МОРФОЛОГИЯЛЫҚ НОРМА
Морфологиялық норма – әрбір сөз таптарына жататын сөздердің өзгеруін, яғни формаларының дұрыс жұмсалуын реттейтін нор ма. Морфологиялық норма сөздердің түрленуі мен сөз тудыру мәселелерін қадағалайды. Аталған норма сақталмаса, сөйлеу үдерісінде қателіктер болады. Қазіргі кезде тілі шала адамдардың тілінде «звондады», «подписать етті», «Алмашка», «жеңгешка» сынды қосымшаларды орыс сөзіне қосып пайдалану жиі кездеседі. Сол арқылы сауатсыздығын танытып жатады. Әдеби тіл дамыған сайын оның грамматикалық құрылысында біркелкілік, бірізділік үстем бола береді де, оның сымбаттылық қасиеті арта түседі. Қазақ тілінің грамматикалық амал-тәсілдері, тұлғалары, құралу тәртібі белгілі қалыпқа түсіп, сөз таптарының, сөз тұлғаларының, сөйлем құрылысының алуан түрлі бөлшектері қиюын тауып қалыптасып кетті. Морфологиялық нормалар грамматикалық ережелер негізінде, әдеби тілдің қалыптасу барысында жасалады. Сөйлемдегі морфологиялық қателер сөздерге қосымшаларды дұрыс жалғай білмеуден, олардың стильдік реңін дұрыс түсінбеуден жіберіледі. Морфологиялық норма дан ауытқушылықтың адамдардың ауызекі сөздері мен жазба жұмыстарында жиі кездесетін түрі қосымшалардың сөз тудыру, жалғану аясын білмегендігінен болады. Мәселен, Егістіктерде малдар жайылып жүр; Биылғы көктемде жауындар көп болды деген сөйлемде мал, жауын сияқты көптік мәні бар сөздерге көптік жалғауларды жалғау арқылы морфологиялық нормадан ауытқушылыққа жол беріліп тұр. Морфологиялық нормадан ауытқушылыққа бір мағыналы жалғауды сөйлемде бірнеше рет қолдану да жатады. Мысалы, Күзде орманның ағаштарының жапырақтарының түсі сарғаяды деген сөйлемде мен шік тік мағыналы жалғаудың еселеніп қолданылуы сөйлемнің көр кем дігіне нұқсан келтіріп тұр.