ИНТЕРФЕРОМЕТР

ИНТЕРФЕРОМЕТР [интерфер(енция) + метр] – толқындардың интерференциясына негізделген өлшеуіш аспап. Дыбыстық толқындарға және электрмагниттік толқындарға арналған интерферометрлер бар. Оптикалық интерферометр спектрлік сызықтрадың толқын ұзындықтарын, мөлдір орталардың сыну көрсеткіштерін, нысандардың (объектілердің) абсолюттік және салыстырмалы ұзындықтарын, жұлдыздардың, т.б. бұрыштық өлшемдерін анықтауға, оптикалық бөлшектердің және олардың беттерінің сапаларын бақылауға арналған.

 Барлық интерферометрдің әрекет принциптері бірдей, олардың бір – бірінен айырмашылығы тек когерентті толқын шығарып алуда ғана және де тікелей қандай шамалардың өлшенетіндігіне тәуелді. Жарық шоғы әйтеуір бір құрылғы арқылы кеңістіктік түрде екі немесе одан көп когерентті шоқтарға ажыратылады, бұлар оптикалық әр түрлі жол жүріп, соңынан бәрі бірге тоғысады және олардың интерференцияларының нәтижелері бақыланады.

Жамен интерферометрі – газдардың және сұйықтардың сыну көрсеткіштерін өлшеу үшін қолданылатын оптикалық қоссәулелік интерферометр. Бұл аспапты 1856 жылы француз физигі Жюль Жамен (1818 – 1896) жасаған.

Майкельсон интерферометрі – жарық толқынының ұзындығын өлшеуге арналған оптикалық екісәулелік оптикалық аспап. Бұл аспапты американ физигі Альберт Майкельсон (1852 – 1931) ойлап тапқан.

Фабри-Перо интерферометрі – көрінетін, инфрақызыл және сантиметрлік диапазондардағы электрмагниттік сәулелерді зерттеу үшін қолданылатын көпсәулелі интерферометр. Мұны 1899 жылы француз физиктері: Шарль Фабри (1867 – 1943) мен Альфред Перо (1863 – 1925) жасаған.

 Рэлей интерферометрі – жарық дифракциясына негізделген сыну көрсеткішті өлшеуге арналған. Мұны ағылшын физигі Джон Рэлей (Стретт) (1842 – 1919) жасаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *