Білімді ұрпақ — ел болашағы

 

«Білім сарқылмайтын күш, таусылмайтын-қазына»,демекші, көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана ел дамуы үшін өз үлесін қоса алмақ. Білімді бойына сіңірген адам, барлық нәрсенің байыбына терең үңіліп, ақ, қарасын анықтай алады. Қазіргі таңда көп жеткіншек ұялы телефонды арқау етіп, виртуалды өмірге көп бейімделіп барады. Кітап оқу сирек кездесетін құбылыс. Алайда, әр бала өз болашағын қазірден бастап ойлауы тиіс. Атақты Абай атамыз айтпақшы, «Мына бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан»,- деп өмірде өз орынын табуы тиіс. Өмірден өз орынын табуы дегеніміз-болашақта өзіне жақын мамандықтың иесі атану. Ол мектеп қабырғасынан бастап көрініс табуы қажет. Көбіне, оқушылар он жыл бойы кім боларын білмей, ұзақ ойланып, әр-түрлі пән таңдап, соңында тіптен жанына жат мамандыққа барып құжаттарын тапсыра салады. Ішкі түйсік пен жан қалауы таңдаған салаға тамырын тереңге жаюға мұрша бермей, диплом бөлек бір жерде, өзі басқа жерде қызмет етіп кетеді. Сол үшін, әу бастан, адам өзіне не қажет екенін анықтап алуы тиіс. Оқушы орта буынға ауысқаннан бастап, нақты бір бағытты таңдап, сол салада үнемі қосымша ізденіс үстінде болуы қажет.
Сапалы білім беру барысында ұстаздардың да орыны орасан зор. Буыны қатаймаған баланың болашағын қалыптастырып, дұрыс бағытқа жол сілтеу педагогтардың алдында тұрған үлкен міндет. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы»,- демекші, атақты ғалым да, көрнекті жазушы да, ұшқыр ғарышкер де ұстаздың алдынан өтіп, тәлімін алған.
Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы оқыту барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отыра, сапалы білім беруді мақсат тұтқан. Заманның дамыған шағында инновациялық технологияларды қолдана отыра, шәкірттерді дәстүрлі түрде, қашықтықтан оқыту барысында, онлайн әдіспен жан-жақты тәрбиелеуде.
Соңғы уақытта орын алған жұқпалы дерт салдарынан қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша да, ұстаздар өз ұстамдылықтарын байқатып, білім сапасын одан әрі жақсарту үшін бар күш-жігерлерін сарп етіп келеді. Жалпы, мұғалімнің әр айтқан сөзін бұлжытпай орындаған шәкірт болашақта өз жолын адаспай табатыны анық.
Бүгінгі таңда білім алу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Негізгі білім беру жүйесі тегін. Мектептер арнайы жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, жыл артқан сайын жаңа техникалармен толықтырылып отырады. Қолжетімсіз дүние жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын, кейінге шегініп көз тастайтын болсақ, тіпті қарапайым компьютерге отырудың өзі барлық балаға мүмкін болмайтын. Бүгінгі таңда ол, әр кабинетте орнатылып, оқушылардың еркін пайдалануына жол ашылған. Сол секілді ұялы телефон да бәрінде бірдей болған жоқ. Қазір бірінші сынып оқушыларының өзі сенсорлы құрылғының құлағында ойнайды. Бүгінгі таңда қашықтықтан оқыту барысында смартфондардың да көмегі едәуір байқалып тұр. Арнайы платформалар қалта телефонына көшіріліп, үй тапсырмасын орындау, мұғалімге жөнелту кезінде еш қиындықсыз жүзеге асырылуда. Бұл да бір техниканың дамуының әсері, оның білім алу барысында тигізіп жатқан оңтайлы тұстары. Дегенмен, бұл құрылғылардың да балаларға кейде кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Сол себепті ата-аналар тарапы гаджеттерді тек білім алу мақсатында пайдалануға ерік беріп, қалған уақытта балаларының қосымша білім алуына жағдай жасаулары қажет.
Қазіргі таңда білім берудің басты мақсаты-бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп-білім ошағы болса, ұстаз-оның жүрегі. Мұғалім шәкірттерін білім нәрімен сусындатады, ал білім өмірге өте қажет. Бүгінгі жас жеткіншек, ертеңгі күні мемлекет тұтқасын ұстайтын білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат.
«Білім — өмір шырағы»,- деп бекер айтпаған. Себебі, мектептен түлеп ұшқан әр оқушы алдағы уақытта белгілі бір мамандыққа түседі. Ол басқа елге барса да білім қажет. Себебі, ол білімді болмаса, сол елдің салт-дәстүрін, тілін, дінін білмес еді. Білімсіз адам-өзінің тарихынан да хабары болмайды. Сол себепті оқуды саналы түрде игеру әр баланың бойынада болуы тиіс қасиет.
Озық елдердің алдын орап, терезені теңестіру үшін, елімізде мықты мамандар даярлауымыз қажет. Сол кезде Отандық өнімдер қатары көбейіп, еліміз импортты тасымалдамай, экспортты дамытып, ел экономикасының одан әрі гүлденуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігі деңгейінің артуына себеп болмақ.
Ілім-білімге деген ынта болса, оны дамыту үшін барлық жолдар ашылған. Жыл сайын гранттар саны артып, студенттердің қатары жас мамандармен толығып келеді. «Болашақ» бағдарламасы арқылы да шет елде білім алуға жағдай жасалған. Тек, ерік-жігер мықты болып, ел дамуына үлес қосамын деген шын ниет болса жеткілікті.
«Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қаріп»,- демекші, әркімге бір алданып, сауатсыздығының кесірінен жемтікке айналғанша, бар ынтаны білімге арнап ел тізгіндейтін азамат болған әлдеқайда жақсы.
Ұлт болашағы-жастар қолында. Көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана ұлтының қамын ойлап, өз үлесін тигізуге барынша ат салыспақ. Бейімбет Майлин айтпақшы:
Оқыса білім бұлағы,
Оқыса елдің ұланы,—
Тірілтіп, елге жан бітіп,
Елі үшін жұмақ қылады.
Жұртына жаны ашитын азаматтар саны арта берсін! Саналы ұрпақ, сапалы білім игерген жастар қатары көп болсын!

Оразғали Бекзат Омарұлы
Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, «Жаңалық орта мектебі» МДШО КМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *