
ДЫБЫСТЫҚ ТОСҚАУЫЛ – ұшу аппараттарының ұшу жылдамдығының дыбыс жылдамдығына (ұшудың Мах санының кризистік мәнінен артатын) жуықтаған кезде аэродинамикалық кедергінің кенет артуы. Толқындық кедергінің артуымен қабаттаса өтетін толқындық кризистің салдарынан туады.
ДЬЮАР ЫДЫСЫ – төмен (немесе жоғары) температура кезінде ыдысқа құйылған сұйық заттарды (сұйытылған газды) жылудан оқшаулау үшін қолданылатын, арасында жоғары вакуум (1,3 мПа қысымнан артпайтын) жасалған қос қабат қабырғалы шар немесе цилиндр пішінді ыдыс. Бұл ыдысты 1892 жылы ағылшын физигі әрі химигі Джеймс Дьюар (1842–1923) ойлап тапқан. Зертханалық жұмысқа арналған шағын Дьюар ыдысы беріктігі жоғары әйнектен, ал өндірістік мақсаттарда пайдаланылатын Дьюар ыдысы металдан жасалады. Бұл ыдыстың қос қабырғасының арасында жоғары вакуум болғандықтан, іс жүзінде конвекциялық жылу алмасу толықтай жойылған. Қос қабат қабырғаның арасында сәулелік жылу алмасуды кеміту үшін вакуумдық кеңістік жағындағы беттері күмістің жұқа қабатымен күптелген (жалатылған) әрі жалтыратылған. Бұл ыдыс негізінен төменгі температурада қайнайтын сұйытылған газдарды сақтау әрі тасымалдауға арналған. Қоршаған ортаның температурасынан жоғары температурада сирек пайдаланылады. Тұрмыста пайдаланылатын әлгіндей ыдыстар т е р м о с т а р деп аталған.