ОРФОЭПИЯЛЫҚ НОРМА Тілдегі сөздердің, сөз тіркестерінің дұрыс айтылу ережелері орфоэпия (грек. ‘orthos’ – дұрыс, epos – сөз, сөйлеу) деп аталады. Тіл мәдениеті мен әдеби тілдегі аса маңызды салалардың бірі – орфоэпия. Орфоэпия нормаларына жазудың тигізетін ықпалы айрықша. Р.Сыздық «бір жағынан, орфоэпия ережелерінің нормалану процесінің әлсіздігінен, екінші жағынан, жазу дәстүріміздің күшті дамуы салдарынан сөздер қалай жазылса, солай оқу (айту, дыбыстау) салты етек алып бара жатқанын, сөз басындағы о, е дыбыстарын айтуда орыс тілінің әсері байқалатындығын» дабыл қағып ескерткен болатын. М.Балақаев, М.Серғалиев: «Сөз ауыздан шығып, құлаққа естіледі де, кісінің ойынан қоныс табады. Сөйлеу тілінің бұл қасиеті ауыздан шыққан сөздің дәл, анық айтылуын керек етеді. Анық айтылмаған сөз көмескі естіліп, көздеген жеріне жетпей жатады. Баяу дауыспен жайбарақат сөйлеп отырған кісінің әрбір сөзі үйреншікті дәстүр бойынша айтылуға тиіс. Сөздердің сондай жалпыға бірдей, қалыпты айтылу нормасын орфоэпия дейміз. Мұндай норма әдеби тілде сөйлейтін кісілердің сөзінде болады. Әдеби тілде сөйлемейтін қарапайым кісілердің сөздерді айтуда өзіндік өзгешіліктері бола береді», — дей келіп, сөздерді әдеби тілдегі жалпыға бірдей ортақ нормада айтып сөйлеуді сөйлеушінің тіл мәдениетінің жоғарылығын танытатын көрсеткіш ретінде бағалайды. Орфоэпиялық нормалар сөздің сөйлеу барысындағы дұрыс айтылуын қадағалайды. Орфоэпиялық норма бойынша сөзді ауызекі сөйлесу барысындағыдай асығыс айту, соңғы буындарды жұтып қою қате болып есептеледі. Сөйлеуде әдеби нормаларды сақтаған жөн. Сонымен қатар екпін мен дауыс ырғағының алатын орны ерекше.