ҚАЗІРГІ ПОЭЗИЯДАҒЫ ІЗДЕНІСТЕР
Қазіргі поэзиялық шығармалардың бұрынғы ауызша айтылатын өлеңнен біраз сапалық өзгешеліктері бар. Көптеген ақын туындыларында шумақтағы өлең тармақтарының біразын бөлшектеп келтіру, ұзын тармақтарға қысқа тармақтарды араластыру орын алып жүр. Осының мәнісін тереңірек түсінуіміз қажет. Жаңалықтың түп-негізі өлең-жырды бұрынғыдай белгілі әуенге келтіріп, термелеп айтып әндете оқымай, тақпақтап оқуға, сөйлеу интонациясына лайықтап жазуға беттегендік. Термелеп айтатын өлеңде сөйлемдердің интонациялық, синтаксистік құрылыс-қалпында ұқсастық, біркелкілік басым болса, енді өлең сөздегі сөйлемдерді интонациялық-синтаксистік құрылысы жағынан неғұрлым түрлендіріп, әр қилы етіп келтіру қажеттігі туып отыр. Өлеңде ұзын тармақтар мен қысқа тармақтарды араластыру, сол секілді кейде ұзын тармақтарды бірнеше бөлшекке бөлу де осы мақсатты іске асыруға бағытталған амал-тәсілдердің бірі болатын. Ал бұған сөйлемнің бөлшегін бір тармақтан екінші тармаққа тасымалдау, екі сөйлемнің шекарасын тармақтың соңына келтірмей, орта тұсына келтіру, жеке сөз, қысқа сөйлемшені күшті пауза – дауыс кідірісі арқылы үзіп айту секілді тәсілдерді қоссақ, өлеңде сөйлеу интонациясының ерекшеліктерін барынша толық жеткізу мүмкіндіктері мол екенін аңғарамыз.
Өлең ырғағын түрлендіру әрине, оңай емес. Маяковский өлеңдерін аударғанда қазақ ақындары 11 буынды өлшемді алып, өлең тармағын бөлшектеу тәсілін қолданды. Осының өзі оқта-текте ғана болмаса, ұтымды шықпайды, себебі мәселе тармақты құр ұсақтап бөлшектеуде еместігі, же ке сөз, қысқа сөйлемшелердің жекеленіп, салмақпен айтылуы арқылы өлеңде сөйлеу интонациясының өзіндік ерекшеліктерін жеткізу қажет екендігі ескерілмеді. Өлең өрнегіне жаңалық енгізу, қалыптасқан үлгі-өрнекті өзгеше қолдану тапқырлықты, талғампаздықты, тілдің құрылысын, табиғатын, ырғақ-үн байлығын жақсы сезінушілікті, үлкен ақындық шеберлікті қажет етеді. Кейбір ақындардың бұрын ешкімде кездеспеген өрнекті қолданып, оқушыны тамсантып, таңырқату ниетінен туатын жасанды шумақ, өлшем, ұйқастарының поэзияда орнығып, тұрақтай алмайтыны да сондықтан.
Бүгінгі поэзиямызда өлең жүйесінің байып-толысуы өзекті мәселелердің бірі. Өлеңнің құрылысын, жеке өлшем-өрнектерді қандай тәсілдермен, қай бағытта өсіріп, жетілдіруге болады? де ген мәселе жанжақты зерттеуді, байсалды ойласуды қажет етеді.
Поэзияға енгізілген қандай да бір тың үлгі-өрнек, өлшемге қалыптасқан белгілі өлшемдерді жоққа шығарғандық деп қарайтын жаңсақ түсінік ара-тұра бой көрсетіп жүр. Бұл тұста бірнеше жәйт ескерілмейді. Алдымен, сол өлшем-өрнек қалайда орныққан өлең түрлерімен құрылысы жағынан негіздес бо лады; өзгеше өріліп, мүлде бөлекше сипат алғанымен, ұлттық өлең жүйесінің заңдылықтарына сәйкес жасалады. Екіншіден, жаңа үлгідегі өлең неғұрлым күрделірек құрылса, даралық қасиеттері де соғұрлым мол болады. Оны ұтымды жерін та уып қолдануға керек. Үшіншіден, әдебиетке бір тың үлгі-өрнек енгізу үшін әбден сыннан өткен, кең таралған басқа өлшем-өрнектерді құрбан етудің ешбір қажеттігі жоқ. Біреулер ұнатып, біреулер мүлде қабылдамайтын кейбір жекелеген өлшем-өрнектер болатыны ақиқат. Алайда, қай-қай ақын да соқпай кете алмайтын поэзияда белді орын алған өлшем, өрнектердің орны бөлек. Бұлар: 11 буынды, 7-8 буынды өлшемдер, төрт тармақты шумақ, т.б. көптеген үлгі-өрнектер.
Тегінде поэзияда, әдебиетте суреттеу тәсілдерін, тіл құралдарын, өлең өрнектерін байыту, молықтыру қажет екені күмәнсыз, бірақ ақын бір үлгі-өрнекті қызықтап қолданғанда басқаларынан түгелдей бас тартуға міндетті емес. Бір ақын белгілі үлгілерді көбірек құнттап, жиірек пайдаланса, өзге ақындар тағы бір үлгі-өрнектерге әсіресе мән беретінін де ескеру керек.
Қазақ поэзиясындағы 11 буынды, 6 буынды, тең буынды өлең түрлерінің өзгешелігін, өзіндік сыр-сипатын терең байыптау қажет. Өлең тармақтарының буын саны бірдей болса-ақ болғаны, ол қалайда бір сарындылық туғызады деп ойлау қисынсыз. Өлең тармақтарының көлемі (буын саны) біркелкі болуы барлық тілдерде ұнамды бола бермейтіні талассыз, бірақ қандай да болсын өлең жүйесіне басқа тілдің негізінде қалыптасқан түсініктер тұрғысынан қарауға болмайды. Өлең құрылысы халық тілінің табиғатына толығынан сәйкес болса ғана, ол тілдің барлық қуатын, әуезділік-үнділігін бойына сіңіре алса ғана, берік орнығады. Жеке өлшемдердің, шумақ түрлерінің айталық, ырғағы еркіндеу өлең өрнектерінің, бұрынырақ не кейінірек қалыптасу, таралуы тарихи-әдеби процеске, соның ішінде жазба әдебиеттің қай кезде, қандай дәрежеде дамуына байланысты.
Өлеңнің буынға негізделіп құрылуы өлеңдегі барлық тармақтардың буын саны үнемі бірдей болуы шарт емес. Қазақ поэзиясында ежелден ең жиі қолданылып келе жатқан екі өлшемді – 11 буынды өлең мен 7-8 бу ынды жыр түрін алсақ, бұлардың біреуінде тармақтардың көлемі, буын саны біркелкі де, ал екіншісінде бірде 7 буын, бірде 8 буын болып ауысып түсіп отырады. 11 буынды өлеңде тармақтардың жалпы саны үнемі бірдей болғанымен, олардың ішкі ырғақ-құрылысы өзгеріп отыруының да (3 буын + 4 буын + 4 буын немесе 4 буын + 3 буын + 4 буын), сөз жоқ, үлкен мәні бар.
Кейінгі ғасырлардағы қазақ поэзиясында әркелкі тармақтар аралас қолданылатын өлшемдер аз еместігіне Абай, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бірталай өлеңдері дәлел. 11 не 6 буынды өлеңдер де, т.б. тең буынды өлшемдер де, сондай-ақ 7-8 буынды өлшем немесе 5, 7-8 буынды «Сегіз аяқ» өлшемі секілді аралас буынды өлең түрлері де бір негізде құрылады. Қайсысында болсын, буын саны, бунақ өрнегі тұрақты тармақ қолданылады.
11 буынды өлеңнің, 7-8 буынды жыр түрінің өлшем-өрнегі ұзақ уақыт бойы ауыз әдебиетінде, ауызша айтылатын өлең-жырларда шыңдалды. Оларды жазба әдебиет өкілдерімен бірге өлеңді суырып салып айтатын ақындар бүгінге дейін қолданып келеді. Осы айтылған жайларды тірек қылып, кейбір авторлар 11 буынды өлшемді, әсіресе «жыр» өлшемін ауызша айтылатын өлең үлгісі ғана деп қарайды. Бұл дұрыс емес. 11 буынды өлең өлшемін де, «жыр» өрнегін де, 7-8 буынды шумақты өлең түрлері де Абайдың тұсында-ақ жазба поэзияның өлшемдері болып қалыптасты. Алайда, сөйлеу тілінің интонациялық-синтаксистік шексіз байлығын жеткізудегі осы өлең өрнектерінің мүмкіндігі қазір толық ашылып, сарқылып қалды деуге ешқандай негіз жоқ. Олардың поэзиямызда өлеңді жазып шығару дәстүрі нығая түскен сайын жетіле, кемелдене беретіні күмәнсыз.
11 буынды өлең, 7-8 буынды шумақты өлең, жыр өлшемі секілді ауызша поэзиямызда шыңдалған, халық тілінің қуат-нәрін, үнділік қасиеттерін бойына сіңірген өлшем-өрнектер жазба әдебиетте де кеңінен қолданылуы, бұдан қазақ өлеңі бұрынғы ескі қалпында, өзгеріссіз тұр деуге болмайды. Сәкеннің поэзияға тыңнан қосқан кейбір өлең өрнектері 7-8 буынды өлшемдегі ырғағы 4 буын + 4 буын болып келетін тармақты екі жолға бөліп жіберу негізінде жасалған. Бұл Абайдың «Бай сейілді» өлеңінен бастап қолданылып келген ең қарапайым нұсқасы:
Орман міні,
Мұның үні
Кейде жұмсақ, кейде шу;
Кейде тынық,
Кейде сұлық,
Кейде дауыл гу де гу.
Сәкен толықтырып дамытқан түрі – «Социалистан» бастаған бір топ шығармаларда пайдаланылған өрнек:
Құрыш қолмен
Ұшқыр қағып,
Электрді
Көп қып жағып,
Ішкі, сыртқы
Жауды бағып,
Көз жіберіп тұрады.
Бұт балғасы
Ойнап қолда,
От шашады
Оңға, солға,
Барша әлемді
Түзу жолға
Жұмыскер тап бұрады.
Талдау үшін өлеңнің алғашқы жартысын ғана алу жеткілікті, өйткені оның құрылысы екінші бөлегінде түгелдей қайталанып келеді. Әр қос қысқа жолды бір 8 буынды тармақ ретінде алып, өлең өрнегін жинақтап қарап көрсек, үшеуі 8 буынды, соңғысы 7 буынды төрт тармақты шумақпен сәйкес шығатынын байқауға болады.
Олай еткендегі мақсат, әрине, бұл өрнектің өзіндік өзгешелігі бар екенін жоққа шығару емес, оның ырғақтық құрылысын неғұрлым айқынырақ түсіну. Қалайда қысқа жолдарды осылай көптеп бірыңғай топтастырып келтіру өлең ырғағына жеңілдік, жүрдектік қасиет беретіні даусыз. «Тоқу фабригінде» деген өлеңінде Сәкен осындай қысқа жолдардың қатарын бұдан да молайта түскен.
Бу машина
Құрыш мойын
Қыздырады
Думан тойын, Бу қайнатад Салып ойын.
Биік-биік
Қара мойын, – Көкке тіп-тік Озған бойын…
Түтін көкке
Ұшады өктеп,
Будақ-будақ түйіле.
Соңғы тармақ келесі осындай шумақтардағы сәйкес тармақпен үйлесіп отырады. Мұндағы тізілген көп қысқа жолдар тігін машинасының жеңіл, ойнақы қозғалыс-ырғағын өлең ырғағы ар қылы да елестету үшін алынған. Поэзияда қандай да болсын өмір құбылысын, соның ішінде қимыл-әрекетті, қозғалысты айқын елестететін алдымен сөздің мағынасы, баяндаудың, суреттеудің бейнелілік мазмұны екенін естен шығармау керек. Айтылатын ой мен өлең өлшемі арасында сәйкестік болғанымен, тікелей байланыс жоқ. Сондықтан өмірдегі белгілі бір заттың қимыл қозғалысына орайлас өлең өрнегін табуға ұмтылу, кейбір сәтте (және қысқа өлеңде) ғана болмаса, ұтымды бола бермейді. 4 буынды тармақтар да, басқа ырғақ-өрнектер секілді сан алуан мағынаны бере алатыны талассыз.
«Біздің ұлан» деген өлеңінде Сәкен шумақтың құрылысы мен тармақтардың ырғақ-өрнегін өзінше келтіреді.
Күндер өтті, ол ержетті, Бостандық күн келіп жетті – Қызыл күн. Жарлы тобы ерік алып, Жер күңірентіп ұран салып, Шықты үн. |
Қара бала құстай түлеп, Жеткеннен соң мұндай тілек, Шаттанды. Дәл өзіндей «қаралармен», Кеше «жұрын балалармен» Аттанды. |
8 буынды екі тармақтан кейін бір 3 буынды қысқа тар мақ келіп отырады. Алдыңғы тармақтар 4 буыннан бунақталғандықтан (4 буын + 4 буын), осы 4 буынды тармақтардың қатарында 3 буынды тармақ та жанасымды сезіледі. 8 буынды тармақ пен 3 буынды тармақты қосып алғанда 11 буынды өлеңнің ырғақтық өрнегіне сәйкес келетінін ескерсек (4 бу ын + 4 буын + 3 буын), осы шумақта бір 8 буынды тармақ пен бір 11 буынды тармақ кезектесіп отырады деп қарау да қисынсыз емес. Кейбір шумақтарда осы тармақ 3 буын емес, 4 буын да болып шығады. Мысалы:
Әкесі оның күндіз-түні, Сорлы анасы тезек теріп, Ауыр бейнет көрген күні – Барлық күшін байға беріп Жылқы баққан Отын жаққан.
Сәкен қазақ поэзиясына сап түзеп жүргенде айтуға лайық екпінді марш ырғағын енгізді. Бұл жағынан «Жас қазақ марсельезасы» – сәтті бастама.
Азамат, жүнжіме, жүрме бос Қол ұстас, бірігіп тізе қос. Ту ұстап дұшпанға барайық, Теңдіктің ұранын салайық. Тізесін батырған залымнан |
Күн туды – біз теңдік алайық. Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос, Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос. Қызыл ту – шылауың, қорғаның, Тізе қос, тізе қос, тізе қос. |
Марш өлеңінің ырғақ-үніне сәйкес ақын өлең тармақтарын үнемі 3 буынды бунақтардан құрайды. Қайырмадағы басқы екі тармақ 12 буынды, ал қалған тармақтар түгелдей 9 буынды болып отырады. Мұның өзі өлеңнің көтеріңкі леппен, маршқа тән жігерлі, байсалды үнмен айтылуына сай келеді. «Советстан» поэмасының өлең өрнегі – шумақтағы әртүрлі тармақтардың реттесу қалпы, үйлесімі – оның идеялық мазмұнына тән сонылық сипат-белгілерді танытуға лайық. Совет елінің, жаңа заманның шабытты, қарқынды екпінін, экспрестің жедел жүрісін суреттеуге сәйкес өлең өлшемінің ырғағы ширақ, орамды болып шыққан.
Айда, от арба, аямай күш, айдап бақ, Дөңгелегің зырылдасын тақ-тақ-тақ.
Шаңқан жарық,
Шамға қарық
Болсын халық,
Электр жақ, тынбай айда, жол ұзақ.
Бұл өрнектің ырғағы 4 буын + 4 буын + 3 буын болып өрілетін 11 буынды өлшемге негізделген. Тек үшінші тармақтың әр бунағы жеке жолға қойылған да, осы қысқа жолдардың ырғағын бірыңғай етіп, күшейте түсу мақсатымен соңғы бунақ 3 буын болмай, 4 буын болып алынған. Осылай етіп шумақ ішінде ұзын жолдар мен қысқа жолдарды араластырып алу өлең ырғағын түрлендіріп, оған серпінділік, екпінділік сипат дарытқан. Өлең ырғағының мұндай ықшам, же дел екпінін үстей түсу мақсатымен ақын кейбір тұста нақ-нақ айтылатын, бірді-екілі сөзден ғана құралатын қысқа 3 буынды жолдарды қосарлап келтіретіні де бар. Мысалы:
Кондуктор, Қарап тұр! Жол ұзақ, Айдап бақ. Уклон бар, Терең жар, |
Сақ бол, сақ! Тақ, тақ, тақ! Айдап бақ, Рудзутак. Трат-тат-тат! Трат-тат-тат! |
Сәкен өлеңнің ырғақ-интонациясын түрлендіріп, үнділігін күшейте түсу мақсатымен тармақты бірнеше жолға бөлшектеудің үлгілерін іздестірген. Бұл ретте оның елеулі табысы – «Ленин» атты өлеңі. Осы өлеңінде ақын 10 буынды өлшемді өте ұтымды пайдаланып, көтеріңкі леппен айты латын өлең сөзге тән ырғақ-интонация туғызған. Өлеңнің ырғағы 4 буын + 4 буын + 2 буын болып келеді. Мысалы:
Бостандықтық таң азаны –
Ленин,
Саясаттың мыс қазаны –
Ленин.
Қазақ поэзиясында 10 буынды өлшем бұрын да болғанымен, дәл осылай соңғы бунағы 2 буынды болып өрнектелген түрі қолданылмаған. Ондай бунақ 6-7 буыңды өлеңде кездеседі («Бір дегенім – білеу»), бірақ ол әртүрлі өлшемдердің арасындағы жеке сипат-белгінің ұқсастығы ғана. Бұл өлең өлшемі – сөз жоқ, тың туынды, көзге айқын түсетін өзгешеліктері: соңғы 2 буынды бунақ бөлек жолға шығарылған әрі сөйлемдердің синтаксистік құрылысы сәйкес. 2 буынды бунақтағы сөздің мағынасы жағынан оқшау, ырғақтың құрылысы ұзын тармақтың соңында қысқа 2 буынды ғана бунақтың бөлектенуі де орынды. Осының бәрі соңғы бунақтың алдында ерекше кідіріс жасалып, дауыс толқынының өзгеруіне, өлеңнің, тармақтағы соңғы сөздердің күшті леп пен, сезіммен айтылуына мүмкіндік береді.
Өлең сөзге сөйлеу тіліне тән интонациялық екпін-леп бітіру сөйлемнің, оның ішіндегі қысқа-қысқа сөйлемшелердің қалай құрылатынына тікелей байланысты. Ауызша шығарылып, әуендете айтылатын өлеңде сөйлемдердің ара-жігі мен тармақтардың шегі үнемі дәлме-дәл келсе, жазылған, сөйлеп оқуға лайықталған өлеңде үнемі бұлай бола бермейді. Арагідік болса да сөйлем мен тармақтың шегі қысқалау, біртұтас сөз тіркесі мен бунақтың шегі бір-бірінен алшақ түскенде өлең интонациясы жанданып, өзгереді. Сондықтан үнемі белгілі бір өлең түрінде қалыптасқан, үйреншікті болған сөйлемдердің құрылыс-қалпын сақтамай, ара-тұра болса да, сөйлемді реті келгенше әдеттегі айтылуына сәйкес етіп, еркін құрудың зор мәні бар.
Өлеңдерінің ырғақ, интонациясына тән кейбір жаңалықтардың сол кезеңдегі ізденуден туғандығын Сәбиттің өзі дұрыс айтқан: «…түр жағынан келгенде, менің соңғы шығармаларымда жолды бөлшектеу бар.
Қажымас қара айғырым, (Ұрпағын кең жайғырым).
Терісі – темір, Сүйегі – болат, Шегі – сым,
Демі – от,
Айғырымның барында
Кімнен кем менің байлығым.
Бұл өлең ең алдымен 8 буынды, кәдімгі шұбыртпалы өлең. Жолы да сол. Бұндағы өзгешелік өлеңнің жолдарын мағынасына қарай бөлшектеу, әр өлеңнің буынын толтырам деп, жазып отырған жолдағы пікірге жанаспайтын, көлденең сөздерді кіргізбеу. Менің соңғы әдісім осы»[1].
Қазіргі қазақ поэзиясында өлең өрнектерін байытуда маңызды жаңалық табу қажет-ақ. Өлең сөзді сөйлеу интонациясына жақындата түсу, өлең ырғағын оралымды, икемді ету үшін өлеңнің шумақ, тармақ, ұйқас кестесін толықтыру және ұзынды-қысқалы тармақтар топтастырылған өлшемдерді көбірек қолдану, поэзияға жаңа, өнімді өлшем-өрнектер енгізіп, оларды тұрақтату – осы бағыттағы ізденістің жемісті жолдары.
Ауызша шығарылатын өлеңнің әуезділігін, үнділігін жоғалтпай, сақтай отырып, оған жазып шығарылған, сөйлеп оқылатын өлеңге тән ерекшелік сипат дарыту, өлеңнің ырғақ-интонациясын, сөйлемнің синтаксистік құрылысын сөзді жайша сөйлеп айтқанындағы қалпына сәйкестендіріп құбылта білу үлкен творчестволық міндет. Бұл – бүкіл ұлттық поэзиямыздың алдында тұрған, көптеген ақындар бірігіп атқаратын, тарихи-әдеби дамуымыздан туған міндет. Бұл бағытта жемісті ізденістер бар екені белгілі. Ал енді осы міндетті толық жүзеге асыру үшін, әрбір ақын өзі тыңнан қосқан, жекелеген үлгі-өрнектерге қол арту аз. Өлең тілінің ырғақ-интонациялық байлығын жан-жақты ашып, өлең өлшемдерінің алуан түрлерін орнымен, шебер пайдалана білу керек.
Қазақ поэзиясындағы ертеден қалыптасқан, кең тараған өлең өлшемдерінде буын саны тұрақты тармақтар қолданылатындығын ерікті өлең түрін ұлттық өлең құрылысына, поэзиядағы негізгі өлең жүйесіне қарсы қоюға болмайды. Ерікті өлең түрін қолдану – силлабикалық өлең жүйесін бұзу, буын санын тұрақты қалыпта сақтау принципін жоққа шығару деп ойлау ағаттық болар еді. Үйткені бірлі-екілі шығармаларында ерікті өлең түрін пайдаланған ақын басқа шығармаларын белгілі, тұрақталған өлең өлшемдерін қолданып жаза береді. Кейбір ақындар ерікті өлең түріне өз туындыларында азды-көпті көңіл қойса, ұлттық поэзиямыз қалыптасқан өлең өлшемдерінен безіну керек деген қорытынды тумаса керек. Бұлар бірін-бірі ығыстыратын, бір-бірімен сыйыспайтын нәрселер деуге бол майды, әрқайсысының өз мүмкіншілігі, өзінше артықшылығы бар.
Поэзияда қалыптасқан ырғағы жеңіл, ширақ сөйлем құру, сөз қиюластыру үлгілерінің жеке-жеке, кейде топтап алынып, алмастырылып, басқаша құрылымды үлгілермен қабаттастырыла қолданылып отыратыны. Мұның өзі сөйлемдерді, сөз орамдарын мейлінше әркелкі етіп құруға мүмкіндік береді. Көлемі, ырғақ-өрнегі әрқилы тармақтардың үнемі араласа беруінің есесіне осындай тармақтар дың бірнешеуінде сөйлемдерді синтаксистік, интонациялық құрылысы жағынан біркелкі етіп алу тәсілі кеңінен пайдаланылады.
Қазақ поэзиясында ырғағы құбылмалы келетін ерікті өлең түрін қолдану ақындардың шығармаларында кездеседі. Мұндай үлгі халық поэзиясында қысқа нақыл өлеңдерде, тақпақтарда, шешендік сөздерде кездеседі. Қолма-қол ауызша шығарылып айтылатын, ерекше тапқырлықтан туатын, ойнақы, өткір шешендік сөздер қисындылығы, ықшамдылығы, ырғағының жеңілдігімен де тақпақтап, еселеп, екпіндетіп айтуға лайық болған. Сәкен, Ілияс, Сәбит, Бейімбеттер ерікті өлең түрін қолданғанда халықтық өрнектерді шебер пайдаланды. Осы бағытта іздену нәтижесінде туған айтуға тұрарлық, сәтті шыққан жаңалықтар да бар.
Ерікті өлеңнің үлгілері ретінде Сәкеннің «Бір ақынның сандырағы», С.Мұқановтың «Шоқпыттың шаруасы», Ілиястың «Қазақы қорытынды», «Ала бие», Бейімбеттің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» тәрізді өлеңдері. Осылардын ішінде біраз оқшаулау тұрғаны – «Бір ақынның сандырағы». Бұл өлеңде бастан аяқ болмаса да, белгілі бір ырғақ өрнегін сақтауға ұмтылған. Өлеңнің басқы бөлшегін талдап көрелік:
Ауру ақын Ыңқылдайды төсекте Қыстығып. Доктор жақын, Қасында отыр есептеп Ыстығын. |
Блок, Бальмонт Жастығының астында – Иманшарты. Ақ орамал басында. (С.Сейфуллин) |
Осы үзіндіні үш тармақтан топтап қарастырсақ, үнемі бастапқы тармақ 4 буынды, келесі тармақ 7 буынды (4 буын + 3 буын) болып келеді. Бұларға 3-4 не 5 буынды тармақтар бір-бірден қосарланып отырған. Өлеңнің бұдан басқа бөлегінде Сәкен дарашыл ақынның мінез-тұлғасын, әрекетін баяндап сипаттамай, тікелей оның өзін сөйлетіп, соның сөйлеу ерекшелігі арқылы елестетуге тырысады.
Мен отпын – жанамын! Мен отпын, Мен нажағай – жарамын! Мен оқпын. Мен құдаймын! Мен күн, аймын! Мен маймын! Мен баймын! «Далалаймын!» |
Жаймын! Мен нажағай – жарамын! Мен жүйрікпен жарысқанмын! Отпен от боп жанысқанмын! Алысқанмын! Шалысқанмын Жанмын! Мен! |
Осы ұзынды-қысқалы тармақтардың басын қосып, олардың ырғақинтонациясы жағынан үйлес айтылуына біршама себепші болып тұрған нәрсе – мұндағы тізбектелген сөйлемдердің қысқа-қысқа, құрылысы біркелкі болып және бастауышы үнемі қайталанып отыруы. Тақ-тұқ айтылатын, келте тармақтардың көп болуымен қатар ұйқастың жиілеуі де сөз ырғағын ширатып, оған жеңілдік сипат береді. Тармақтардың бірі мөлшерден кем, бірі артық шығып жатуы шалықтап, шалқып айтылған мағынасыз сөздің қисынсыздығын айқындау үшін көркем тәсіл ретінде әдейі жасалған.
Ілиястың «Қазақы қорытынды», «Ала бие», Бейімбеттің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» атты өлеңдеріне тән қасиет – олар екі адамның бетпебет келіп сөйлескен сөзі диалог түрінде құрылған. Екі кісінің сөздері кезектесіп, үнемі алмасып келуінің өзі де өлең ырғағының ширыға түсіп, нақ-нақ айтылуына себін тигізеді. Аталған өлеңдерден мысал келтірейік:
«Қазақы қорытынды»: |
– Не шықты |
Әликүм салам, |
– Ат майы қайтты, |
Қайдан балам? |
Тигені – ала бие. |
– Қаладан. |
«Ыбыраймыз, Ыбыраймын»: |
– Не жақсы, жаман? |
– Уа, кімсің? |
– Ел аман. |
– Ыбыраймын. |
Әйелге бостандық болды. |
– Жайымысың? |
Әйел ерге барады қалаған |
– Жаймын. |
Еркек әйел алады таңдаған. |
– Қайдан келесің? |
Ұғынбаймын, балам, |
– Соттан келемін. |
Бұ не заң-заман? |
Соттан емес-ау, |
– Қазақшылық қалады білем, |
Оттан келемін … |
Сырт қарағанда бір-біріне жанасымы жоқ секілді көрінген ұзындықысқалы тармақтардың қиюласып, ырғағы бірыңғай, жеңіл шығатынын байқауға болады. Өлеңнің басында келетін тармақтарды алсақ, «Әликүм салам», «Қайдан балам?», «Не жақсы, жаман» 4, 5 буынды тармақтар ырғағы жағынан өзара сәйкес, «Қаладан», «Ел аман» деген 3 буынды тармақтар да сондай сәйкес шығады. Ал «Әйел ерге барады қалаған», «Еркек әйел алады таңдаған» деген екі ұзын тармақты алсақ, бұлардың өз ара жақындығын былай қойғанда, әрқайсысы жоғарыдағы бір ұзынырақ, бір қысқарақ тармақтың екеуімен (Қайдан балам? Қаладан немесе Не жақсы, жаман? Ел аман) теңесуге бейім тұрғаны аңғарылады. Әрине, мұндай сәйкестік үнемі кездеспейді. Екінші мысалдан тіпті бір-бірімен үйлес келетін тармақтар («Болды береке, жүйе», «Бермек еді Шүйе», «Қылмады ие», «Тигені ала бие») 5, 6, 7, 8 буынды болып әркелкі келеді. «Ыбыраймын – Жаймын», «Қалай екен? – Арыз берген малай екен» дегенде үйлес тармақтар да ұзынды-қысқалы. Ырғағы еркін, толқымалы болғандықтан, бұндай өлеңдерде ауызекі сөздің айтылуы, интонациялық, синтаксистік өзгешеліктері толық сақталады.
Өлеңде ауызекі сөйлеп айтылатын сөздің өз қалпын, ондағы дауыстың өзінше толқын-толқын құбылуын сақтауға ұмтылғандықты Дихан Әбілевтің «Айтшы, теңіз, сырыңды» деген жырынан да байқалады.
Теңіз! Теңіз!
Айтшы теңіз, сырыңды маған! Дүниеге қашан келдің,
Сенен үлкен бе, кіші ме адам?
Күнмен, Аймен құрдаспысың,
Қай жылы жаратылғаныңды айтып па еді бабаң?
Бермесең жауап бұларға, Мына бір сауал ұнар ма?
Жер үсті меңіреу – мылқау тілсіманда
Жатқанда зілзәла боп зымыстанда,
Мұз құшқанда,
От құсқанда,
Дүние сілкінгенде,
Топан іркілгенде пайда болдың ба?
Не бар екен сенен бұрын сенің орныңда?
Бермесең жауап бұған да,
Мына бір сауал ұнар ма?..
Ақын теңізге қарап, терең ойға шомып, одан сан түрлі сауалдарға жауап алғысы келгендей тебіренеді. Толғана, сыр тарта сөйлеген адамның сөзінің айтылу өзгешелігін: неғұрлым айқынырақ көрсетпекші болып, өлеңнің ырғақ-интонациясын мейлінше толқымалы етіп келтіреді. Сөйлем құрғанда, әр тобын өлеңде әдетте кездесетіндей біркелкі етіп өрнектемей, көбінесе әр қалай келтіріп, еркін ширатып отырады. Дәлірек айтсақ, сөйлем құруда да, тармақтарды өрнектегенде де осы екі түрлі тәсілді бірдей қолданады. Ең жиі кездесетін тармақ «Айтшы, теңіз, сырыңды маған!» дегендегідей 9 буынды боп, 4 буын + 3 буын + 2 буыннан өрнектеледі. Өлеңде:
Бермесең жауап бұған да,
Мына бір сауал ұнар ма? –
деген жыр өлшемімен құрылған 8 буынды қос тармақ әp жерде қайталанып келіп, сөз ырғағының жеделдігін арттыра түсуге себепші болады. Солармен қатар 11 буынды тармақтар да, кейде тіпті 12, 13, 14 буынды тармақтар да, буын саны әр қилы қысқарақ тармақтар да кездесіп отырады.
Жер үсті меңіреу-мылқау тылсыманда Жатқанда зілзәла боп зымыстанда, –
немесе:
Көкке шапшып көк ала толқын нуың, –
деген секілді 11 буынды тармақтардың ырғақ-өрнегі қалыпты, үйреншікті екенін көрсек:
Қай жылы жаралғаныңды айтып па еді бабаң….
Не бар екен сенен бұрын сенің орныңда… Мұнша ұзақ өмірді кім берді саған? –
секілді 14, 13, 12 буынды тармақтардың ырғағы ауызекі сөздің айтылу қалпына толық сәйкестендірілген. Қысқарақ тармақтар да (4 буынды «Теңіз! Теңіз!», 5 буынды «Жер перзентісің», 6 буынды «Қалай ержетіпсің?») ұзын тармақты жәй бөлшектей салмай, өзінше дербес, бөлек құрылған.
Ерікті өлеңнің үлгісі ретінде Ә.Сәрсенбаевтың екі шығармасына тоқталуға болады. Біріншісі мынау:
Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде, Ол жауға қарсы шапты. Бізді жалмамақ болған ажалды Өр кеудесімен қақты. Ол арыстанша алысты, |
Ол ақшаға сатқан жоқ. Тізеден кесіп аяғын. Өлім соққысын өз үстіне алды. Денесін оқ пәршелесе де,
Ел намысын қорғап қалды. Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Сенің келешегің үшін берді ол Азаттық жолында аяғын! |
Бұл өлең жеделдетіп айтып, әндете оқып кетуге көнбейді. Да уыс толқыны, ырғағы ауызекі сөздің айтылу қалпына сәйкес. «Сен, құрметте оны!» дегенді 6 буын етіп те, сөз арасында екі дауысты қатарласып келетіндіктен алғашқысын түсіріп, 5 буын етіп те айтуға болады. Сонда өлең тармақтары бес-алтыдан бастап 11 буынға дейін әртүрлі болып түсе береді, бірақ олардың дені 7, 8, 9, 10 буынды. Осы ұзынды-қысқалы тармақтардың бунақталуы да әр қалай, белгілі өрнек қалпын қатаң сақтау кездеспейді. Өлеңде шумақ, ұйқас берік сақталған, әр шумақ төрт не алты тармақтан құралған. Ұйқасы аттамалы, үнемі жұп санды тармақтар үйлесіп отырады. Ал өлең ырғағы барынша ерікті, толқымалы. Сөйлемдердің интонациясы, синтаксистік құрылысы әндетпей, дауысты еркін құбылтып сөйлеуге, жеке сөзді, қысқа сөйлемшені оқшаулап, бөліп алып, нақ-нақ айтуға өте ыңғайлы. Бірінші тармақтағы «сен», үшінші тармақтағы «ол» деген сөздер осылай дауыстың екпін-ырғағымен оқшауланып, баса айтылады.
Сөйлеп оқуға лайықталған, ырғағы емін-еркін өзгеріп отыратын өлеңнің Әбу Сәрсенбаев поэзиясындағы тағы бір нұсқасы мынау:
Мазасыз Украина түні! Тек мазасыз зеңбірек күркірі. Түн түнеріп, тағы да төбемнен үңілді. Жаралы алыптай теңселуде бүгін, |
|
Ай мен жұлдызды артқа жасырып, Түн қара түнегін киінді. Қатерлі өлім көлеңкесі Менің жүзіме келіп үңілді. Мазасыз Украина түні!.. Мен окопта отырмын, Батыстан алмай көз қырын. Тынысымды ішке тартып тыңдаудамын Тіміскілеген сұм ажал! Сұм ажал төңірегім. Мен окопта отырмын Бүгін естілмейді бұлбұлдың жыры, |
Бауыры жыртылып Украина қыры. Қызыл нүктелер көкке көтерілуде, Оның денесінен ыршыған ыстық қан тәрізді Бүгін естілмейді бұлбұлдың жыры. Мазасыз Украина түні! Түн түнеріп тағы да төбемнен үңілді. Көтерілді өлім көлеңкесі Тіміскілеп кеп, окобыма үңілді. Бірақ мен үрейден аулақпын, Өңештен алмақпын өлімді! Мазасыз, мазасыз, Украина түні! |
Осы өлеңдегі төрт шумақтың бәрі жеті тармақты, ұйқастардың реті де үнемі біркелкі сақталады. Шумақтың басындағы жыр жолы «сақина» тәсілімен шумақтың соңында қайталанып отырады. Шумақ, ұйқас өлеңге тән өрнектіліктің белгілері екені рас, бірақ өлеңге өзгеше сипат беріп тұрған басқа нәрсе бар. Ол – тармақтардың көлемі, ішкі құрылысы барынша өзгермелі болып келетіндігі. Бірінші шумақта төрт тармақ 9 буынды да, қалған үшеуі – 10 не 13 буынды. Екінші шумақта үш тармақ 7 буынды да, қалғандары 8, 9 не 12 буынды. Үшінші шумақтағы тармақтардың дені 11 не 12 буынды. Ал төртінші шумақтағы тармақтардың біреуінен басқасы 9 не 12 буынды. Өлеңде бір 15 буынды тармақ, бірлі-екілі 13 буынды тармақ та кездеседі. Яғни тармақтардың көлемі айқын өлшеулі емес, бірақ мүлде шексіз де емес, әр шумақ ішіндегі тармақтардың көпшілігінің ырғағы қалайда бір-біріне ыңғайлас келіп, бір-екі буыны ғана артық-кем түседі. Кейде ғана басқалардан 4 не 5 буыны артық тармақ кездесіп қалады. Осының бәрі сөз жоқ, өлеңнің айтылу, оқылу қалпын сөйлеу тіліндегі дауыс толқынының өз бетінше, табиғи түрінде жоғарылап, төмендеп отыруына сәйкестендіру үшін істелген, әрі сәтті шыққан.
Әбділда Тәжібаевтың «Құрдасқа» атты өлеңі де назар аударарлық.
Талдап қарау үшін оның алғашқы жарымын алсақ та жеткілікті.
Иә, екеуміз бір күн тудық,
Құрдасжан, Бірге көрдік жарықты.
Содан бері айнымастан, Айрылмастан бірге жасап келеміз. Есіңде ме құмда үйрілген құйынның Жолымызды тосқаны? Есіңде ме аждаһадай боранның Аранын бізге ашқаны?
Тоқтадық па, сонда біз?
Жоқ!
Сенсіз, досым, жалқымын,
Сенсіз, досым, жартымын,
Құрдасым,
Сен жігіт шақта қандай ең?
Адамзаттың алыбындай едің-ау!
Тау селдерін бас білдірер асаудай
Тулаған, шыңғырған күйде жетелеп
Апардың ғой шөл далаға төтелеп…
Мұнда ақын өлеңнің ырғақтық құрылысына негізгі арқау етіп екі-үшақ түрлі өрнекті алады: 4 буын + 4 буын + 3 буын және 4 буын + 3 буын немесе 3 буын + 2 буын + 3 буын. Бұл өрнектер де түрліше алмасады және кейде осы тармақтардың ырғағы басқаша (Екі/қолымның/бірісің тулаған/шыңғырған күйде/жетелеп), оның үстіне әр жерде 9, 12 буынды тармақтар да, бірлі-жарым қысқа тармақтар да қосылып отырады. Өлең ырғағының осылай сөйлеп айтылған сөздің ырқымен әдеттегіден гөрі еріктірек құбылып отыруы өлең сөз интонациясын түрлендіреді. Дауыстың бірде көтеріліп, бірде бәсеңдеп толқындауы өлең өлшемінің мөлшерлі өрнегі шектеп қойғандай көрінбей, сөз мағынасына, ой ағысына көбірек бағынғандай сезіледі.
Қ.Бекхожиннің «Арарат ұлына» өлеңінің де көңіл қоярлық ерекшеліктері бар.
Сен ұлысың әйгілі Арараттың,
Сонау мың жылдардың түбінен Бабаларыңның дауысын тыңдаған Әлемдегі тау біткен.
Естіген шығар ескі үніңді,
Аталарымның бесігі Менің Алатауым да!
Естіген шығар ертеде
Қарт армянның хикая-жырын да, Қашанғы ашулы, зарын да.
Араратқа таң қаламын
Талай нөсер бұлтты басынан кешірген,
Талай аждаһаның отын өшірген,
Талай сұрапыл шапқыншыны тойтарып, Жартастарды, нажағайды, Қағып жерге түсірген!
Бұл – өлеңнің алғашқы жартысы, түгел алғанда 60 шақты тармақ бар. Көлемі мен ішкі құрылысы мейлінше әрқилы екендігі келтірілген үзіндіден-ақ байқалады. Өлең тармағы 7, 8, 9 буынды немесе 11 буынды, әр жерде тіпті 12, 13 буынды болып келе ді. Зер салып қарасақ, өлең ырғағында өлшемділік, белгілі бір үлгі-өрнектерді тірек ету жоқ емес, өлеңдегі алпыс шақты тармақтың он бірі – 4 буын + 3 буын болып бунақталған 7 буынды тармақтар, алтауы – соңғы бунағы 3 буынды, 11 буынды тармақтар. 8, 9 буынды тармақтардың өзі ғана 20-дан асады. Ұйқастың үнділігі, сөйлемнің құрылыс-қалпы қайталануы, өлеңнің әуезділік сипат алуына демеу болып тұр.
Ырғағы еркін өзгеріп отыратын өлең түрі көлемі ықшам, шағын лирикалық шығармаларда көбірек қолданылады. С.Мәуленовтің «Адам өлмейді» атты жырында өлең ырғағы белгілі, қалыптасқан өлшемдердің өрнегіне үнемі сәйкес келмесе де, кейде өте жақын не тіпті дәлме-дәл келеді.
Мысалы:
Кейде жолда: Апатта,
Не тасқында;
немесе:
Қара қоршау –
Ажалдың ноқтасындай,
дегендерді алсақ, бұлар 4 буын + 3 буын + 4 буын болып келетін 11 буынды өлеңнің өрнегіне сәйкес шығады. Өлеңнің екінші бөлегіндегі:
Тауларда, Ормандарда, Өзендерде…
және:
Дауылды,
Өрт-жалынды кезеңдерде, –
деген тармақтар да 11 буынды өлең өрнегіне орайлас құрылған (3 + 4 + 4). Мұндай ырғағы еркін, құбылмалы келетін өлеңде ұйқастың атқаратын қызметі арта түседі. Ол өлең ырғағының ширақтығын күшейтіп, тармақтардың шек-жігін ажыратуға үлкен дәнекер.
От басында – не тасқында – ноқтасындай – бет(і)астында де ген тәрізді ұйқастардан осыны анық аңдаймыз. Ұйқасты айшықтай түсу мақсатымен ақын бірде тіпті қазақ поэзиясында ұшыраспайтын 6 буынды сөздердің (баспаханаларда – басмақалаларда) үйлесін де қолданады. Көңіл аударарлық жай – өлең сөйлеу интонациясының ыңғайымен көтеріңкі леппен оқылғанда, әр сөз, сөз орамы салмақпен, жекеленіп айтылғанда буын саны дәл бірдей емес тармақтардың да ырғағы ұқсас сезілуі мүмкін екенін көреміз. Мысалы:
Сөйлейді толқындар, Сөйлейді орман, –
деген сияқты бірі 6, бірі 5 буынды сәйкес тармақтардың ырғағында пәлендей алшақтық байқалмайды. Ырғағы жағынан бұлардың алғашқы бөлшегі ғана біркелкі екені рас, бірақ синтаксистік-интонациялық құрылысы жағынан олар түгелдей ұқсас. Ал мұнда ерекше мән бар, осы өлеңнен сәйкес тармақтар көлемі жағынан бірдей болмаса да, есесіне синтаксистік-интонациялық құрылысы жағынан көбірек ұқсас, біркелкі болып келетінін көреміз:
ГЭС-терге қанша күш беретінін… Қанша жаңбыр төгетінін, –
деген екі тармақты алсақ, бұлардың бірі – 10 буынды, бірі – 8 буынды. Екеуінің соңғы бунағы ғана толық біркелкі (4 буыннан), бірақ бұлар сөйлем құрылысы, интонациялық ерекшелігі жағынан бір-біріне өте жақын. Сондықтан олардың ырғақтық құрылысындағы алшақтық онша күшті сезілмейді. Жақындық, ұқсастығы көбірек.
Қазақ өлеңінде әдетте көлемі 4 буыннан артық сөздер қолданылмайды, егер қолданыла қалса, тармақтың бунаққа бөліну ретіне орайлас сөздер ырғақ-интонациясы жағынан екі бөлініп айтылады. Олай болмағанда айтылу қалпы жағынан өзге сөздерден оқшауланып көзге түсетін. Сөйлеп оқуға арналған ерікті өлең түрінде мұндай сөздерді қолдануға ондай шек қойылмайды, сөйлеудегі қалпын толық сақтап, дауыстың толқынырғағын өзгертпей-ақ айтуға болады. Бұлардың осылай айтылуының өзі осы өлең түрінің сөйлеу интонациясына неғұрлым жақын екендігін айқын байқатады. Екпіні күшті естілетін орыс сөздері ғана емес, буыны төрттен артық қазақ сөздері де өлең ішінде жеңіл айтылады. Мысалы, С.Мәуленовтің жоғарыда үзінді келтірілген өлеңінде президиумында, председательдік деген сөздермен қатар жапырақтарымен, арғымақтарымен деген сөздер де ұшырасады.
Өлең ырғағын өзінше өрнектеп келтіруі жағынан Ф.Оңғарсынованың шығармаларын атауға болады. Ақын өлшем-ырғақ жаңалығын мазмұн тереңдігімен ұштастырады. Сөз қолдану ерекшеліктерінен де, сөйлемдердің синтаксистік құрылысы мен өлеңнің ырғақинтонациясынан да ақынның өзіне тән публицистикалық үнділікті, еркін сөйлеп айтылатын сөзде ғана болатын оралымдылықты мол сезінеміз.
Мен комсомол – жастықпын, Алау жүзімді ақ түтек боран мен даланың аптап күні өпкен.
Қиындықтарда қылыштай құрыш білекпен
Болашақтарға бақыт жолын тік тартып,
жапан түздерді түлеткем.
О, дауылды ғасырым! Арынды екпін мен арман – Шыңдарға самғаған.
Алдыңда сенің табынып жатыр
бас көтере алмай бар ғалам…
Бұл ырғақ өрнегін ақын «Коммунист», «Тарихпен тілдесу», «Ұстазға» секілді бірнеше өлеңдерінде қолданады. Салыстыра отырып қарағанда мұндағы өлең ырғағының өзгешеліктері анық байқалады. Алдымен көзге түсе тін нәрсе – мөлшерлі көлемі, өрнегі бар бірнеше тармақтар өлеңге тірек етіп алынады да, еркін араласып келіп отырады. Олар: 13 буынды тармақ, 10 буынды және 8 буынды екі тармақтан біріктіріліп қосылған 18 буынды тармақ, 8 буынды тармақ, кейде 7 буынды тармақ. Соңғысының бунақталу қалпы 4 буын + 3 буын. Басқалары 3 буын және 5 буыннан бунақталған. Әдетте тармақтың 5 буынды бөлшегі (не тармақ) 3 буын + 2 буын болып екіге бөлінетін болса, мұнда ол тұтас бір бунақ болып келеді. Кейде екі сөзден құралып (1 буын + 4 буын), кейде тіпті бүтін бір сөзден де жасалады: қиындықтарда, болашақтарға, қартаймастаймын, жарақаттанған, жарамсақтықпен, бұлқынатындай, большевиктердей, құлдыратқанда, т.б.
13, 18 буынды ұзын тармақтардың қолданылуы, сондай-ақ бунақ кейде 5 буыннан құралып, әр жерде 5 буын ды сөздердің кездесуі өлеңнің ауызша айтылатын сөздің интонациясына тән сипат алуына себепші болады. Өлеңнің өзі сөйлеу интонациясына сәйкес болғандықтан және солай оқылатындықтан арагідік 5 буынды бунақ орнына 6 буын түсіп ұзарып, не бір буыны қысқарып, тармақтың көлемі сәл өзгерсе де, одан өлеңнің ырғағы солғын тартқаны байқала қоймайды. Өлең ырғағының осылай құрылуы поэзияда кездеспейтін, қомақтырақ келген, үйірлі сөз тіркестерін, сөйлемдерді қолдануға да мүмкіндік береді. Сөйлемдер, сөйлемшелер бірде қысқа қайырылса, енді бірде созылып, ширатыла түседі. Сөз тіркестерін ірілендіріп, көлемділеу сөздерді қосарлап, топтастыра айту оңайырақ болады. Өлең сөздің нақ-нақ айтылатып ықшамдылығы біраз бәсең тартып, оның есесіне кең орамға келетін, еркін құбылып та отыратын ырғақ өзгешелігі айқын ссзіліп тұрады.
Тұманбай Молдағалиевтың «Немере сыры» атты өлеңінің ырғақ өзгешелігі де қызғылықты:
Есімде,
Әкемнің есімін қайталап атадың, Суланды кірпігің, сақалың.
Аң-таң боп мен тұрдым түсінбей,
Әкемді жалмаған
Соғыстың шатағын.
…Балдаққа сүйенген әскерлер оралды ауылға, Кеудесін төсеген нөсерге, дауылға.
Біреулер бір көзін беріпті Беріпті біреулер аяғын, Бәрін де мүсіркеп аядың.
Көзіңнің алдында Жайлаудың өзені гүрілдеп ағады,
Қалың қой шүйгінге шүйіліп, Тыныштық табады.
Трактор гүрілдеп жөңкиді,
Тілгілеп ауаны.
Көзіңнің алдында
Қара бұлт аспанда көшеді…
Өлең тармақтары ұзынды-қысқалы келе береді, бірақ бәрі дерлік 6 не 9, болмаса, 12 не 15 буынды. Өлеңнің ырғақ-интонациясын ерекше түрлендіріп тұр, үнемі 3 буыннан бунақталған. Бұл өлең ырғағына тірек болып тұр. Өлең сөз ырғағы осы 3 буынды бунақтардың әртүрлі (екіден, үштен дегендей) топтасуына негізделеді. Тек анда-санда ғана 2 буынды немесе 4 буынды бунақ кездесіп қалады.
* * *
Жоғарыда аталған, талданған үлгілер осы бағыттағы творчестволық ізденістердің бастамасы ғана, оларды ерікті өлең түрінің қазақ поэзиясында орнығу, өркендеу мүмкіндігі, келешегі бар екенін танытатын жеке мысалдар ғана деп қарау орынды.
Поэзиядағы әбден орныққан тармақ, бунақ кестесінен бас тартқанда, өлең сөз үйреншікті жеңіл ырғақ, қалыпты әуезділігін жоғалтады да, оның орнын толтыру оңайға түспейді. Ерікті өлең сапалы, келісті шығу үшін әр сөз, сөз орамы ерекше мағыналы, мәнді болмақ керек; ырғақ-интонациясы жағынан оқшауланған әр сөйлем, қысқа сөйлемшелер ширақ, жинақы, оралымды болуға тиіс. Өлеңді жай қара сөзге айналдырмай, сөз ырғағын ширақ етіп келтіре білу, өлеңге әр сөзін салмақтап, айрықша лебізбен оқуға сай қасиет дарыту – бұл үлкен ақындық шеберлікті талап етеді.
Ерікті өлеңнің қазақ поэзиясында әзірге бар нұсқаларының бәрі бірдей толық жетілген, кемеліне келген жоқ. Бұл өрнекті жерін тауып, орнымен шебер пайдаланса ғана қа зақ өлеңінің ырғақ-әуезділік байлығын, интонациялық икемділігін арттыруға болады. Ерікті өлең түрін әлі де өрістетіп, жетілдіру, оны өлең-жырларда жиірек, батылырақ қолдану – аса маңызды міндеттің бірі.
[1] Мұқанов М. Қалай жазам? « Жаңа әдебиет», 1935. № 6. 23-24-бб.
З.АХМЕТОВ