ҰЛТ ТІЛІ
Ұлт тілі – жалпы халықтық тілдің негізінде пайда болып, ұлттың ұлт ретінде қалыптасуына өзіндік әсерін тигізетін қарым-қатынас құралы. Тіл білімінің негізін салушы В.Гумбольдтың тілді ұлттың жаны мен тынысына теңеуі тегін емес. Өйткені ұлттық тілде сол ұлттың ғасырлар бойғы даму барысында жинақтаған өмір, қоғам, табиғат жайлы білім-ғылымдарының жиынтығы, өз ұлты мен өзге ұлттар туралы алған мағлұматтары көрініс алады. Ұлт тілі ұлттық болмысты танытады. Ұлт тілінің қалыптасуы ұлттың қалыптасу тарихымен тікелей байланысты. Ол ұлттың қалыптасуындағы басты этностық құндылық болып табылады. Ұлт тілінің қалыптасу қар қынына әр ұлттың даму ерекшеліктері мен саяси-әлеуметтік жағдайлары әсер етеді. Ұлт тілінің құрамына көркем әдеби тіл (оның жазбаша және ауызша түрлері), халықтық тілдегі түрлі ерекшеліктер енеді. Ұлт тілінің қалыптасу барысында әдеби тіл мен жергілікті тіл ерекшеліктері арасындағы қатысымдық айырмашылық едәуір қысқарады. Ұлт тілі жалпы халықтық тілдің құрамындағы жергілікті тіл ерекшеліктері сияқты тілдік дамудың ерте сатысына тән белгілерді ығыстырып, оның орнын әдеби тілдегі нұсқаларымен алмастырады. Ауызекі сөйлеу барысында ұлт тілін қолдану жергілікті тіл ерекшелігіне байланысты, сонымен қатар қоғамдағы топ өкілдеріне қатысты туындаған тілдік айырмашылықтарды жоюға жәрдемдеседі. Ұлт тілін қолдану көркем әдеби тілдің таралу аумағының кеңеюіне жәрдемдесіп қана қоймай, сөйлеушінің тіл мәдениетін арттырып, ауызша және жазбаша сауатты сөйлеуіне қолайлы жағдай тудырады. Ұлт тілінің аса маңызды ерекшелігіне оның нормалануы жатады. Халық тілінен ұлт тілін ерекшелендіретін белгілердің бірі – оның бірізділігі мен тілдік стандарттарының болуы. Көркем әдебиеттің өркендеуіне, ғылым мен техниканың қарқынды дамуына, сондайақ ауызша сөйлеудің алуан түрлеріне сәйкес туындаған қоғамның күрделі де көп қырлы қажеттілігін өтеуге байланысты ұлттық тілдің де синтаксистік жүйесі мен сөздік құрамы дамып, молайып отырады. Ұлт тілінің дамуы ұлт өкілдеріне тікелей байланысты. Ұлт өкілдері неғұрлым сауатты болған сайын ұлт тілінің сөздік қоры молайып, тілдік нормалары қатаң сақталады. Ғылым мен техника саласындағы жетістіктерге сәйкес ұлттық терминжасам қарқынды дамиды. Ұлт тілінің академиялық тілге айналуы сол ұлт тіліне деген қажеттілікті тудырады. Әлеуметтік лингвистикада ұлт тілі терминімен қатар, титулды ұлт тілі деген термин де қолданылады. Титулды ұлт тілі – белгілі бір мемлекет, ұлттық мемлекет немесе ұлттық-аумақтық бірліктің атауымен сәйкес келетін ұлт тілі. Мысалы, Қазақстанда титулды ұлт тілі – қазақ тілі болса, Татарстанда титулды ұлт тілі – татар тілі. Әлемде ұлт тілі деңгейіне көтеріле алмаған, мемлекеттік мәртебесі жоқ тілдер де көп.