СӨЗ ТАЛҒАУ

СӨЗ ТАЛҒАУ

Сөз талғау – сөйлеушінің тіл мәдениетінің деңгейін, әдеби нормаларды қолдана білу қасиетін аңғартатын көрсеткіштердің бірі. Сөйлеуші немесе жазушының сөйлеу барысындағы сөз талғауына қарап оның ана тілін қаншалықты дәрежеде меңгергенін байқауға болады. А.Байтұрсынұлы «Шығарма тілі екі түрлі болады. Оның бірі — ақын тілі деп, екіншісі — әшейін тіл деп аталады. Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтығын, тазалығын, дәлдігін талғаса, ақын тілі осыларға қоса көрнекі, әуезді болу жағын да талғайды, — деген болатын.  Ауызша немесе жазбаша сөйлеу барысында дұрыс сөз талғау үшін автор әдеби және бейәдеби нормаларды жақсы білуі тиіс. Сөз талғау барысында автор өзінің қолданысқа алғалы отырған сөзінің дұрыстығын, әдеби нормаға сай немесе сай емес екендігін ескеруі керек. Сөз талғауда сөздің тазалығына, білдіретін мағынасының анықтығы мен дәлдігіне мән берумен бірге, тілдің көрнекілігіне де баса назар аударғаны жөн. Автордың сөз талғау мәнерінен оның өзіндік стилі айқын аңғарылады. Қаламгердің стилі деген ұғымның негізінде нақты қаламгерге тән идея, тақырып, мінез, сюжет және тіл сияқты шығармашылық ерекшеліктердің ұқсастығы, біртектестігі мен бірлігі жатыр. Қаламгердің өзіндік стилін анықтау үшін оның қолданысында әлем, тұрмыстық және тарихи оқиғалар, абстрактылы шындық пен ақиқат, адамның адами-психологиялық әлемі  қалай көрініс тауып, қалай бағаланатынын зерделеген жөн. Сөз талғау мәселесі функционалды стиль ұғымымен де тікелей байланысты. Сөйлеуші немесе жазушы стильдің қай түрін таңдағанына сәйкес сөздерді талғайды. Мәселен, шығарма немесе эссе жазу міндеттелген болса, басқа стильдерге қарағанда әдеби стильді қолданған дұрыс. Ал ресми іс-қағаздар стилінде сын есімдер мен көріктеу құралдарын қолдану адресанттың тіл мәдениетінің жоғарылығын таныта алмайды. Керісінше, стильдің бұл түрінде сөздің дәлдігі мен анықтығына баса назар аударған жөн.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *