталған) таралады.
Инфрадыбыстың ерекшелігі, оның төменгі жиілікті болуы: аз жұтылады, терең теңізде және атмосферада, жер деңгейінде 10 – 20 Гц жиілікті инфрадыбыстық толқындар 1000 км қашықтыққа дейін таралып, бірнеше децибелдей ғана әлсірейді. Бұл дыбыс аз жұтылатын болғандықтан, өте алыс қашықтыққа тарала алады. Жанартаулардың атқылау кезіндегі ядролық жарылыстан таралатын дыбыстар Жер шарын бірнеше рет айналып шығып сөнеді. Сейсмикалық толқындар Жердің қалыңдығынан өте алады. Сол себепті инфрадыбысты оқшаулау мүмкін емес. Инфрадыбыстың табиғи көздеріне метеорологиялық, сейсмикалық және жанартаулық құбылыстар жатады. Қарқындылығы 120 децибелден (дБ) артық деңгейдегі инфрадыбыс адамның денсаулығына қауіпті әсер етеді. Қуатты инфрадыбыстар құрылыстың, құрылымдардың, жабдықтардың қирауына себепші де болады.