ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ Тіл тазалығы – сөйлеушінің немесе жазушының әдеби тіл нормасын сақтаумен бірге ана тілінің мүмкіндігін дұрыс пайдалана білуі. Тіл тазалығы дегенде ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен орынсыз шұбарламауды, затты немесе белгілі бір құбылысты сипаттауда алдымен ана тіліміздің мүмкіндіктерін пайдалануды айтамыз. Басқа тілден енген сөзді тұтыну қажеттігі туындағанда оны тіліміздің ішкі заңдылықтарына сәйкестендіре қолдану да тіл тазалығын сақтаудың бір тәсілі болып табылады. Тіл тазалығын сақтау үшін жергілікті тіл ерекшеліктерін, кей көнерген сөздерді, бейәдеби сөздерді қолданудан қашқан дұрыс. А.Байтұрсынұлы ғасырдың басында: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады», — деп қатаң ескерткен болатын. Сөйлеуші ойын жұртшылыққа жеткізу барысында әдеби нормаларды ұстануы керек. Соңғы уақытта «хабарымыз аяқталды» деген сөздің орнына «хабарымыз тәмам» деген говорды қолдану, сөйлемнің грамматикалық тәртібін бұза сөйлеу басқа да нормадан ауытқулар жиі кездесіп жатады. Жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді жаңа сөздермен алмастыра қолдану әсіресе жастардың арасында жиі кездесіп жатады. Ана тіліндегі әдеби баламасы бола тұра, басқа тілдерден енген сөздерді ретсіз қолдану (варваризмдер), жергілікті мәні бар сөздерді (диалектілер мен говорлар) талғамсыз тұтыну, шағын топ өкілдеріне ғана тән сөз қолданыстарын (кәсіби сөздер, жаргондар, арго сөздер, сленгтер) пайдалану тілдің тазалығын бұзатын