МҰХИТ МЕРӘЛІҰЛЫ
ТУҒАНЫНА 180 ЖЫЛ (1841-1918)
Қазақтың атақты халық композиторы, күйші-домбырашы Мұхит (Шын аты Мұхамбеткерей) Мерәліұлы 1841 жылы Батыс Қазақтан облысы, Қаратөбе ауданы, «Саралжын» совхозының Ақбақай деген жерінде дүниеге келген.Болашақ әншінің әкесі Мерәлі дәулетті бай болыпты. Ол Жақсыбай өзенінің бойындағы шөбі шүйгін, әдемі көлді өзі иемденіп алғаннан кейін бір Ақбақай ат сойдырып, айналасында көршілес отырғандарға той жасайды. Сол күннен бастап бұл көл «Ақбақай көлі» атанады.
Мерәлінің балаларының бәрі өнерпаз болған, бірақ өнер жолына түскен тек Мұхит болады. Ол бала жасынан музыкаға, ою-өрнек салуға икемді болады, бір естіген әнін даусымен үйреніпті, домбыраға салып та үйренеді. Ауылға келген жыршы, әнші, домбырашы болса, Мұхит қастарынан қалмайды.
Жігіт жасына келгенде оның өнерге құштарлығы өсе түседі. Өз бетімен ел аралап, ән салып, өнерді іздеп кететін болады. Орынбор, Қостанай, Орск, Қаралы, Троицк, Ақтөбе, Атырау облыстарын аралап, әншінің даңқы шықты: «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанды.
Мұхит біраз орындаушылық тәжірибе жинақтағаннан кейін өз жанынан ән шығаруға да талпынады.
Оның алғашқы шығарған әндері арнау сияқты болып келеді, әр әннің өзіндік тарихы бар: «Айнамкөз», «Алуаш», «Зәуреш», «Ақ иіс», «Қилым», «Бала Ораз», «Үлкен Ораз», тағы басқа да әндері бар.
Мұхит тек орындаушы әнші болмаған. Оның бойына үш ерекшелік тән: бірінші — әннің сөзін өзі шығарушылық — ақындығы; екіншісі — сазын келтірушілік- композиторлық, үшіншісі — орындаушылығы. Оның үстіне ол жақсы домбырашы болған, өз жанынан күй де шығарған. 15 ұлт аспаптары оркестрі репертуарынан орын алған.
Мұхит Октябрь революциясына жасы ұлғайып қалғанда кездеседі. Соның өзінде де ол жарық күннің қазақ даласына жаңа ғана сәуле бере бастағанына қуанады. Бірақ 1918 жылы 15 наурыз айында Мұхит Мерәліұлы қайтыс болады.
Мұхиттың шәкірттері көп болды, оның әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары Шөң мен Нәу; немерелері Шайқы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді.
А.В.Затаевич «Қазақ халқының «1000 әні мен күйі» кітабында Мұхитты «Қазақтың Баяны», «Қазақстанның Батысында Мұхиттың творчествосын белгілі ән «школасы» деп қарау керек» деп жазды.
Мұхиттың әндерін, орындаушылық дәстүрін ілгері дамытып, халық арасына насихаттаушылар: Ғ. Құрманғалиев, Т.Ибрагимова, Н.Әбілова т.б. Мұхит әндері жеке жинақ болып басылып, оның шығармашылығы туралы зерттеулер де жазылды.
Әдебиеттер
Бимұханов Е. Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек, Мұхитқа шырқау үшін дала керек / Бимұханов // Орал өңірі. – 2016.- 22 қазан (№129).- 8 б.
Ержігітова Ш. Жыр-жүректің жылуы [Текст] / Ержігітова // Орал өңірі. – 2016.- 27 тамыз (№106).- 8 б.
Жолдығали Г. Сары дала сағынышы-сал Мұхит [Текст] / Жолдығали // Орал өңірі. – 2016.- 20 қазан (№128).- 1 б.
Исмагулова М. К.Әнші-сазгер ақындар шығармашылығы [Текст] / М. К. Исмагулова // Колледж: кәсіби білім беру. – 2018.- №2.-9-11 б.
Мағзомов А. Мұхит мұрасы ұлықталған күн / А. Мағзомов//Орал өңірі.- 2011.- 27 қыркүйек (№110).- 5 б.
Мүталапханқызы С. Мұхит асқан мұхит ән / С. Мүталапханқызы//Қазақстан әйелдері.- 2013.-№2.- 11-13 б.
Сағынов Т. «Зәуреш» әні қалай шықты? / Сағынов // Жайық үні. – 2016.- 28 шілде (№30).- 9 б.
Тұрмағамбетова Б. Мұхит әндері неге «көбейді?» немесе Ғарифолла Құрманғалиев жеткізген «күмәнді» мұра / Тұрмағамбетова // Мәдениет. – 2016.- қыркүйек (№9).- 49 б.
Сағынов Т. «Зәуреш» әні қалай шықты? / Сағынов // Жайық үні. – 2016.- 28 шілде (№30).- 9 б