ЗАҢ

ЗАҢ – ақиқат құбылыстардың байланысы мен өзара тәуелділігі; құбылыстар арасындағы қажетті әрі тұрақты қатынас.

Авогадро заңы – идеал газдардың көлемдері, қысымдары мен температуралары бірдей болған кезде, олардың молекулаларының да саны бірдей болатыны тұжырымдалған заң. Бұл заңды 1811 жылы итальян физигі әрі химигі Амедео Авогадро (1776 – 1856) ашқан.

Амага заңы – идеал газдар қоспаларының көлемі олардың үлестік (парциалдық) көлемдерінің қосындысына тең болатыны тұжырымдалған заң. Бұл заңды француз физигі Эмиль Амага (1841 – 1915) ашқан.

Ампер заңы – 1. Қысқа өткізгіш кесінділерінің бойымен өтетін екі электр тогының механикалық өзараәсерлесу заңы. 2. Қысқа өткізгіш кесінділерінің бойымен өтетін электр тогына магнит өрісі тарапынан әсер ететін күшті анықтауға арналған формула. Бұл заңды 1820 жылы француз физигі Андре Ампер (1775 – 1836) ашқан.

Архимед заңы – гидростатика мен аэростатиканың ауырлық күш өрісінде сұйыққа немесе газға батырылған денеге осылардың тарапынан әсер ететін күшті анықтайтын заң. Бұл заңды біздің заманымыздан бұрынғы (б.з.б.) ІІІ ғасырда ғұмыр кешкен ежелгі грек ғалымы Архимед (б.з.б. 287 – 212) ашқан.

Био – Савар – Лаплас заңы – ток бөлігінің кеңістіктің кейбір нүктелерінде тудыратын магнит өрісінің индукциясын анықтайтын заң. Бұл заңды 1820 жылы француз физиктері Жан Био (1774 – 1862) мен Феликс Савар (1791 – 1841) бірлесіп ашқан. Кейіннен француз астрономы, физик әрі математигі Пьер Лаплас (1749 – 1827) осы Био – Савар заңын жалпылама түрде тұжырымдаған.

Бойль – Мариотт заңы – идеал газдардан берілген масса үшін температура тұрақты болатын кезде газ қысымының оның алып тұрған көлеміне көбейтіндісі тұрақты болатынын айғақтайтын заң. Бұл заңды 1662 жылы ағылшын химигі, физигі әрі философы Роберт Бойль (1627 – 1691), 1676 жылы француз физигі Эдм Мариотт (1620 – 1684) ашқан.

Бүкіләлемдік тартылыс заңы – бір материалдық нүктенің өзге материалдық нүктені өзіне тартатын өзараәсерлесуші күшін анықтайтын заң. Бұл заңды ағылшын физигі Исаак Ньютон (1643 – 1727) ашқан.

Виннің ығысу заңы – абсолют қара дененің тепе-теңдік сәуле шығару спектріндегі энергияның максимумы сәйкес болатын толқын ұзындығын анықтайтын заң. Бұл заңды 1893 жылы неміс физигі Вальгельм Вин (1864 – 1928) ашқан.

Гей – Люссак заңы – идеал газдардың тұрақты қысымы кезінде берілген масса көлемі газдың абсолюттік температурасына пропорционал болатынын тұжырымдалған заң. Бұл заңды 1802 жылы француз физигі әрі химигі Жозеф Луи Гей-Люссак (1778 – 1850) ашқан.

Гук заңы – қатты дененің серпімді деформациясы кезінде механикалық кернеудің салыстырмалы деформацияға пропорционал болатындығын тұжырымдаған заң.

Бұл заңды 1660 жылы ағылшын физигі Роберт Гук (1635 – 1703) ашқан.

Дальтон заңы – идеал газдар қоспасының қысымы олардың үлестік (парциалды) қысымдарының қосындысына тең болатыны тұжырымдалған заң. Бұл заңды 1803 жылы ағылшын химигі әрі физигі Джон Дальтон (1766 – 1844) ашқан.

Джоуль – Ленц заңы – өткізгіштегі тұрақты токтың бөліп шығаратын жылу мөлшерін анықтайтын заң. Бұл заңды 1841 жылы ағылшын физигі Джеймс Джоуль (1818 – 1889), 1842 жылы (Джоульге қатыссыз) орыс физигі Эмилий Ленц (1804 – 1865) ашқан.

Дюлонг пен Пти заңы – көлемі тұрақты және температурасы 300 К-ге (Кельвинге) жуық болған кездегі, қарапайым химиялық заттардың молекулалық жылу сыйымдылығының 3 есе көбейтілген әмбебап газ тұрақтысына тең болатындығы тұжырымдалған эмпирикалық ереже. Бұл заңды 1819 жылы француз физиктері: Пьер Дюлонг (1785 – 1838) пен Алексис Пти (1791 – 1820) тұжырымдаған.

Импульс моментінің сақталу заңы – механиканың егер жүйеге түсірілген күштердің басты моменті қозғалмайтын нүктеге қатысты нөлге тепе-тең болса, онда механикалық жүйе импульсінің моменті осы нүктеге қатысты өзгермей сақталатыны тұжырымдалған заң.

Импульстің сақталу заңы – уақыттың өтуіне байланысты тұйық жүйенің импульсінің өзгермейтіндігін тұжырымдаған механиканың заңы.

Кулон заңы – 1. Вакуумдағы екі нүктелік электр зарядтарының арасындағы өзараәсерлесу күшін анықтайтын заң. 2. Жіңішке магниттелген шабақтардың магнит өрістері арасындағы өзараәсерлесу күшін анықтайтын заң. 3. Сырғанау үйкелісінің күші нормал қысымға пропорционал болады делінетін заң. 4. Теңселу үйкелісінің күшін нормал қысым күші мен цилиндрдің немесе шардың жазық беті бойынша сырғанайтын радиусымен байланыстыратын заң. Бұл заңды 1785 жылы француз физигі Шарль Кулон (1736–1806) тәжірбие жүзінде анықтаған. 1788 жылы нүктелік магнит өрісіне жалпылаған.

Массалар мен энергиялардың өзарабайланыс заңы – релятивтік динамика- ның дененің толық энергиясы дене массасының жарық жылдамдығының екінші дәрежесінің көбейтіндісіне тең болатындығын тұжырымдаған заңы.

Механикалық энергияның сақталу заңы – механиканың уақыттың өтуіне байланысты тек консервативтік күштер әсер ететін тұйық жүйенің кинетикалық және потенциалдық энергияларының қосындысының өзгермейтіндігі тұжы- рымдалған заң.

Нүкте қозғалысының заңы – нүкте координаттарының уақытқа тәуелділік заңы.

Ньютонның бірінші заңы – өзгедей денелер тарапынан материалдық нүктені тыныштық немесе бірқалыпты түзусызықты қозғалыс күйінен шығаратын күш әсер еткен кезеңге дейінгі әлгі нүктенің бастапқы күйінің сақталатындығын тұжырымдайтын механиканың заңы.

Ньютонның екінші заңы – механиканың материалдық нүктенің уақыт бойынша импульстен алынған бірінші туындысы нүктеге әсер ететін бүкіл күштердің қосындысына тең болатыны тұжырымдалған заң. Осы заң «егер денеге сыртқы күш әсер ететін болса, онда дене массасының үдеуге көбейтіндісі күшке тура пропорционал және үдеудің бағыты күштің бағытымен үйлесетін болады» деп те тұжырымдалады.

Ньютонның үшінші заңы – механиканың материалдық екі нүктенің бір-біріне әсер ететін күштері сан жүзінде тең және бір түзудің бойында қарама-қарсы бағытталған болады делінетін заңы.

Осы үш заңды 1687 жылы ағылшын физигі, механигі Исаак Ньютон (1643 – 1727) ашқан.

Ом заңы – өткізгіштің белгіленген екі нүктесі арасындағы электр тогының күші мен кернеуінің өзара байланысын анықтайтын заң. Бұл заңды 1826 жылы неміс физигі Георг Ом (1787 – 1854) ашқан.

Паскаль заңы – гидростатиканың сыртқы күштердің сұйыққа түсірілетін қысымы оның жан-жағына барлық бағыттарда бірдей таралады делінетін заңы. Бұл заңды 1653 жылы француз математигі әрі физигі Блез Паскаль (1623 – 1662) ашқан.

Сәуле шығару заңы – абсолют қара дененің тепе-теңдік сәуле шығару спектріндегі энергияның таралуын тұжырымдаған заң.

Сыну заңы – жарық сәулелерінің қасиеттері әртүрлі мөлдір екі ортаның арасындағы айқын шекара арқылы өту кезіндегі бағыттарының өзгеруін анықтайтын заң.

Тең үлестірілу заңы – термодинамикалық тепе-теңдік күй кезінде жүйенің әрбір еркіндік дәрежесіне орташа есеппен бір ғана кинетикалық энергия тән болатыны туралы заң.

Толық ток заңы – тұрақты электр тогы магнит өрісінің кернеулік векторының тұйық контуры бойынша айналысы (циркуляциясы) осы контур қамтитын токтардың алгебралық қосындысына пропорционал болатыны тұжырымдалған заң.

Фарадейдің электрмагниттік индукция заңы – электрлік контурдағы электрмагниттік индукцияның электрқозғаушы күшінің мәнін және таңбасын анықтайтын заң. Бұл заңды 1831 жылы ағылшын физигі Майкл Фарадей (1791 – 1867) ашқан.

Физикалық заң – физикалық тәжірибелер нәтижесінде анықталған немесе тәжірибелік мәліметтерді теориялық жалпылау тәсілі бойынша бір шамалардың өзге шамаларға мөлшерлік немесе сапалық объективті тәуелділігі тұжырымдалған заң.

Фурье заңы – бірқалыпты болмай қызған орталардағы жылудың таралуын анықтайтын заң. Бұл заңды 1822 жылы француз математигі әрі физигі Жан Фурье (1768 – 1830) ашқан.

Шағылу заңы – жарық сәулесінің (толқындардың) қасиеттері әртүрлі орталарды ажырататын тегіс (айналық) беттен шағылуынан соңғы оның бағытын анықтайтын заң.

Шарль заңы – идеал газдың берілген массасының қысымы тұрақты көлемдегі газдың абсолюттік температурасына тура пропорционал болатындығы тұжырымдалған заң. Бұл заңды 1787 жылы француз физигі Жак Шарль (1746 – 1823) ашқан.

Электр зарядының сақталу заңы – оқшауланған жүйедегі электр зарядта- рының алгебралық қосындысының тұрақты сақталатыны тұжырымдалған заң.

Энергияның сақталу және түрлену заңы – оқшауланған жүйеде өтетін кез келген үрдістер кезінде оның толық (барлық) энергиясының өзгермейтіндігі тұжырымдалған заң.

Динамикалық заңдар – себеп және салдар арасындағы өзарақатынас кезіндегі қажетті себептілік байланыстарды тұжырымдайтын заңдар.

Кеплер заңдары – материалдық нүктенің орталық күш өрісіндегі қозғалысының, дербес жағдайда ғаламшарлардың Күн төңірегіндегі қозғалыстарының заңдары (үш заң). Бұл заңдардың алғашқы екеуін 1609 жылы, үшіншісін 1619 жылы неміс ғалымы Иоганн Кеплер (1571–1630) тұжырымдаған.

Статистикалық заңдар – себеп пен салдар арасындағы өзарақатынас оның жүзеге асырылу ықтималдығымен сипатталатын кездегі қажетті себептілік байланысты тұжырымдайтын заң.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *