
ГУК ЗАҢЫ – серпімді ортадағы кернеулер мен аздаған деформациялар арасындағы сызықтық тәуелділікті өрнектейтін негізгі заңы. Бұл заңды 1660 жылы ағылшын физигі Роберт Гук (1635–1703) l ұзындықты және көлденең қимасы S шыбықты (стерженді) созған кезде шыбықтың Δl ұзаруы созушы Ғ-күшке пропорционал болатынын айғақтаған, яғни Δl = kҒ, мұндағы k = l/ES (Е – Юнг модулі). Гук заңын σ = Еε түрінде өрнектеуге болады, мұндағы σ = Ғ/S – көлденең қимадағы қалыпты кернеу, ε = Δl/l – шыбықтың салыстырмалы ұзаруы. Ығысу кезінде жанама кернеу τ ығысу деформациясына γ пропорционал болады. Яғни τ = Gγ, мұндағы G – ығысу модулі.
Гук заңы сәл деформация кезінде көптеген қатты денелер үшін дұрыс болады және серпімділік теориясы үшін негізгі физикалық заң болып табылады.