ТІЛ МӘДЕНИЕТІ
Тіл мәдениеті, ең алдымен, әдеби нормамен тікелей байланысты. Ол тілдік нормаларды, оның ішінде әдеби тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті болып табылады. Тілдің көріктеу құралдарын, яғни стилистикалық заңдылықтарды дұрыс пайдалану да сөз мәдениетінің объектісіне жатады. Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру. «Тіл мәдениеті» ғылымтаным саласын «ортология» деп те атады. Ортология – сөздің (тілдің) дұрыстығы туралы ілім. Тіл мәдениетінің атқаратын міндеттерінің бірі – қай қолданыс бұл күнде норма болып табылады, қайсысы – жоқ деген мәселелерді түбегейлі зерттеу. Өйткені тілдің мәдениетін танытатын шарт – тек жоғарыда салалап көрсетілген нормаларды ұстанып қана қою емес, ол нормалардың өздерінің дұрыстығын тап басып тану және қабылдау. Тілдік норманың өзі «дұрыс» деп бағалануы үшін ол тілдің құрылымдық заңдылықтарына сай келуі керек.
Р.Сыздық. Тілдік норма және оның қалыптануы.
– Алматы, 2014.