КӨПШІЛІК АЛДЫНДА АУЫЗША СӨЙЛЕУ
Көпшілік алдында ауызша сөйлеу ауызекі сөйлеу стилінің негізінде қалыптасқан, белгілі бір қоғамдық маңызы бар тақырыптарға бағытталған сөйлеудің бір түрі. Ауызша сөйлеу мен ауызша көпшілік алдында сөйлеудің арасында елеулі айырмашылықтар бар. Ауызша көпшілік алдында сөйлеуде адресант өзі мен жұртшылық арасындағы тілдік қарым-қатынастың сапалы болуын қамтамасыз ету керек. Яғни, айтушы өңделген, жүйеленген, сапалы ақпаратты тыңдаушыға ұсынуы тиіс. Сөйлеудің мұндай түрінде айтушы мен тыңдаушы арасында әлеуметтік қатынас орнап, қоғамдық маңызы бар мәселелер көтеріледі. Қазақ ұлттық тіліндегі ауызша көпшілік алдында сөйлеудің озық үлгісі ретінде шешендік сөздерді алуға бо ла ды. Шешендік сөздерде шешен шаршы топтың алдында суырып салма тәсілді қолдана отырып, тыңдаушысына ұғыныңқы, төрешіге түсінікті болу үшін ойын көркем кестелі сөзбен ұтқыр етіп жеткізеді. Тұрмыстық ортада ауызша сөйлеуде сөйлеуші көбіне ойын эмоция деңгейінде жеткізумен шектелсе, ауызша көпшілік алдында сөйлеуде ой жалаң эмоцияға емес, нақты фактілер мен ұтымды пікір, тұжырымдарға құрылады. Ауызша көпшілік алдында сөйлеудің бүгінгі таңдағы негізгі жанрларына баяндама, дәріс, хабар, жарыссөз, сұхбат жатады. Мұндай тілдік бірліктердің нормалық белгілері нормаланған әдеби тілге жақын келеді.