ГЕТЕРОГЕНДІ ЖҮЙЕ (грекше «гетерогенес – әртекті») – бөліктерінің (фазаларының) физикалық қасиеттері немесе химиялық құрамы бойынша әртүрлі болатын біртексіз термодинамикалық жүйе. Бұл жүйенің көршілес фазалары бірбірінен бөлу беттерімен ажыратылған, осы беттерде жүйенің бір немесе бірнеше қасиеттері (құрамдары, тығыздығы, кристалдық құрылымы, электрлік немесе магниттік моменттері, т.б.) секірісті түрде өзгереді. Мысалы, гетерогенді жүйе: су және оның бетіндегі бу (екі агрегаттық күйдегі су), көмір және алмас (бір заттың – көміртегінің кристалдық құрылымы бойынша екі әртүрлі фазалары), асқынөткізгіштің асқынөткізгіш және қалыпты фазалары, араласпайтын сұйықтар (мысалы, су және өсімдік майы), композициялық материалдар (талшықтық және дисперстік нығыздалған, құрылымы бойынша әртүрлі қатты күйдегі химиялық заттар). Гетерогенді жүйе мен гомогенді (біртекті) жүйенің айырмашылығы әрқашан айқын білінбейді. Мысалы, гетерогенді механикалық қоспалардың (қалқымалы) және гомогенді (молекулалық) ерітінділер арасындағы өтпелі аймақты коллоидтық ерітінділер деп аталған ерітінділер алып жатыр, бұл ерітінділерде еріген заттар соншалықты ұсақ, оларға фаза деген ұғымды қолдану мүмкін емес.