ӨЛШЕМ-ӨРНЕКТЕР, ОНЫ ТҮРЛЕНДІРІП ҚОЛДАНУ ҮЛГІЛЕРІ

ӨЛШЕМ-ӨРНЕКТЕР, ОНЫ ТҮРЛЕНДІРІП ҚОЛДАНУ ҮЛГІЛЕРІ

Түркі тілдес халықтар поэзиясында ежелгі заманнан қолданылып келе жатқан өлең өлшемінің ең көнесі – 7 буынды өлең, өйткені түркі  тілдес рулар мен тайпалардың көне заманнан сақталған поэзиялық үлгілерінде кеңінен тараған өлшем. «Егер 7 буынды өлеңнің барлық түркі елдері арасында мол жайылғанын еске алсақ, бұл түркі өлеңінің ең бір негізгі және көне өрнегі екені айқындалады»[1], – деп жазды В.Гордлевский. Мұндай пікірді Ф.Корш те құптайды. 7 буынды өлеңнің өрнегі 4 буын + 3 буын болып келетін түрі жайлы айта келіп, Ф.Корш оны «түркі елдеріне ортақ 7 буынды өлеңге тән ең көне» ырғақ дейді. Ырғақ түркі елдерінің поэзиясында көп қолданылатын болса, қазақ поэзиясында ол 7 буынды өлеңде негізгі өрнек болып табылады.

«Басқаларынан гөрі қысқарақ, неғұрлым көп тараған және көне түркі жазба ескерткіштерінде кездесетін жеті буынды өлеңді ең бұрын шыққан деп санау орынды»[2],– дейді Ф.Корш. Т.Ко вальский мынаны айтады: «Корш 7 буынды өлеңді түркі елдеріне ежелден ортақ ең көне түр деп санаған, бірақ 11 буынды өлең де онан кем тарамаған» [3].

11 буынды өлең мен жыр өлшемінің де көне дәуірде туғаны, бұның қазақпен туыстас көптеген елдердің поэзиясында ежелден кең  орын алғаны анық. Мұның бәрі түркі тілдес елдердің әдебиетінде, соның ішінде қазақ поэзиясында берік орныққан буынға негізделген өлең құрылысының түпкі негізі өте ерте заманда, көне дәуірде қалыптасқанын айқындайды.

[1] В.Гордлевский. Из наблюдений над турецкой песню. «Этнографическое обозрение», 1908.

№ 4. 79-кн. стр. 69.

[2] Ф.Корштің жоғарыда аталған еңбегінің 24-беті.

[3] Известия Вост. фак. Азербайджанск. гос. ун-та, 1926. том І. стр. 149.

З.АХМЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *