ЖӘРДЕМ ТІЛЕКОВ

ЖӘРДЕМ ТІЛЕКОВ
ТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ (1911-1980)

Қазақ совет жазушысы Жәрдем Тілековтың Оралдың облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде өлеңдері жиі жарияланатын.Оның түрлі тақырыптағы «науқани» туындылары Қажым Жұмалиев пен Қасым Аманжоловтың, Абдолла Жұмағалиев пен Хамит Ерғалиевтің шығармаларымен жарыса жарияланып жүрді.
1936-1937 жылдары сол газеттің мәдениет бөлімін басқарған Жәрдем сол тұста өлеңді үдете жазады. Бұл жұмысқа 1932-1933 жылдары тағайындалып, сонан соң Қызыл Армия қатарына шақырылған Жәрдем 1933-1935 жылдары Оралда Приволжье әскери округінің 11 дивизиясының құрамындағы атты әскер полкінің кіші командирі міндетін атқарды. Армия қатарынан бұрынғы қызметіне қайта оралған бетінде ол творчестволық істерге қызу араласты да, өлең-жыр, терме-толғаулар жазып, жұртшылық көзіне түсіп үлгерді. Мұнан кейін Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан, Гурьев, Семей облыстарындағы өкілі болып қызмет атқарған кезде де Жәрдем Тілеков бұрынғысынша қалам құрғатпай, шығармашылық істермен үздіксіз шұғылданды.
Тілеков соғыс жылдарының өзінде жұмыстарын тоқтатпады.
Кеңес әскері қатарынан босап қайтқан Тілеков 1946 жылдан бастап творчестволық жұмысқа қайта оралады. Қазақстан Жазушылар одағының Семей облыстық бөлімшесінің хатшысы, «Жазушы» баспасының проза бөлімінің меңгерушісі, «Жазушы» журналы бас редакторының орынбасары міндетін атқарды.
Әдебиет майданындағы қадамын поэзиядан бастаған Тілеков «Каспий толқыны», «Сырым батыр», «Ақсұр ат» поэмаларын жазып, көлемді нәрселер тудырады. Осы кезде «Өмірбек» дастанының үзіндісін жасайды.
Елуінші жылдардың бас кезінен түгелдей прозаға ауысқан қарымды қаламгер бұл салада өнімді еңбек етіп, артына екі роман, алты — жеті повесть, көптеген очерк, әңгімелер қалдырды.
Ж.Тілековтың прозалық шығармалары түгелімен заман тілегінен туып, заман талабына жауап беру мақсатынан туған.
Ж. Тілеков қазақтың С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Т. Жароков, Х. Есенжанов, Х.Ерғалиев тәрізді көрнекті қалам қайраткерлерімен етене жақын, қанаттас болғанын мақтаныш тұтатын. Ол әскери- патриоттық тақырыпқа қалам тартқанда Б.Момышұлының, Т. Ахтановтың, Ә. Нұрпейісовтың творчестволық тәжірибелерін мұқият ескергенін айтады екен.
Абзал азамат, қарымды қаламгер Жәрдем Тілеков өзінің бойындағы қабілеті мен дарынын туған елге түгел арнап, әдебиет майданында айтулы қызмет атқарды.

Әдебиеттер

Тілеков Ж. Екі томдық шығармалар /Ж. Тілеков .-Алматы: Жазушы,1981.- 1 т.
Тілеков Ж. Екі томдық шығармалар /Ж. Тілеков.-Алматы:Жазушы,1981.- т.2:Повестер мен әңгіме.- 312 б.
Тілеков Ж. Сақа солдат /Ж. Тілеков .-Алматы: Жазушы,1975.- 119 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *