ДИАМАГНЕТИЗМ (грекше «диа – алшақтау деген мағыналы қосымша» + магнетизм) – заттың өзіне әсер етуші сыртқы магнит өрісінің бағытына қарсы бағытта магниттелу қасиеті. Диамагнетизм бүкіл заттарға тән қасиет. Денеге магнит өрісі әсер еткен кезде оның әрбір атомының электрондық қабықшасында электрмагниттік индукция заңы бойынша дөңгелек индукциялы токтар, яғни электрондардың қосымша дөңгелек қозғалысы пайда болады. Осы токтар атомның әрқайсысында индукцияланған, Ленц ережесіне сәйкес сыртқы магнит өрісіне қарама-қарсы бағытталған магниттік момент туады.
Диамагнетизммен байланысты магниттелушілік әдетте онша күшті болмайды; ол ферромагнетизм, антиферромагнетизм немесе электрондық парамагнетизм тудыратын магниттелушіліктен едәуір аз болады. Нағыз диамагниттік заттардағы (диамагнетиктерде) атомдардың (молекулалардың) электрондық қабықшасында тұрақты магниттік момент болмайды. Осындай электрондардың магниттік моменттері сыртқы магнит өрісі әсер етпейтін жағдайда өзара есесі қайтарылған (компонсацияланған) болады. Дербес жағдайда бұл жайт электрондық қабықшалар түгелдей толтырылған атомдарда, иондарда және молекулаларда, мысалы, инертті газдар атомдарында, сутек молекулаларында, азотта байқалатын болады. Димагнетиктің созылыңқы үлгісі біртекті магнит өрісінде күштік сызықтарға перпендикуляр бағытталады. Бұл үлгі біртексіз магнит өрісінен осы өрістің кернеулігінің кему бағытына сәйкес ығыстырылып шығарылады. Атомдардың едәуір жоғары энергетикалық деңгейлерін қоздыруға жеткіліксіз температуралар кезінде, диамагнетизм іс жүзінде тұрақты (температураға тәуелсіз) болады.
Егер атомдар бір-бірінен оқшауланбаған және мысалы, молекулалар немесе кристалдар күшті өзараәсерлесетін болса, онда мұндай атомдарда электрондық қабықшалар деформацияланатын болады және де бақыланатын диамагнетизм оқшауланған атомдардағыдан аз болады.
Диамагнетизмнің д и а м а г н и т т і к а л ғ ы р л ы ғ ы өрістің кернеулігіне тәуелді болмайды. Кейде өте төменгі температура кезінде металдарда және жартылайөткізгіштерде ауық-ауық (тербелістік) өрістің кернеулігі бірте-бірте арттырылғанда диамагниттік алғырлықтың өзгерісі байқалады. Диамагниттік алғырлықтың ең үлкен абсолюттік шамасы асқынөткізгіштерде пайда болады. Олар үшін χ = –1/(4π), ал магниттік индукция нөлге тең, яғни магнит өрісі асқынөткізгішке ене алмайды. Асқынөткізгіштердің диамагнетизмін атомішілік емес, микроскопиялық беттік токтар тудырады.