
ИЗОМЕРИЯ (грекше «изос – тең, бірдей» және «мерос – үлес, бөлік»), а т о м я д р о л а р ы н ы ң – кейбір атом ядроларында салыстырмалы түрде ұзақ «өмір сүретін» метатұрақты күйлердің болуы. Кейбір атом ядроларының «өмір сүру» уақыты әрқилы бірнеше изомерлік күйлері болады. «Атом ядроларының изомериясы» деген ұғымды физика ғылымына 1921 жылы неміс физигі әрі радиохимигі Отто Ган (1879 – 1968) енгізген. 1935 жылы кеңес физигі Игорь Курчатов (1903–1960) бастаған топ бром-80-нің (80Br) ядросының изомерлік күйін ашқан. «Өмір сүру» уақыты Т ½) 10–6 секундтан мыңдаған жылға созылатын, ұзақ «өмір сүретін» Нептуний-236 (236 Np) (Т½-5500 жыл) изомері бар.
Кейбір радиоактивті атомдардың ядролары бірдей протондар мен нейтрондардан құралғанымен, ядро шегінде олар әрқилы орналасатын болады. Осы ерекшеліктің нәтижесінде ядролар әр түрлі дәрежеде қоздырылған күйде, ал одан кейінгі келесі ыдырау кезінде әрқилы радиоактивтілікке ие болады, яғни әртүрлі жартылай ыдырау периодымен бір-бірінен ажыратылады. Мысалы, сурьма-124-тің жасанды радиоактивті изотопының жартылай ыдырау периоды 1,3 минут, 21 минут және 53,7 тәулікке тең изомерлік қоздырылған күйлері болады.
Изомерлердің ыдырауы конверсиялық электрондар (электрондар шығару) немесе γ-кванттар шығарумен қабаттас өтеді; нәтижесінде сол ядроның өзі пайда болады, бірақ күйі, энергиясы аз болады. Кейде бета-ыдыраудың болуы да ықтимал. Ауыр элементтердің изомерлерінің өздігінен ыдырауы мүмкін. Атом ядросының изомериясы ядроның құрылымына байланысты болады. Изомериялық күй ядроның аз энергиялы күйінен γ-квант шығару арқылы ауысуы қиын болған жағдайда пайда болады. Бұл жайт осы күйлердегі ядролар спиндері мәндерінің үлкен айырмашылықтарына байланысты болады. Егер осы кезде екі күй энергиясындағы айырмашылық үлкен болмаса, онда γ-кванттың шығу ықтималдығы аз және қозған күйдің жартылай ыдырау периоды салдар ретінде үлкен болады. Изомерлер масса санының (А) белгілі бір аймақтарындағы мәндерінде (и з о м е р л е р а р а л д а р ы н д а) жиі кездеседі.
Атом ядроларының изометриясы – кейбір атом ядроларының негізгі күйлерімен қатар ұзақмерзімді қозған (метаорнықты) күйлерінің болу құбылысы. Қозбаған күйге ауысуы γ-сәулелер немесе ішкі конверсия есебінен жүзеге асады.
Ядролық изомерияны 1921 жылы неміс физигі Отто Ган (1879 – 1968) ашқан.
Молекулалар изомериясы – молекулалық массасы және құрамы бірдей, бірақ құрылысы немесе атомдардың кеңістіктегі орналасуларына орай қасиеттерінде айырмашылығы болатын молекулалардың болуы. Осы молекулалар и з о м е р л е р деп аталған. Молекулалар изомериясын 1823 жылы неміс химигі Юстус Либих (1803 – 1873) ашқан. «Изомерия» ғылыми атауын 1830 жылы швед химигі Йенс Берцелиус (1779 – 1848) ұсынған.
Оптикалық изомерия – кейбір заттардың жарықтың полярлану жазықтығын қарама-қарсы айналдыру қасиеті.
ИЗОМЕРЛЕР (грекше «изос» + «мерос») – құрамы және молекулалық массасы бойынша бірдей, бірақ құрылысы немесе кеңістікте атомдарының орналасуна орай қасиеттері бойынша айырмашылығы болатын химиялық қосылыс.