НЕОЛОГИЗМ
Неологизмдер — қоғамның дамуына байланысты туындаған жаңа сөздер. Ғылымның, техниканың, жалпы заманның жаңаруымен тіл де өзгеріске ұшырайды. Бүгінгі неологизмдер ертең актив сөздер не көне сөздер қатарында болуы мүмкін. Неологизмдердің жалпытілдік және жеке-авторлық деген түрі болады. Жалпытілдік жаңа сөздерге қарым-қатынас барысында жиі қолданылуына байланысты тілімізге сіңіп кеткен сөздер жатады. Мұндай сөздердің бірқатары қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес өзгеріске түсіп қолданылса, кейбір интернационал сөздер сол күйінде айтылып жүр. Мысалы: компьютер, телефон, банк, крем, такси, вокзал, депутат. Бұл сөздердің бірқатары жаңа сөз статусынан уақыт талабына сәйкес айырылып, тілдік қарым-қатынаста мейлінше жиі қолданылып жүр. Ш.Құрманбайұлының «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер» атты еңбегінде сөздердің бірігуі арқылы жасалған жаңа сөздер саралап көрсетілген. Мысалы: елбасы, дінбасы, қалабасы, пәтерақы, сыйақы және т.б. Ал микродеңгей, телекөрермен, инфрақұрылым, фотокөшірме және т.б. сөздерді будан атаулар деп көрсеткен. Сонымен қатар калькалау тәсілімен жасалған атаулар бар. Олар: сенім телефоны, қауіпсіздік белдігі, елтаным және т.б. Авторлық неологизмдер қазіргі тіл білімінде окказионал сөздер деп аталып жүр. Қараңыз: окказионал сөздер.