СӨЗ МӘНЕРЛІЛІГІ
Мәнерлілік сөздің эмоционалдық және экспрессивтік қасиеттеріне, екінші сөзбен айтқанда, сөздің стилистикалық бояуына тікелей байланысты. Сөздің мәнерлілігі дегеніміз — сөйлеушінің немесе жазушының тыңдарманын немесе оқырманын қызықтыра білуі, сөзін ұғындыра алу қабілеті (М.Балақаев, М.Серғалиев). Мұндай жағымды қасиет көпшілік алдында лекция оқитын оқушылардың, баяндамашылардың, жазушының, қоғам қайраткерлерінің сөздерінде, баспасөз беттеріндегі материалдарда міндетті түрде болуы керек. Классиктер мен көрнекті жазушылардың шығармаларын оқығанда эстетикалық ләззат алуымыздың бір себебі сөз мәнерлігін авторлардың қисынды пайдалануында жатыр. Сөздің мәнерлігінің бірнеше шарты бар. Олар:
1) ойлаудың дербестігі, сөздің мәнерлігі кімге бағытталып, арналып тұрғанына назар аудару;
2) тілдегі функционалдық стильдерді бір-бірінен ажырата білу;
3) тілдік дағдыларды қолдануда өзін-өзі жаттықтыру;
4) мәнерлілікті сақтау үшін психологиялық қажетті жағдайларды жасау.
Осы шарттар орындалғанда ойды барынша шешен жеткізудің мүмкіндігі туады. Сөздің мәнерлі болуы көп жағдайда ойлауға және сол ойлаудың өзіндік ерекшелігіне байланысты. Сөйлеуші алдын ала не жайында сөйлемек екенін және кімдерге арнап сөйлейтінін мұқият ойластыруы қажет және мәтін де соған лайықты құрастырылады. Сол сияқты дайын мәтінді оқып шығу немесе алдын ала жаттап алған мәтінді қайталап берумен тілдің мәнерлігіне қол жеткізу қиын. Тілдегі мәнерлікті сақтау үшін функционалдық стильдердің ерекшеліктерін есте ұстау өте қажет, өйткені әр стильде мәнерлілікті тудырудың тәсілдері әртүрлі. Сөзінің мәнерлі болуын мақсат еткен әр адам көркем, саяси әдебиетті, баспасөз материалдарын үзбей оқып, радио және телехабарларды үздіксіз тыңдап отырмағы ләзім. Мәнерлікті сақтау үшін автордың психологиялық жай-күйі қалыпты — салмақты немесе біршама көтеріңкі болғаны жөн. Сөздің тартымды шығуы үшін психологиялық жай-күйдің атқарар қызметі аз емес. Мәнерліктің соңғы шарты бойынша сөйлеушінің немесе жазушының өз мүмкіндігі ескерілуі керек, яғни көп алдында сөйлейтін немесе көпшілікке арнап жазатын адамның өзінің мәнерлігін түсініп бағалайтын қасиеті болуы керек.
М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, М.Манасбаев.
Қазақ тілінің стилистикасы. Оқулық. – Алматы, 2005. М.Балақаев, М.Серғалиев. Қазақ тілінің мәдениеті.
Оқулық. – Алматы, 2006.