ОНТОЛОГИЯЛЫҚ НОРМА
Онтология (жаңа лат. оntologia — таным+ілім; көне грек. ὄντος — болмыс + λόγος — ғылым, білім) – болмыс туралы ілімдердің жиынтығы. Онтология термині философия, әдебиеттану, мәдениеттану, этнопсихология ғылымдарында қолданылады. Философия ғылымында онто ло гия әлемдегі заттардың фундаменталды мәнінің табиғатын айқындаумен айналысып, жалпылық негізін, болмыс принциптерін, оның құрылымы мен заңдылықтарын қарастырады. Болмыстың жалпы категориялары мен заңдылықтары туралы ілім ретінде онтология таным теориясы және логикамен тығыз байланыста болады. Ал тіл біліміндегі онтологиялық норманы ақиқат дүниенің тілдік бейнесі десек те болады. Онтологиялық норма болмысты жеке тұлғаның, әлеуметтік топ өкілдерінің, тіпті тұтастай бір халықтың қабылдауының тілдік көрінісі. Адамдардың мінез-құлқы әрқашан нормалар арқылы реттеліп отырды. Мұндай нормалар қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырды. Әлемдік әдебиетте онтологиялық нормалар жақсылық пен жамандық, сұлу лық, ақиқат пен шындық сияқты танымдарды беру барысында жиі қолданылады. Онтологиялық нормалар халықтың мақал-мәтелдерінде, шешендік сөздерінде, аңыз әңгімелерінде кең көрініс тапқан. Білім – теңіз, әке – асқар тау, жер – ана деген онтологиялық норманы атадан балаға беріліп келеді. Көркем әдебиетте онтологиялық нормалар көбіне метафора (грек. metaphora – ауыстыру) арқылы көрініс алады. Мысалы, тілімізде тұрақты метафора түрінде қолданылатын билік тізгіні, ғасыр адамы, жер кіндігі деген тіркестер халқымыздың онтологиялық танымынан хабар береді. Адамға байланысты қолданылатын «иттің күшігі» және «бөрінің бөлтірігі» деген метафоралық тіркестердің беретін эмоционалды-экспрессивті реңкі әртүрлі. Халқымыздың онтологиялық нормасына сәйкес иттің күшігі тіркесі жағымсыз сипат берсе, бөрінің бөлтірігі метафоралық тіркесі өжеттік, қайсарлық, бірбеткейлік қасиеттерді байқатады.