
ЕРКІНДІК ДӘРЕЖЕСІНІҢ САНЫ, механикада – механикалық жүйенің мүмкін орын ауыстырулары арасындағы тәуелсіз күйлерді анықтайтын параметр саны. Еркіндік дәрежесінің саны жүйені құрайтын материалдық нүктелер санына, сондай-ақ жүйеге әсер етуші механикалық байланыстарға тәуелді. Еркін материалдық нүкте үшін еркіндік дәрежесінің саны 3-ке тең, еркін қатты дене үшін – 6, қозғалмайтын айналу өсі болатын дене үшін 1-ге тең т.б. Кез келген голономды жүйе (геометриялық байланысты жүйе) үшін еркіндік дәреже саны жүйенің қалпын (орнын) анықтайтын өзара тәуелсіз координат санына (s-ке) тең және s=3n – k, (мұндағы n – жүйе нүктелерінің саны, k – геометриялық байла- ныстар саны) теңдігімен анықталады. Голономды емес жүйелер үшін еркіндік дәреже саны жүйені анықтайтын координаттар санынан геометриялық (интегралданбайтын) байланысқа келтірілмейтін кинематикалық байланыс санына кем болады. Механикалық жүйенің қозғалыс теңдеулерінің саны және тепе- теңдік шарттары еркіндік дәрежесінің санына тәуелді болады.