ОККАЗИОНАЛ СӨЗДЕР
Окказионал сөздер (лат. occasionalis – кездейсоқ) — автордың белгілі бір жағдайға байланысты сөз тудыру қажеттілігі арқылы өмірге келген жеке авторлық сөздері мен тіркестері. Көркем әдебиет тілінде окказионализмдердің қолданылуы — әдеби тілдің нормасын өрескел бұзу емес, белгілі бір әдеби-эстетикалық, идеялық мақсатты көздеуден туған құбылыс. Окказионал сөздер — жаңа құбылыстар мен заттарды атап, қайталамаларды жойып, сөз мағынасына жаңа бояу қосып, тілдің беріп отырған бейнелеуіш құралдарының құрамын кеңейтіп, жазушының шеберлігін, тілге деген жауапкершілігін көрсетуге мүмкіндік беретін тілдік бірліктер. Мысалы, Ә.Кекілбай «кәрі жүрек» тіркесін пайдалану арқылы жасы үлкен адам туралы ойын білдірген. Сонымен қатар дәл осы автор «момын жауын» де ген тіркес арқылы ойын әсерлі жеткізген. Окказионализмдерді жасауда экстралингвистикалық себептердің де қалыс қалмайтынын естен шығармауымыз қажет. Себебі дүниені, әлемді ұлттық негізде танудың ең басты себепшісі – экстралингвистикалық фактор. Алайда, біздің ойымызша, бұл автордың саналы түрде сол тілде сөйлеуші үшін кездейсоқ тұлғамен ерекше бірлік жасауға бағытталған шығармашылық әрекеттің қажеттілігінен шығады.