ГРАММА

…ГРАММА (грекше белгі – әріп, жазу) – күрделі сөздің жазу, графиктік бейнелеу деген ұғым беретін соңғы бөлігі.
Голограмма – заттық және тірек толқындарының қабаттасулары нәтижесінде пайда болатын және фотоматериалға түсірілетін интерференциялық сурет.
Дебайграмма – Дебай-Шеррер әдісі бойынша түсірілген поликристалдың рентгенграммасы. Бұл әдісті 1916 жылы голланд физигі Петер Дебай (1884 – 1966) мен швейцар физигі Пауль Шеррер (1890 – 1970) бірлесіп ұсынған.
Диаграмма – әртүрлі мәнді шамалардың арасындағы қатынасты көрнекі көрсететін графиктік кескін.
Дифрактграмма – дифрактметрде фотоэлектрлік немесе иондандыру детекторымен тіркелген дебайграмма.
Интерферрограмма – интерферометрде сәуле жолдарының айырымын жатық (бірте-бірте) өзгерту тәсілімен алынған зертелмекші электрмагниттік сәулелердің қарқындылығының кез келген тәсілмен тіркелген модуляциясы.
Лауэграмма – үздіксіз спектрлі болатын рентгендік сәулелер арқылы қозғалмайтын монокристалдың дифракциялық кескіні. Неміс физигі Макс Лауэнің (1879 – 1960) құрметіне аталған. Ол 1912 жылы рентгендік сәуленің кристалдардағы интерференциялық теориясын тұжырымдаған. Оның ұсынысы бойынша сол жылы оның отандас физиктері Вальтер Фридрих (1883 – 1968) пен Пауль Книппинг (1883–1935) кристалдарды дифракциялық тор ретінде пайдаланып рентгендік сәулелердің интерференциясын тәжірибе жүзінде дәлелдеген.
Рентгенграмма – рентгендік сәулелермен нысанды (объектіні) сәулелеу нәтижесінде пайда болған әлгі нысанның кескінін жарық сезгіш материалға түсіру (тіркеу).
Электронграмма – зерттелмекші зат шашыратқан электрондар тудыратын кескін.
Эпиграмма – кристалл мен рентген түтігінің арасында фотопленка орналасатын кезде түсірілетін лауэграмма.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *