КӨЗ ЖАСЫ
О, сезімнің шым еткен нұр-шуағы
балқытады,
жуам десе – жуады…
Шыдай тұршы, шыбыным сәл, көз жасы
құлап кетсе күл-талқаны шығады.
Туған көз жас қасірет боп іш тіреп,
жүрегіңде у боп қайнап, пісті көп.
Xрустальдің сыңғырындай мөлдір жас
жарылса егер – «нейтроннан» күштірек.
Сақтаныңдар!
Сағат туса ерге сын,
адам ісін, аллам, өзің тергеші!
Мынау алғыр әйелдердің ғасыры
тек көз жастан қару жасай көрмесін!
Бірақ маған мынау жанар тұр ұнап –
(ұнағаны – құл болар ем бүгін-ақ).
Ал қарындас аңқаусиды,
кірпікке
ең қуатты бомбаларды іліп ап.
Жылау керек,
(керек әрі боздамау),
керегірек кірпігіңді қозғамау.
Ажалға да ажар берер күлкі бар,
көз жасы да жарасатын көз бар-ау.
О, сезімнің шым еткен нұр-шуағы
жуам десе – кегіңді де жуады…
кірпік қақпай шыдай тұршы,
көз жасы
тамып кетсе күл-талқаны шығады.
Кірпік қанша қағылмайды?!
Бір түнгі ой
емес-ау бұл,
сақтық айтсам – құлқым ғой…
Сақтан!
Бір күн
мына дүние кірпігін
қағып-қағып жіберуі мүмкін ғой…
Ж. Нәжімеденов