ДИАФРАГМА

ДИАФРАГМА (грекше – қалқа, шымылдық), оптикадағы – оптикалық жүйелердегі (телескоптарда, микроскоптарда, фотоаппараттарда, т.б.) жарық шоғының көлденең қимасын шектейтін мөлдір емес қалқа. Линзалардың, призмалардың, айналардың, т.б. оптикалық бөлшектердің жақтаулары, көздің қарашығы, жарықталған заттың шекаралары, спектрскоптағы – саңылаулар д и а ф р а г м а бола алады. Диафрагманың өлшемдері мен қалпы жарықталудың және кескіндердің сапасын, айқындық алыстығын (кескінделетін кеңістіктің алыстығын) және оптикалық жүйенің айырғыштық қасиетін, көз шалымын (көру өрісін) анықтайды.

Оптикалық жүйеге түсетін жарық шоғын күшті шектейтін диафрагма апертуралық (саңылаулық) немесе әрекеттік диафрагма деп аталған. Оптикалық жүйенің әсер ететін саңылауын кішірейту (диафрагмалау) кескіннің сапасын жақсартады, себебі бұл жағдайда сәуле шоғындағы шеткері сәулелер жойылады. Диафрагмалау айқындық шегін (алыстығын) арттырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *