КОММУНИКАЦИЯ
Коммуникация (лат. communicatio — байланысамын, қатынасамын) – адамдардың танымдық-еңбек процесінде қатынас жасау, пікір алысу, ой бөлісу, бір-бірімен әрекет жасауының айрықша формасы. Адамзаттық коммуникацияның хайуанаттар коммуникациясынан басты ерекшелігі – оның тіл арқылы жүзеге асатындығында. Коммуникация коммуникативтік актілерден құралады. Пікір айтушылар, оны түсіндірушілер коммуниканттар деп аталады. Коммуникация үшін тілдік қатысымнан басқа ым, бет-қол қимылы, семиотика жүйесіне жататын музыка ноталары, ойын ережелері, Морзе әліппесі, ЭЕМ бағдарламалары, математика, техника саласына қатысты кибернетика, компьютер жүйесі пайдаланылады. Сөйлеу арқылы адамдар өзара еркін түсінісе алады. Коммуникациялық қызметте тіл танымдық-белгілік мәнге ие болып, адамды әлеуметтік тұлға дәрежесіне көтерудің маңызды тірегіне айналады. Тек жеке тұлғалардың емес, қоғам мен қоғам мүшелерінің арасын байланыстыратын қызметінің арқасында коммуникация қоғамның қалыптасуына айрықша ықпал етеді.
Тіл білімі терминдерінің сөздігі. – Алматы, 2012.