
ЗОНА (грекше – белдеу), аймақ – кез келген шекара арасындағы жолақ, кеңістік; кез келген белгілер (шарттар) бойынша сипатталатын немесе ажыратылатын аймақ (немесе оның бір бөлігі).
Активті зона, активті аймақ – ядролық реактордың ядролық отын орналасқан, ядроның бөлінуінің тізбекті реакциясы өтетін және энергия бөлінетін аймағы.
Акустикалық көлеңкелік зона – шалғай ара қашықтықтан дыбыс қайтадан естілгеніне қарамастан, алыстағы қуатты дыбыс көздерінен келетін дыбыстың естілмейтін аймағы.
Алыс толқындық зона – Фраунгофер дифракциясы байқалатын толқындық өрістің аймағы.
Валенттік зона – абсолют нөл температура кезінде валенттік электрондармен түгелдей толтырылған кристалдағы электрондар энергиясының мүмкін болатын мәндерінің аймағы.
Жақын толқындық зона – Френель дифракциясы байқалатын толқындық өрістің аймағы.
Өткізгіштік зона – энергия деңгейлері электрондармен толық толтырылмаған валенттік зона.
Рұқсат етілген зона – идеал кристалдағы электрондар ие бола алатын энергиялар аймағы.
Толқындық зона – толқын таратушы жүйеден арақашықтығы осы жүйенің өлшемдерінен және оның тарататын толқындарының ұзындығынан едәуір қашықтықтағы кеңістіктің аймағы.
Тыйым салынған зона – идеал кристалда электрондардың бола алмайтын энергиялық аймағы.
Ұдайы өндіріс зонасы – бөлінетін ядроларды ұдайы өндірілу жүзеге асырылатын көбейткіш-реактордың аймағы.
Үнсіз зона – акустикалық көлеңкелік зона кейде осылай аталады.
Энергетикалық зона – рұқсат етілген немесе тыйым салынған бір зона.
Френель зоналары – шекараларынан берілген нүктеге дейінгі оптикалық жүрісінің айырымы толқын көзі тарататын толқын ұзындығының жартысына тең болатын толқындық шеп бетінің учаскелері.