ҒАЛАМДЫҚ ЭФИР

ҒАЛАМДЫҚ ЭФИР (грекше «эфир – бастапқы нағыз материалдық эле- мент») – өткен ХVІІІ–ХІХ ғасырлардың ғылымы жарықтың немесе жалпы электрмагниттік өзараәсерлесулерді тасымалдайтын барлық нәрселердің ішіне енеді деп болжанған жарық эфирі. Алғашқы кезде эфир серпімді денеге ұқсас механикалық орта ретінде түсіндірілген болатын. Жарық толқындарының таралуы дыбыстық серпімді ортадағы таралуға ұқсастырылды, ал электр және магнит өрістері эфирдің механикалық керілуіне теңестірілді. Механикалық эфир болжалы үлкен қиындыққа кездесті. Жарық толқындарының көлденең толқын болуы эфирдің абсолют қатты дененің қасиеті – болмауын, сонымен қатар аспан денелерінің қозғалысына эфирдің ешқандай кедергісі болмауы талап етілді. Эфирді механикалық түсіндіру қиын болғандықтан ХІХ ғасырдың соңына қарай оның механикалық моделін жасаудан бас тартуға әкеп соқтырды.
1887 жылы А.Майкельсон мен Э.Морли (1838 – 1923) эфирді анықтау үшін қарапайым құрылғы жасаған. Бұл құрылғыда жарық шоғы айнадан шағылысқан соң перпендикуляр екі шоққа ажыратылып соңынан қайтадан біріккен. Бұл сәулелердің жолдары бірінен бірі шамалы өзгеше болған, бұлар бірінің үстіне бірі қабаттасып түскенде интерференциялық сурет пайда болған. Майкельсон мен Морли осы сәулелердің қозғалысын бір бағытта, сонан соң аспапты бұрып тік бұрыш жасайтын бағытта қайтадан бақылау жүргізген. Егер жарық эфирде қозғалатын болса, ол жарық Жердің қозғалыс бағытында және ол қозғалысқа перпендикуляр бағытта әртүрлі жол жүрмек болатын. Егер де жол әртүрлі болатын болса, аспапты бұл интерференциялық суреттен өзгешелік байқалатын болмақшы. Осы тәжірибеде және мұнан кейінгі жүргізілген тәжірибелерде әлгіндей жағдай кездеспеген.
Майкельсон – Морли тәжірибесінен эфирдің болмайтыны біржолата айғақталған. Осы жайт Ғаламда абсолюттік қозғалысты өлшеуге арналған санақ жүйесіне байланыстырылатын ешқандай материалдық нысанның (объектінің) жоқтығын білдіреді.
Қазіргі кездегі көзқарас бойынша физикалық вакуум кәдімгі материалдық ортаның кейбір қасиеттеріне ие. Бірақ оны эфирмен шатастырмау керек, ол эфирден принципті түрде өзгеше, өйткені электрмагниттік өріс арнайы тасығышты қажет етпейтін тәуелсіз нысан (объект).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *