Бұқар жырау ауданы – Қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі Бұқар жыраудың есімін иеленген аудан 1928 жылы негізі қаланған Тельман және 1938 жылы ашылған Ульянов аудандарының бірігуі нәтижесінде 1997 жылдың 23 мамырында құрылды. Ауданның орталығы – Ботақара поселкесі (бұрынғы Ульянов поселкесі).
Бұқар жырау – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған, ол ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 жылы өлген) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқасайсымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады. Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілемінде жерленген.
1993 жылы жыраудың 325 жылдық мерейтойын атап өтіп,
Бұқар жырау жерленген Далба тауының етегінде халқымыз
әулие деп танитын ұлы абыздың кесенесі салынып, ол 21 тамыз күні салтанатты түрде ашылды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Кесененің ашылу салтанаты көне Далба тауы етегіндегі салқар тойға ұласты.