ИЗОТОПТЫҚ ЭФФЕКТ – асқынөткізгіш металдың кризистік температурасының (Тк) оның изотоптық құрамына тәуелділігі; заттардың орташа атомдық массасы (М) азайған кезде Тк температурасы артады. Бірқатар металдар үшін Тк· М1/2 = const қатынасы орындалады.
Изотоптық эффект алғаш рет 1950 жылы байқалған; Сынаптың 198Нg изотопы үшін Тк = 4,156 К, ал орташа атомдық массасы 200,6 болатын табиғи таза сынаптың изотоптық құрамында Тк = 4,177 К. Зерттеулер бір мезгілде Тк температурасымен бірге кризистік магниттік өріс Нкө-нің де өзгеретінін айғақтаған (Т→0 К ұмтылған кезде), бірақ та Нкө/Тк қатынасы берілген асқынөткізгіштік металл изотопы үшін тұрақты болып қалады. Изотоптық эффект асқынөткізгіштің торларын құрайтын бөлшектердің массаларымен байланыстылығын және электрондардың фонондармен (торлардың тербелістерімен) өзараәсерлесуіне байланысты болатынының дәлелі болады.