ИНТЕРФЕРЕНЦИЯЛЫҚ СУРЕТ – когерентті жарық шоқтарының қабаттасуы нәтижесінде, яғни олардың арасындағы фазалар айырымы тұрақты (немесе тұрақты өзгерісі) жағдайында пайда болатын жарық қарқындылығының артуы және кемуінің тұрақты түрде кезектесіп алмасуы. Сфералақ толқындардың максимум қарқындылығы фазалар айырымының жарты толқынының жұп санына тең болған кезде, ал минимум – қарқындылығы фазалар айырымы жарты толқынның тақ санына тең болған кезінде байқалады.
Интерференциялық суретті байқау үшін мынадай тәжірибе жасауды ұсынамыз. Дөңгелек сымтемір жақтауды сабынан ұстап, сабынды суға лақтырып алып, дөңгелек жақтауды қырынан тік ұстап тұрсаңыз, су тамшылап ағып, жақтауға сабын пленка керілетін болады. Пленканың төменгі жағы жоғарғы жағынан қалыңдау болып керіледі, яғни пленканың көлденең қимасы өте жұқа сына тәрізді болады. Осы пленканы күн сәулесі түсетін тұсқа ұстап қарайтын болсаңыз сызбада бейнеленгендей түрлі түсті көлденең әлсіз түсті жолақтарды байқауға болады. Жолақтар дөңгелек жақтаудың төменгі тұсына қарай, яғни пленканың қалыңдығысәл артқан сайын жақын орналасатын болады (1-сызба).
Жалпы толқындардың қалай өзараәсерлесетінін анықтау үшін когерентті көздерден таралатын толқындардың кездесетін нүктесіне дейін жүрген жолдарының айырымын анықтау керек. 2-сызбада тербелістердің нүктелік көздері S1 және S2 бейнеленген. Тербеліс көздерінің арақашықтығы (D) S1A және S2A арақашықтықтарынан едәуір қысқа (кем). S1A=r1 S2A=r2—ден кіші дейік. S2B=r2—r1 айырымы толқындардың жүрген жолдарының айырымы болады. Егер осы жүрілген жолдар айырымының ұзындығы бүтін санға (m-ге) немесе жарты толқынның жұп санына (2m-ге) тең, яғни r2-r1=2mλ/2 болса, мұндағы m – кез келген бүтін сан немесе нөл болса,
онда толқындар А нүктеде кездескенде олар бірін-бірі күшейтеді, осы нүктеде тербелістердің амплитудалары максимал (ең көп шамаға тең) болады.
Егер де толқындардың жүрген жолдарының айырымы тақ санға тең, яғни r2r1=(2m+1)λ/2 болса, толқындар А нүктеде кездескенде өзара бірін-бірі әлсіретеді де, амплитудалары ең аз шамаға (минимал) тең болады. Егер екі тербелістің де амплитудалары тең болса, онда А нүктеде тербелістер мүлдем болмайды. Осы жоғарыдағы r1 мен r2 арақашықтықтар D арақашықтығынан көптеген есе ұзын болуы шарт.
Дыбыстық, электрмагниттік (жарық) және басқа толқындар да интерференциялық құбылысқа ұшырайды.