ЛЕКСИКАЛЫҚ НОРМА

ЛЕКСИКАЛЫҚ НОРМА

Лексикалық норма – әдеби тілдің жалпыға ортақ сөз байлығының қалыптасқан тұлғада, жалпыға ортақ мағынада жұмсалуы. Нормаға түскен сөз сол қалпында қатып қалмай, әдеби тілдің талабына лайық, заңды өзгеріске ұшырап отыруы да мүмкін. Лексикалық нормаларды сақтау — сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңілкүйге әсер ететін шынайылығы, көркемдігі аса маңызды. Р.Сыздық «Лексикалық норманы сөз еткенде, әңгіме жеке сөздердің қолданысқа түскендегі дұрыс-бұрыстығы, оңды не сәтсіздігі туралы болмақ. Бұл – қиын шаруа, өйткені сөздердің барлығы бір қалыпқа түсіп, бір үлгімен жұмсалмайды. Қолданысқа келгенде, әр сөздің «бас бостандығы», әр сөздің «өз қылығы» болады» деп, тіл нормаларының ішінде лексикалық норманың атқаратын жүгінің ауырлығын атап өтеді. Лексикалық норманы сөз еткенде актив сөздік қор, пассив сөздік қор мәселелерін ұмытпау керек. Өйткені пассив қордағы сөздерді қолдану қазіргі тілдік нормаға қайшы келмегенімен ауызша сөйлеуші әдеби тілдің жалпыға түсінікті нұсқаларын қолданғаны абзал. Лексикалық нормалар адресантқа көбіне түсіндірме сөздіктер арқылы жеткізіледі. Түсіндірме сөздіктер бір жағынан оқырманның сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын анықтауына мүмкіндік беретін анықтамалық құрал болса, екінші жағынан, ол тілдегі лексиканың нормативтік сипаттамасы бола алды. Халық тілінде бар сөздердің көпшілігі әдебиетте жиі қолданылып, жалпы халықтық нормаға айналды да, бірқатары қолданудан қалып қояды немесе өте сирек қолданылады. Сөйлеу тілінде бар біраз сөздер әдебиетте кездескенімен, әдеби нормаға жатпайды. Сол сияқты сөздерді қолдану барысында да лексикалық нормалардың сақталғанын немесе сақталмағанын айыру оңай емес. Лексикалық норма сақталды ма, сақталмады ма дегенді субъективті көзқарас тұрғысынан болжамай, әдебиетте жалпы халыққа бірдей ортақ байлық ретінде жиі қолдана ма, жиі қолданылмай ма деген тұрғыдан болжау керек. Лексикалық нормалар мен сөйлеу тілі тығыз байланыста болғандықтан, сөйлеу тілінде олар қаншалықты ауытқып, құбылатындығын ескерген дұрыс. Әдеби тілдің лексикалық нормасына жатпайтын сөздерге диалектизмдер, ел аузында өзгеріске ұшыраған дөкір сөздер т.б. жатады. Кейбір сөздердің әдеби тілдегі орныққан мағынасы бірнешеу болса, қарапайым сөйлеу тілінде нормаға жатпайтын басқа да мағынада жұмсалуы ықтимал. Мысалы, «тіл» дегенді адамның, жан-жануардың дене мүшесі, адамның сөйлеу құралы деп түсінсек, сөйлеу тілінде оны «сөз» дегеннің де орнына қолданады. Қазақ тіліндегі көптеген сөздер әдеби тіл қатарына жатады. Әдеби тілге жататын бірліктерді пайдалану арқылы ғана әдеби норманы тұрақтандыруға болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *