Айтағы – тау, биік 499,9 м. Қарағанды обл., Жаңаарқа ауданында. Е.Қойшыбаев бұл атаудың шығу жайын: «Көне түрінде ай этнонимі тағ («тау») терминін жалғау арқылы жасалған атау. Этим. «Ай тауы», – деп түсіндірген (Қойшыбаев, 1985, 29). Біз бұл пікірге қосылмаймыз. Ерте заманда, түркі халықтары шаман дінін ұстаған кезде Ай сұлулықтың, көркемділік пен әдеміліктің символы боғлан және Айға табынған, «әулие», «пір» тұтқан. Сондықтан да балаларға: Айтолды, Айтуды, Айкүміс, Алтынай деген есімдер қойып отырған. Әлі күнге дейін ел арасында: «Ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа», – деп, жаңа туған айға қарап сыйыну дәстүрі қалған жоқ.
Демек, «Айтағы» атауы «қасиетті тау», «сұлу тау» деген мағынаны білдіреді. Атаудың екінші құрамындағы тағ // тағы – қазіргі тіліміздегі «тау» сөзінің көне тұлғасы, сөз соңындағы ы – тәуелдік жалғау қосымшасы.