ИНТОНАЦИЯ

Интонация (лат. intono – қатты сөйлеймін) – сөз, сөйлем, тұтастай мәтінді айту барысындағы айтылым ерекшеліктерінің жиынтығы. Айтылым сипаттамасына дауыстың тоны (оны дыбыстаудың жоғарылық деңгейі), сөйлемнің көтеріңкілігі мен тембірі (дыбыстық бояу), дыбыстау күші (сөйлемнің қарқындылығы), сөйлеу темпі (айтылу жылдамдығының дәрежесі), мелодия (дауыстың көтерілу және бәсең деу кезектестігі), физиологиялық, логикалық, эмоционалдық кідірістер, екпіннің түрлері жатады. Интонациялық нормалар айты  лым және екпін нормаларымен бірге сөйлеудің фонетикалық (дыбыстық) негізіне кіреді. Кез келген сөйлем айтылу барысында белгілі бір интонация арқылы жүзеге асады. Интонацияның құбылып отыруы оның төрт құрамдас бөлшегіне байланысты: дауыстың негізгі тоны (дауыс тербелісі неғұрлым жиі болса, негізгі тон да соғұрлым жоғары болады), дауыс қарқындылығы (дауыс тербелісінің амплитудасы мен қуаты неғұрлым көп болса, оның қарқындылығы да соғұрлым артады), дыбыстау ұзақтығы (уақыт бірлігінде мейлінше көп дыбыс шығарылса, олардың ұзақтығы мейлінше қысқа, ал сөйлеу темпі жылдам болады), тембрдің айқындылық деңгейі, нақтырақ айтқанда дыбыстардың сапасы (артикуляция қуаттырақ болған сайын тембр мен сөйлеушінің эмоциялық күйіне, мәселен ашулануына, қуануына, таң қалуына,  өкінуіне байланысты туындайтын өзгерістер айқындала түседі). Сөйлеу барысында интонацияны дұрыс қоймау мағынаны көмескілендіріп, айтушының ойын тыңдаушының дұ рыс түсінуіне кері әсерін тигізеді. Интонацияның мағынаны дәл жет кі зудегі мүмкіндіктері көп. Бұл мүмкіндіктер мәнерлеп сөйлеу, сөйлеу мәдениетінің заңдылықтары арқылы реттеледі. Лексика-семантикалық құралдар мағынаның бір ғана қырын ашса, интонация арқылы айтушының тұтас ойы айқындалады. Сөйлеу барысында интонация сөйлем үзінділерінің, тұтас сөйлемнің немесе мәтіннің мағынасынан хабардар етудегі аса маңызды құрал болып табылады. Сөйлеушінің ойын дәл ұғу үшін интонацияның әсері ерекше. Айтылым барысында сөйлем логикалық екпін түсетін бірнеше мағыналық бөліктерге бөлінеді. Логикалық екпін сөйлемнің ритмикалық бөлік терінің ішіндегі анағұрлым маңызы бар сөзге түседі. Өзінің алдына қойылып отырған семантика-стилистикалық тапсырмаға байла  нысты сөйлеуші автор өз сөзінің темпін реттеп, оны мағыналық бөліктерге бөледі, мағыналық бөлікті жеткізгісі келген ойына сәйкес ұзартады немесе қысқартады, сөздердің орналасу тәртібін сақтайды немесе инверсияны қолданады. Прозалық және поэтикалық туындылардың интонациялық бояуы әртүрлі болып келеді. Ауызекі сөйлеу мен ауызша көпшілік алдында сөйлеу барысында да, сөйлеушінің  қолданатын интонациялық реңкі әртүрлі болып келеді. Сөйлеу барысында интонацияның адресанттың адресатқа жеткізем деген ойымен тығыз байланысты екенін естен шығармағанымыз жөн. Қазіргі кезде, әсіресе, дикторлар орыс, ағылшын тілділердің  интонациясымен сөйлеп, қазақ тілінің табиғи әуезділігін, содан туындайтын әсерлілігін бұзып жүр. А.Байтұрсынұлы тіл әуезділігінің екі түрін көрсеткен: сөз әуезділігі және сөйлеу әуезділігі. Сөздің әуезділігі ішіндегі дауысты-дауыссыз дыбыстар оңтайлы орындауына байланысты болса, ал сөйлеу әуезділігі буын екпіні мен сөз екпіні қолайлы орналасуынан болады. Тіл әуезділігін сақтау сөйлеушінің тіл мәдениетінің деңгейін көрсетеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *