СӨЗ БАЙЛЫҒЫ

СӨЗ  БАЙЛЫҒЫ

Сөз байлығы дегеніміз — әркімнің өз ана тілінің бар мүмкіндіктерін еркін пайдалана білуі. Сөздің байлығы туралы сөз болғанда екі жайды ескеру қажет болады: біріншіден, қай-қайсымыздың да ана тіліміздің байлығын игеріп, пайдалана білуіміздің маңыздылығы; екіншіден, сол байлықты игере отырып, өз тарапыңнан ана тілінің баюына үлес қосудың қажеттілігі туралы мәселе. Тілдің байлығын жақсы игермей тұрып, оның даму барысына назар аудармай, тіл мәдениеті үшін күресу немесе тіл мәдениетін сақтау өте қиын. Адамның тіл арқылы қарым-қатынас жасау барысында сөз байлығы неғұрлым мол болса, ол соғұрлым ойын еркін, қиналмай және әсерлі жеткізе алады, тыңдарманын да, оқырманын да тарта біледі. Сөз байлығы – оралымды тілге қойылар талаптың бірі. Айтушының сөзі тыңдарман қауымға тартымды болуы үшін сөз байлығы жақсы, сөздік қоры мол болуы тиіс. Адамдар сөйлегенде бос қайталауларға бой алдырып, сөз жұтаңдығын танытады, тілдің коммуникациялық сапасын күрт төмендетіп жібереді. Әрбір айтылған сөздің салмақты болғаны жөн. Құр бос ауаға айтылған сөздің еш қадірі жоқ. Ол айтушының сөз байлығының төмендігін көрсетеді. Әдемі сөйлеуді, дұрыс сөйлеуді тіл мәдениетін үйрену арқылы жетілдіруге болады. Сөздік қорын молайту үшін кітапты көбірек оқу керек, аса көрнекті қаламгерлерден, тіл нақышы келісті сөз зергерлерінен үйрену керек. Сөздің аса мол кені көркем әдебиетте жинақталған. Мысалы, М.Әуезовтің 20 томдық шығармаларында сөздің саны 30 мыңнан астам. Қара сөздің қас шебері М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында 16983 сөз қолданған. Мұндай деректі өзге де әйгілі қаламгерле тілі жайындағы статистикалық деректермен салыстырсақ, цифр сыры ашыла түседі. А.С.Пушкин өз шығармаларында 21197, У. Шекспир 15000 сөз қолданған. «Абай жолы» эпопеясында 1 және 2 рет қолданылған сөз саны – 8698, Пушкин шығармаларында мұндай жиіліктегі сөздің саны – 9301, Мамин-Сибиряктың «Приваловтар миллионы» романында 11283 сөз қолданыс бар. 1,2 рет қолданылатын сөз саны – 7312. Әрбір тіл сөзге бай. Сөздердің санын математикалық тұрғыдан санап, санын дәл айту мүмкін емес. Қазір ғалымдар тілдің сөздік қорын жуықтап айтады. Тіл байлығын олардың құрамында сөз саны емес, олардың қолданысы анықтайды.

                                  Н.Уәли, Ө.Қыдырбаев. Қазақ тілі: Сөз мәдениеті.

                                    — Алматы, 2006.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *