Ақтоғай – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы село аты. «Ақтоғай» атауының бірінші сыңарындағы «ақ» сөзі топонимдер құрамында келгенде «таза, мөлдір, тұнық» және «кең, үлкен» деген мағынаға ие екендігі көп айтылады. Ал «тоғай» сөзін талдау барысында, оның Орта Азия, Қазақстан, Кавказ, Оңтүстік Орал, Оңтүстік Сібір, Еділдің төменгі ағысындағы халықтар тілдерінде кеңінен қолданылатыны, бірақ әртүрлі мағынаға ие екендігі сөздіктерде анық көрсетілген. Бірақта: «Қазақ тілі нормасына келтіргенде, бұл сөздің төлеуі, жобамен, «сай-сала» немесе екі арна мәндес ұғым береді», – деген пікірмен келісуге болмайды (Қойшыбаев, 1985, 37). В.В.Радловтың сөздігінде (1905, 3 т.) тогай, тогаі, токоі, токаі, токкаі тұлғаларында беріліп, «шалғын», «орманды алқап», «ағаштар мен бұталар қалың өскен өзен… арал не жарты арал», «өзен түбектеріндегі қалың ағаш» деген мағыналарға ие екендігін көрсетілген (Э.Мурзаев, 1984, 562). Қалайда «тоғай» – географиялық термин ретінде түркі тілдерінде ерте заманнан қолданып келе жатқан лексема. Ол түркі тілдерінен орыс әдеби тіліне де еніп, тугай тұлғасында жиі қолданысқа түседі.
Демек, республикамыздың көптеген облыстарында ұшырасатын «Ақтоғай» атауы «су, өзен жағасындағы шағын орман» мәніне ие деп қарауға болады.