КІРМЕ СӨЗ

КІРМЕ СӨЗ

Кірме сөздер — қазақ тілінің сөздік құрамына белгілі бір тарихи кезеңдерде саяси-әлеуметтік оқиғаларға немесе ғылым мен техникадағы жаңалықтарға байланысты әртүрлі жолмен енген сөздер тобы. Кірме сөздердің қатарына халықаралық терминдер, ғылыми терминдер, арабизмдер, русизмдер, техникалық атаулар жатады. Қазақ тіліне көбіне-көп араб-парсы және орыс тілдерінен тілдік бірліктер еніп, тілімізге сіңіп кеткен. Мысалы: араб-парсы тілдерінен енген сөздер: ар, абырой, амал, адал, арам, әскер, әйел; ал орыс тілінен енген сөздер қатарына барқыт, зауыт, самаурын, номер және т.б. жатады. Тіліміздегі кірме сөздердің бір қатары көне замандарда еніп, тілге әбден сіңіп, төл сөздерімізден ажырата алмастай қалыпқа еніп кетті. Мысалы: мәдениет, қағида, ғылым, білім, ғалым, мұғалім, мектеп, медресе сияқты араб сөздері мен сот, жәшік, болыс, бөкебай, бөтелке, самаурын, керует сынды орыс сөздері қазақ тілінің заңдылығына сәйкес икемделіп, төл байлығымызды молайтты. Сонымен қатар сыртқы пішінін өзгертпей енген, алайда функционалды стильдің қай түрінде болмасын жиі қолданылып студент, академик, журналист, машина, солдат, офицер, касса, экономика, трамвай сияқты сөздер де әдеби тіл қатарынан табылады. Соңғы уақытта кірме сөздерді орыс тіліндегі қалпында жазу дәстүрі қатаң сақталмай, өткен ғасыр басындағыдай өз тіліміздің дыбыстық жүйесіне икемдеп жазу үрдісі біртіндеп жанданып келе жатыр. Мысалы: Мәскеу, зауыт, Еуропа, жорнал, нөмір, рөл, мәшине, пәлте сияқты көптеген сөздердің БАҚ беттерінде жазылуы соның көрінісі. Сондай-ақ кейінгі жылдары өткен мәжілістерінде Мемлекеттік терминология комиссиясы орыс тіліндегі кабель, режим, станция, токарь, слесарь сөздерін  кәбіл, режім, төкір, сілеср, станса, тәбіл түрінде ресми бекітті. Кірме сөздерге деген мұндай ұстаным тіліміздің төл заңдылығының үстемдігін қалыптастыру бағытындағы өте орынды қадамдардың бірі және оның тіл тазалығын сақтауға да қосар үлес салмағы ерекше. Кірме сөздерді қолдану барысында тілімізден жаңа балама тауып, қазақ тіліндегі фоно-морфологиялық заңдылықтарға бағындырып қолданумен бірге кірме сөздерді орыс тілінен өзгеріссіз қабылдау және жазудың кеңестік кезеңіндегі қалыптасқан дәстүрін сақтау да қатар орын алып келеді. Мысалы, автобан, блог, гастербайтер, модератор, портал, сайт сынды кірме атауларды сондай сөздер қатарына жатқызуға болады. Кірме сөздердің қабылдануы мен оларды ұлт тілінде жазудың біркелкі жүйесін, ғылыми негіздермен жалпыға ортақ ережелерін қалыптастыру замана талабы болып отыр.

   Ш.Құрманбайұлы. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа    атаулар мен қысқарған сөздер. – Астана, 2009.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *