ПАРОНИМ
Паронимдер (грек. para – жаны, тұсы, onima – ат, есім, атау) – айтылуы мен мағынасы жағынан жақын, туыс, бірдей грамматикалық мәнге ие сөздер. Мысалы, рәсім – ресім, бастық – басшы, жарғы – жарлық. Паронимдердің нақты мағынасы контексте ашылады. Кей жағдайда паронимдер синонимдік қатарды құраса, кей паронимдердің ешбір мағыналық байланысы болмай, айтылуда ғана бір-біріне өте жақын, тіпті бірдей айтылады. Тіл білімінде паронимдер омофондар мен омографтар, омофоралар сияқты омонимдердің айрықша түрлеріне де жатқызылып жүр. Тілдегі паронимдер мен парономазия экспрес сивтік стилистикалық қызметті жүзеге асыруда белсенді түрде жұмсалады. Паронимдердің жасалу тәсіліне қарай мынадай топтарды көрсетуге болады: жұрнақтар арқылы ажыратылатын паронимдер: жамандық – жаманшылық, адамдық – адамшылық т.б.; түбіріне қарай ажыратылатын паронимдер. Паронимдердің бұл түрі түбірлес және әртүбірлі болып екіге бөлінеді. Түбірлес паронимдер: егін – егіс, еліктегіш — еліктеуіш т.б. Әртүбірлі, сырттай дыбыстық жағынан ғана ұқсастықтары бар сөздер: эскалатор – экскаватор, т.б.; Паронимдердің семантикалық ерекшелігіне қарай екі тобы анықталады:
1) өзара мағыналық реңкі бойынша ажыратылатын паронимдер
(дүниелік – дүниауи, қазақшыл – қазақы, т.б.);
2) мағынасы бойынша ажыратылатын паронимдер (қазақша – қазақы). Мағынасы бойынша ерекшеленетін паронимдер өте аз кездеседі. Паронимдер функционалдық-стилистикалық сипатына қарай ерекшеліктері бар топ құрайды. Мысалы, тірлік ету – ауызекі сөйлеу стиліне тән сөз қолданысы болса, тіршілік ету – ғылыми тілге жақын қолданыс. Паронимдерден кейде каламбур жасалып, сықақ, әзіл ретінде қолданылады. Паронимия арқылы берілген экспрессивтілік пен автордың бағалау қарым-қатынасы энантиосемиялық номинация ның белгілері болып табылады. Ол сөздің потенциалды мүмкіншіліктерін анықтап, тілдің екі бастауының логикалық және эмоционалдық-органикалық бірлігін көрсетеді.
С.Б.Қоянбекова. Әдеби тілдік норма және стилис- тика мәселелерінің зерттелуінен. – Алматы, 2004.