ХАЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТІЛІ
Өлең сөздің бейнелілігі, қуаттылығы поэзия заман, дәуір шындығын, халық тұрмысын неғұрлым терең, жан-жақты көрсете алса, соғұрлым арта түседі. Шынайы көркемдік шеберлік, сөз суреттілігі, тіл бейнелілігі үлкен өмірлік мазмұнмен бірге туады. Тілдің, сөз кестесінің табиғилығы мен қарапайымдылығы дегеніміз халықтың көркем дүние танымы, көркем ой-сезімі қоғамдық өмірмен, нақтылы әлеуметтік-тарихи жағдайлармен байланысты қалыптасқандығының белгісі. В.В.Радловтың: «Қазақтың өз өлеңдерінде бағалы санайтыны ертегілердегідей әлдеқандай бір жан түршігерлік және ғажайып дүние емес, ол өзінің сезімі мен талап-тілегін, қоғамның әр мүшесі аңсайтын арман-мұратты жыр етеді. Тыңдаушыларды сүйсіндіретін қисынсыз ғаламат жайлар, керемет зор нәрселер емес, табиғи жайлар, айналадағы өмірдің ақиқат шындығы»[1].
Халық поэзиясындағы теңеу, метафора, кейіптеу, аллегория, символ, бейнелеу, салыстыру, тұспалдау үлгілері өзінің нақтылығымен, заттық мағына беретін айқындығымен ерекшеленеді. Оларға тән суреттілік пен бейнелілік ой ұшқырлығынан, тапқырлықтан, өмір құбылыстарының қат-қабат байланысын жіті көріп, сезе алатын байқағыштықтан туады. Біз олардан үнемі кең толғап, тұжырымдауды, нақтылы нәрсеге жалпылық мағына беруді кездестіріп отырамыз да, мәні жоқ, қисынсыз дерексіздікті мүлде ұшырастыра алмаймыз. Халық поэзиясы туындыларының қайсысын алсақ та, қиялдан туған көңілге қонымсыз, ақылға сыйымсыз, анық сипат-белгісі жоқ сурет-бейнелер емес, көріктеулер қолданылатынын көреміз.
Қазақ поэзиясының сөз кестесі мен өлең құрылысының, түпкі негіздері ерте заманда, көне дәуірде қалыптасқанын дәлелдейтін мысалдар аз емес. Айталық, батырдың сұрапыл қайратын, жүректілігін арыстанмен, жолбарыспен теңеу секілді бір алуан бейнелеу тәсілдері көне заманнан қалған, ескі түрік тайпалары туғызған әдеби нұсқаларда кездесе береді. Ер жігіт бейнесін қыранмен, ару қызды аққумен салыстыру қазақ, басқа түркі тілдес елдер ғана емес, көптеген халықтардың көне әдеби нұсқаларында, ауыз әдебиетінің ежелгі, ескі туындыларында ұшырасады. Мұндай мысалдарды тағы да келтіре түсуге болар еді. Бірақ мәселе жеке мысалдарда емес. Бірталай суреттеу, бейнелеу тәсілдері, мысалы, адамның әр түрлі қасиеттерін (ерлігін, қайсарлығын, өжеттігін), әйелдің сымбатын сан алуан аңмен, баққан малмен, құспен салыстырып айту, табиғат құбылыстарын жанды бейне қалпында қабылдап-сезіну (кейіптеу) немесе әсірелеп айтудың біраз түрлері – осылардың қай елде болсын өте ерте заманда, жазба әдебиеті тумастан бұрын қалыптасқаны белгілі. Ал қазақ поэзиясындағы өлең, өрнектерінің, соның ішінде жыр өлшемінің, 7-8 буынды өлең түрінің көне заманда туғаны жайлы мәселені арнайы, толығырақ сөз етпекпіз.
Халықтық поэзияда (қай елдің сөз өнерін алсақ та) белгілі бір ұғымға үнемі қатарласып айтылатын тұрақты эпитеттер көп кездесетіні белгілі (айдын көл, асқар тay). Мұның өзі кездейсоқ құбылыс емес. Халық поэзиясында бейнелі сөз түрлері, сөз нақыштары сан жағынан жазба әдебиеттегідей мол болмағанымен, оның есесіне жиірек қолданылады. Халықтық өлең-жырларда бейнелі сөздердің берік орнығып, тұрақталғанын, әбден екшеліп, сұрыпталғанын, поэзияның тіл кестесіне хас үлгі-нақыштар бо лып қалыптасқанын байқаймыз. Сондықтан халықтың өлең-жырындағы әр эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу, символ секілді сипаттау, салыстыру, көріктеу тәсіліне байсалдылықпен қарап, тексерудің, олардың халық тілінің, халықтық поэзияның сөз кестесіне тән өзгешелігін біліп-түсінудің мәні зор.
Қазақтың халық поэзиясында табиғат суреті, жаратылыс көріністері үлкен орын алады. Бұлай болуы заңды да. Сахарада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жазда, күзде, тіпті жыл бойы дерлік кең далада, төңкерілген ашық аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін елдің өзін ұдайы табиғаттың аясында, құшағында отырғандай сезінуі таң қаларлық нәрсе емес. Даланың сайы, белі, тау-тасы, өзен-көлі, қыр адамы кезінде бір көріп қызықтайтын ғана көрініс емес, оның ғұмыр кешетін, ұдайы малын бағып, орын теуіп отырған ортасы, мекен-жайы. Сондықтан ол әр тасты, әр биікті, әр қырды, суды жақсы біледі, жазбай айырады. Айналасындағы табиғаттың әр сипат-белгісі оның ой-санасында ерекше орын алады. Ендеше халық поэзиясында, өлеңдерде табиғат, жаратылыс көрініс-сипаттары мол елес беруі кездейсоқ емес. Ай жарығы, күннің нұры, тау мен тастың жаңғырығы, самал лебі, су гүрілі, шөп сыбдыры, құстар үні, т.б. осындай жаратылыс-табиғаттың, айналадағы жанды, жансыз дүниенің белгі-әсерлері халық поэзиясынан мол байқалып отырады. Табиғат құбылыстары, жаратылыс суреттері поэзиядағы, әдебиет тіліндегі қолданылатын теңеу, салыстыруларда жиі ұшырасады.
Қазақ тілінде төрт түлік малға байланысты ұғым-түсініктерді білдіретін сөздерді ауыспалы мағынада қолдану жиі ұшырасады. Мысалы, қоздау деген сөз көбею, туындау деген мағына берсе, ал марқаю деген сөз өсу, жетілу-толысу деген ұғымда айтылады. Баланы қозым, ботам деп еркелетіп атау қазақ тілінде қандай үйреншікті болса, нар, серке, тарланды еркектің, ер жігіттің баламасы ретінде айту да сондайлық машықты нәрсе. «Ат тұяғын тай басар», «түйенің үлкені көпірден өткенде таяқ жейді» деген секілді ондаған мақал-мәтелдердегі ат, түйе арқылы адамды тұспалдау да осындай дәстүрлі ұғым-түсініктер, салыстырулар негізінде туған. Бұл сияқты алуан түрлі сөздер мен сөз тіркестері және солардың үлгісімен туып жататын сөз нақыштары өлең тіліне ұлттық сипат дарытып, өзгеше рең береді. Тұлпар, арғымақ, сұңқар, қыран, аққу, бұлбұл, киік, марал, құлан тағы басқа осы секілді бейнелер халық поэзиясында теңеу, салыстыруда әсіресе жиі кездеседі. Олардың көбі әр түрлі сипат-қасиеттердің көркем баламасы ретінде қалыптасып, халықтың эстетикалық көзқарасымен тығыз байланысты болған. Осылардың ішінен ең көп қолданылатыны – жүйрік ат бейнесі. Ол халықтың көркемдік ұғым-түсінігінде ел өміріндегі алу ан түрлі жайлармен тығыз байланысты болып келеді де, солардан айқын елес беріп, көп әсер, ассоциация туғызып отырады.
Тұлпар, арғымақ, сұңқар, қыран, аққу, бұлбұл, киік, марал, құлан тағы басқа осы секілді бейнелер халық поэзиясында теңеу, салыстыруда әсіресе жиі кездеседі. Олардың көбі әртүрлі сипат-қасиеттердің көркем баламасы ретінде қалыптасып, халықтың эстетикалық көзқарасымен тығыз байланысты болған. Осылардың ішінен ең көп қолданылатыны – жүйрік ат бейнесі. Ол халықтың көркемдік ұғым-түсінігінде ел өміріндегі алу ан түрлі жайлармен тығыз байланысты болып келеді де, солардан айқын елес беріп, көп әсер, ассоциация туғызып отырады.
Қазақ елінің тіршілігінде аттың алған орны қандайлық зор болғанын Ілияс «Құлагер» поэмасында өте келісті айтып берген:
Жасымнан жылқы десе менің жаным.
Атырдым жылқы ішінде өмір таңын, Жапанда жел жылқының үстінде ескем, Мекендеп өміріме аттың жалын.
Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім, Жырым – жылқы, жүйрік ат – салған әнім. Аспан асты, жері жүзі – кең сахара Күн көріп атам қазақ келген мәлім. Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы, байын, Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым. Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы, Білген жан бекер демес аттың жайын.
Халық мақалдарында жақсы аттың жақсы адаммен, ер жігітпен, сұлу әйелмен қатар айтылатыны да тегін емес:
Жорға жолына тоқтар, Жақсы жөніне тоқтар.
Хас жүйрікте сын болмас, Хас сұлуда мін болмас.
Жақсы аттың тісін ашпа,
Жақсы кісінің жасын сұрама.
Халықтың ұғымына аттың бейнесі етене жақын, сіңісті болуы соншалық, адамның мінез-кейпін, қасиет-ерекшеліктерін оның сипатымен салыстырып айту қазақ тілінде айрықша мол кездеседі. Бұл тұста біз тек мал баққан көшпелі елдің ортасында ғана кездесетін бейнелеп сөйлеу ерекшеліктерін толық көре аламыз. Халықтың атты түр-түсі, жасына, жүріс-шабысына, желісіне қарай ажыратып, алуан түрлі атайтыны, әр қилы белгі-сипаттарын дәл танып көре білетіні өлеңжырларда қолданылатын көптеген теңеу, ұқсатулардан айқын байқалып отырады.
Қазақ тілінде дүлдүл, тарлан, арғымақ, тұлпар деген сөздерді адамның шешендік, тапқырлық, алғырлық, ақылдылық секілді қасиеттерін танытатын көркем балама етіп пайдалану үйреншікті жай. Ақындар жүйрік атпен, тұлпармен өзін де, өлеңін де, даусын да, домбырасын да салыстырады («Жүйріктей домбырамды сабылтамын», – дейді Жамбыл). Көңілдің, ойдың шапшаңдығы мен аттың жүйріктігі қазақтың халықтық ұғымында жарыса, қатарласа салыстырылатын бейнелер. Ақын шабыты мен аттың шабысы да сол тәріздес. Қазақ поэзиясында бұлардың ойлау, бейнелеп сөйлеу тәсілі ретінде аса кең жайылғаны сонша, осындай салыстыруды қолданбайтын ақын табылмайды. Халықтың жыр-
дастандарында ару қыздың (Қыз Жібек, Ақжүніс) бой-тұлғасын, кербез, қылықты қимыл-қозғалысын аттың ойнақы әсем жүрісімен салыстырып бейнелеу де ұшыраса береді.
Сара мен Біржанның айтысындағы Біржанның сөзінен ақынның өзін арғымақ, жорға, жүйрік, бәйге аты, ылау аты, тұлпармен салыстыруының алуан түрін кездестіреміз:
1) Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес: 2) Жел қабыз, жез тағалы еңреумін, Қара тер шыққан сайын кетем ағып. 3) Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас, Жібек жал, арғымақпын тұмарлаған.
4) Самғаймын бәйге атындай артып-тартып. 5) Жорғамын қалың топта самғайтұғын, Бәйге аты серпінімді шалмайтұғын. 6) Ежелден құлаш мойын көк айылмын, Ылауға алты күнге талмайтұғын.
7) Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін,
Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын. 8) Тұлпармын «Көрұғлының» пырағындай, Жүгірсе алдына мал салмайтұғын.
Осындай теңеулердің соншама молдығы, кейде бірнешеуінің өлеңде тіпті іркес-тіркес, қатар алынғандығы оқыған адамды жалықтырмайды. Өйткені олар бірін-бірі жай қайталай бермейді, әрқайсысы әр бөлек құрылып, айтысқа түсіп, сөз таластырып отырған ақынның әр қилы қасиетін айқындап, оның бейнесін әр қырынан танытуға себін тигізеді. Мысалы, ақын өзін арғымақпен салыстырғанда оның қыза келе үдей түсетін, алысқа ұзақ жолға талмай шабатын жүйріктігін мезгеп, сол арқылы өзінің бабы келіп, шын шабыты түскенде сөзді тасқындатып еш бөгелмей айта беретін шеберлігін аңғартады. Біржанның өзін осылай аттың әр түріне балап сипаттауын Сара дұрыс байқап, оған «өзіңді ат та қылдың, құс та қылдың» дейтіні көңіл аударарлық, бірақ Сараның өзі де Біржаннан қалыспайды, ол да сондай теңеу-салыстыруларды жиі және шебер қолданып отырады.
Аттың жүрісі, шабысы, қимыл-қозғалысы сияқты ұғымдарға байланысты метафоралық сөз қолдану үлгілері қазақ тілінде өте жиі кездеседі. Мысалы, ас жағады, жақпайды деген мағынада көңіл шабады, шаппайды деп айта береміз. Сәкеннің «Көкшетау» поэмасында кездесетін «жүрегі аттай тулап» деген сөз орамы да күнделікті сөйлеу тілінде үнемі айтылып жүреді.
Ақын тілдің шешендік, жүйріктігін айтқанда да оны осы секілді етіп, шауып деп сипаттай береді. Шернияз:«Үйшінің үскісіндей өткір тілім. Өрді, ойды-білмей шауып қасқарасың», – дейді. Ал, Абай «Сегіз аяқта» «толғауы тоқсан» қызыл тілді «қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» деп бейнелейтіні мәлім. Абай өлеңдеріндегі үміттің аты («үміттің аты елеріп»), талаптың аты («талаптың аты арындап») деген сияқты метафоралар да өте жатық және терең мағыналы болып шыққан.
Түйе ұстаған қазақ елінің поэзиясында нар, атан, інген, бо та бейнелерінің де алатын орны үлкен. 1723 жылғы жоңғар феодалдарының шапқыншылығына («Ақтабан шұбырынды») байланысты туған «Елімай!» әніндегі мына сөздерді алып көрейік.
Қара таудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ағайыннан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлдіреп жас келеді.
Осындағы енесінен айрылған тайлақ бейнесі қаншама адам құрбан болғанын, ата-анасынан, ағайын-туысынан айрылып жетімсіреп қалғанын танытатын тамаша көркем символ болып шыққан. Халық ұғымына мейлінше тән осы бір көрініс – көшке ілесіп жеке келе жатқан тайлақ – ел басына түскен ауыр қайғы-қазаны айтумен қатар, жарыса келетіні тегін емес.
Бейнелі сөздерде салыстыру, ұқсату үшін сан алуан өмір құбылыстары, шексіз мол нақтылы заттар мен нәрселер алына береді. Мұны біз өлең-жырлардан, кейінірек шыққан халық ақындарының өлең нұсқаларынан аңғарамыз. Мысалы, адамның кейпін, көңіл күйін, мінез ерекшелігін сипаттайтын кейбір өлеңдерге тоқталуға болады. Халық ақындарының шығармасынан адам мінезін суреттегенде күнделікті жиі кездесетін, әркімге белгілі, былай қарағанда елеусіз көрінетін жайды айта отырып, сол арқылы қолға ұстатқандай айқын, бейнелі етіп сипаттап беру үлгілерін мол табамыз.
Әсет ақын сөзінен қайта беретін, тұрақсыз айнымалы мінезді адамды: «Терідей сабын жаққан жылп-жылп етіп. Шіркін-ай қойған жерден табылмайсың, – деп өте орынды, тауып айтқан.
Сүйінбай ақын қазақтың халық поэзиясында қалыптасқан дәстүр бойынша, жақсы адам мен жаман адамның сипат-қасиеттерін көбінесе әртүрлі салыстыруларды қолдана отырып бейнелейді. Оның ішінде әсіресе жақсы адамды сипаттайтын мына сөздері ұтымды айтылған:
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей, Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда, .
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей. Жақсы болар баланың жүзі жақсы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Мұндағы жақсы адамды елдің серкесіндей немесе еркесіндей деп сипаттау әрине, мағыналы теңеулер. Алайда бұларды, өте-мөте осы екі теңеудің алғашқысын, белгілі, қалыптасқан үлгі деп қарауға болады. Ал адамның жүзінің жылылығын, сөзінің майдалығын қалың жүнді көрпемен салыстыру – бұл ақынның өзіндік сөз нақышы. Бұл теңеу де, сондай-ақ жақсы, инабатты баланың жылы жүзін «орыстың күймей піскен бөлкесіндей» деп салыстыру да күнделікті тұрмыстан алынғаны, сол кездегі өмір шындығының кейбір жайларынан елес беретіні сөзсіз. Соңғы теңеуді ғана алсақ, қазақ арасында «орыстың бөлкесі» әбден танымал боп, ол туралы белгілі түсінік қалыптасқан жағдайда ғана осындай салыстыруды өлеңде қолдану мүмкін болғанын дәлелдеп жатудың қажеті аз.
Ақан сері жақсы жігіт туралы түсінігін: «Бозбала шамшырақтай фонар болса, ішінде қалың топтың жанар болса»,– деп бейнелеп айтқан. Жастар жұртқа үлгі, көпке пайдалы бо лу үшін ақылды, өнерлі болуы керек деген пікірін ақын бұл тұста бұрыннан қалыптасқан көркемдік сипаты бар шамшырақ ұғымы мен тұрмысқа жаңа кірген қарапайым заттың (фонарь) беретін мағынасын ұштастыра білу арқылы жеткізіп отыр.
Ерліктің, жігіттіктің, өжеттік-қайсарлықтың халық поэзиясындағы ең бір артықша бағалы саналатын балама бейнелері – жебе, семсер, қылыш, наркескен. Мысалы: Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе? Қайрап ап, қалың жауға сермегендей!» (Мәдидің әні «Қарқаралы»).
Халық поэзиясының өкілдері өзі туралы айтқанда өткір семсер, наркескенді теңеу ретінде көбірек қолданады. Болат семсердің қиып түсер өткірлігі, мұқалмайтындығы сөз зергерінің айрықша алғырлығын, шабыттылығын, сөз таластырғанда ешкімнен беті қайтпайтын табандылығын танытады. Ақын бейнесін, тұлғасын халық ұғымына сай шебер бейнелеген теңеулер Базар жыраудың өлеңінде кездеседі:
Қайыңның қатқан безі едім, Өлеңнің аққан көзі едім. Өлең сөзге келгенде, Шебердің құрған тезі едім.
(Базар жырау)
Кейде өлеңдерде адам бейнесі теңеу тәсілімен тікелей суреттелмей, оның жәй-күйі басқа нәрсені не құбылысты алып, соны өзге нәрсемен салыстыра сипаттау арқылы да әсерлі көрсетіледі. Біржан өлеңінде: Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп, Дүние өтерінде шыр айналды,– дейді. Ауыр науқасқа қанша бой бермеймін дегенмен, енді өмірінің таусылар шағы жақындағанын сезген ақынның мұңға толы көңіл күйін бұл сөздер ұтымды жеткізеді. Өнердің туын тіккен, өр көңілді ақынның, сауық-сайранды, сәнді көп қызықтаған ақынның бұл кездегі қайғылы жайын баяндағанда өмірдің өтуін әшекейлеп тіккен қазақы қамзолға, соның шолақтығына салыстырып айтуы өте орыңды. Осы бір күнделіктітұрмыстан алынған қарапайым ғана нәрсенің өзі асқан өнерпаз ақынның өмірге құштарлығын, өкініш-арманын өте әсерлі, бейнелі түрде айтып жеткізуіне мүмкіндік беріп тұр.
Халық поэзиясы адамның кескінін – әйелдің, қыздың ажар көркін сипаттауда айрықша үздік көркемдік шеберлік танытады. Адамның тұрпат-бейнесін, бет-әлпетін, әйелдің, сұлу қыздың көркін, бой сымбатын кескіндеп бейнелеу, көркем портрет жасау – қазақ поэзиясында аса көп тараған, машықты құбылыс. Мұның өзін халықтың эстетикалықәсемдік сезімінің байлығын, ұлттық сөз өнерінің көркемдік рухын айқын танытатын жарасымды көрініс деп қараған жөн.
Қазақ поэзиясында, әсіресе халықтық өлең-жырлар мен эпостық туындыларда адамның кескінін, сұлу қыздың, арудың келбет-сымбатын айшықтап, мәнерлеп суреттеуге үлкен мән беріледі, әйел портреті мейлінше көркем жасалады және бояуының ашықтығы, тартымдылығы, нақтылығымен айрықша көңіл аударады. Әрине, сөзбен мүсінделген портреттің нақтылығы, түс-бояуының айқындылығы қыл қалам шеберінің түрлі түсті бояумен салған портретіндегідей болмайтыны түсінікті. Суретші бояумен мүсіндеген портретте адамның өң-түсін өзінің табиғи көрінісіне мейлінше жақын етіп көрсете алатыны даусыз. Бірақ ақынның сөз бен суреттеп жасаған портретінің сурет-портреттен кем соғатын жағымен бірге артықшылығы да жоқ емес. Сурет-портрет қаншалық жинақталған, типтік сипат-ерекшеліктері мол бейнені көрсеткенімен, бір белгілі келбет-пішінді ғана танытады. Ал сөзбен мүсінделген портреттің кескін-кейпі толып жатқан әр қилы адамның бейнесін елестетуге негіз боларлық мүмкіндігі одан гөрі молдау, сондықтан оқушы қалауы бойынша сан алуан адамның бойына жанастыра қабылдайды.
Қазақ поэзиясындағы әйел портреті жан-жақтылығы, толықтығымен адамның тұлға-тұрпат, бет-ажарындағы өзгешелік сипаттарды саралап, талдап, айқындап бейнелейтін ерекшелігімен көзге түседі. Халық ақындары әдемі жас әйелдін кескін-келбетін құлшына сипаттайды. Бірақ мұны сұлулықты тек сырттай ғана қызықтау деп түсінбеу керек. Халықтың лирикалық, эпикалық туындыларының қай-қайсысында болсын әйелдің жан дүниесінің тереңдігі мен нәзіктігін көрсету, ішкі қасиеттерін қастерлеу әсіресе айқын сезіледі. Сондықтан халық поэзиясындағы жақсы әйелдің бейнесін белгілейтін сипаттарды сөз еткенде, алдымен оның ақыл-парасаты, адалдығы, адамгершілігі, сүйіспеншілік сезімінің күштілігі, тұрақтылығы мен табандылығы, өршіл-жігерлілігі өлеңдерде, өте-мөте көлемді жыр-дастандарда молынан көрінетінін айтуымыз керек.
Қазақ поэзиясында әйелдің көзін суреттегенде көбінесе бота көз, құралай көз, мөлдір көз, күлім көз, қара көз деген сияқты сипаттамалар қолданылады. Осының бәрі әйелдің тек сырт көрінісін ғана танытып қоймайды, өйткені мұндай сипаттаулар әйелдің байсалды, нәзік көз қарасын, әлдеқандай бір тәкаппарлық аңғартатын сүйкімді күлімсіреуін, әсем қара көздердің сәуле шашқан, шаттық нұрына толы жанарын көз алдымызға елестетеді. Сондықтан олар асыл жанды әйелге тән өзгеше нәзіктілік пен сүйкімділікті, сезім сұлулығын айқын байқатады. Осы секілді көптеген сөз тіркестері (мысалы, бота көз) әйелдің асқан көркемдігін бейнелейтін символдық мағынасы бар сөз үлгісі болып қалыптасқан. Мал баққан, түйе ұстаған, елдің ішінде сұлудың мөлдіреген әсем қара көзі ботаның көзімен салыстыра сипатталатыны, сөз жоқ, өте заңды және әбден орынды. Әр елдің поэзиясында сол халықтың көркем ой-сезіміне тән ұлттық сипат-ерекшеліктерді әсіресе айқын танытатын бейнелі сөздер болатынын мойындасақ, бота көздің де беретін мағынасы, айтылу қалпы және суреттілігі жағынан сондай аса ұтымды сөз нақышы екенін мойындауға тиіспіз. Құралай көз, құмай көз де ген секілді сөз тіркестерінің де мағынасы, жасалу ерекшеліктері осыған ұқсас екенін көреміз.
Әйел портретін сурет-бояуы жағынан алғанда адам бейнесінің, өң-түсінің ашықтығы, айшықтылығы назар аударады. Жарқырап көзге ұратын және бірін-бірі күшейтіп, ашып тұратын, айқын реңтүстерді сипаттайтын ақ, қара, қызыл сияқты эпитеттер әсіресе жиі қолданылады.
Халықтың ән-өлеңдерінде қыз бен жігітті тұспалмен сипат тайтын дәстүрлі қос мүшелі символ-бейнелер де жиі қолданылады. Мысалы: қыз – ақ қоян, жігіт – оны қуған ақ тұйғын. Кейде ән-өлеңдерде қыз бейнесін күнделікті тұрмыстан алған барынша қарапайым затпен теңестіріп сипаттау да кездеседі. Мы салы, қыздың ақ жарқын, ойнақы мінезін тасындай тиірменнің ойнап тұрған деп суреттеу.
Халықтың ән-өлеңдерінен бейнелі сөздер, теңеу, салыстырудың күрделі, ұлғайған түрлерін де көп табуға болады. «Алдаш» атты өлеңде қыз айдын келдің бетінде жалғыз жүзген аққу бейнесінде көрінеді. «Шапибай-ауда» қыз су бетіне кенет шыққан, көлде шомылып жүрген аққу болып сипатталады. Өлеңдерде сол секілді қыз көлден көтеріліп ұшқан аққумен немесе айдындағы таранған аққумен салыстырылып, бұл теңеу түрленіп, айтылатын ойдың ыңғайымен өзгеріліп қолданыла береді. Белгілі халық әні «Ғайнидың» өлең шумағында ұялшақ қыздың қорғанып жаутаңдаған көз қарасы қолға түскен қоянның көзіне ұқсатылса, тағы бір өлеңде қыздың көзі ұясынан жаңа ғана ұшып шыққан қаздың балапанының көзімен салыстырылады.
Қыз мінезін тау ішінде еркін өскен еліктің ылағымен теңеу де («Илигай») назар аударарлық. Бұл теңеу қыздың, ерке, өршіл мінезділігін және басы бос, азат жан екендігін де жақсы аңғартады. «Қарғам» атты өлеңде қыз мінезі былай сипатталады: «Маңыңа ешбір адам бара алмайды. Көкше мұз төңірегің тайғанақтап». Мұнда салыстыру арқылы қыздың тікелей өзі сипатталмай, оның айналасындағы жер кісі тайғанақтап, табан тіреп тұра алмайтын мұзбен теңестірілген. Осының өзі де қыз бойындағы жарасымды ұстамдылық пен тәккаппарлықты шебер бейнелеп жеткізеді.
Апалы-сіңлілі Хұсни мен Хорланды («Хұсни-Қорлан») бір енеден туған екі бағланмен салыстыру да қазақ ұғымына әбден сәйкес және өте қызықты. «Ал Қоңыр» атты өлеңде бойын түзеп серуенге шыққан қыздың сәнді кербез жүрісі жаратқан ақбоз аттай сылаң қағып деп бейнеленеді. Белгілі «Қызыл бидай» атты өлеңді алсақ, мұнда дәні толып, ырғалып тұрған қызыл бидай мен әбден пісіп-жеткен қызыл өрік бой жетіп толықсыған қыздың балама бейнесі ретінде алынған («Қамбар батыр» жырында сабағынан үзілгелі тұрған піскен өрік бойжеткен қыздың кейпін тұспалдап көрсетеді: «Үміткер боп барша тұр, сабағынан үзіп ап, жесем деп піскен өріктен»).
Бұған дейін біз көбіне лирикалық өлеңдердегі әйел портретін сөз еттік, бірақ жоғарыда айтылғандардың дені эпикалық жыр-дастандарға да қатысты. Ақжүністің, тіпті есіміне «ақ» деген эпитет қосылып айтылатын бұл арудың, ақтығы «ақ ұндай». Ал Назым сұлу болса бейне жаңа шешек жарған гүлдей; тамағы ақ, беті-жүзі бұлттан шыққан айдай нұр сәулелі немесе жазылмаған ақ қағаздай аппақ; қимыл-қозғалысының әсемдігі ақ бозаттың жорға жүрісіндей.
Эпикалық шығармада әйел портреті лирикалық өлеңдердегі портреттен әлдеқайда толық, көлемді келетінін атап айту ке рек. Ақжүністің «Бұхар барсаң, қолаң бар» деп басталатын толғау-монологын алайық.
Бұхар барсаң, қолаң бар, Зергер барсаң қасыңда Қиюлы жатқан қалам бар, Қаламды көр де, қасым көр; Немран барсаң, пісте бар, Пістені көр де, мұрным көр; Әр шәһәрға қарасаң, Құрулы тұрған күзгі бар. Күзгіні көр де, көзім көр; Самарқан барсаң, мендал бар. |
|
Алтыннан соққан түйме бар, Түймені көр де, басым көр, Молда барсаң, қасында Мендалді көр де, тісім көр, Ұсталар барсаң, қасында Тартулы жатқан сымдар бар, Сымды көр де, қолым көр: Тоғайға барсаң, тоғайда Домаланған қоян бар, Қоянды көр де, жоным көр, |
Мұнда қазақ халық поэзиясына тән әйел портреті барынша толық және адамның кескін-тұлғасын бөлшектеп, саралап, талдап суреттеу секілді ерекшеліктер айрықша жарқын көрініс тапқан. Кейіпкердің портреті оның өз аузымен айтылған сөздермен мүсінделуі де назар аударарлық. Толғау-монологты сөз кестесі жағынан алсақ, адам мүшесі мен әртүрлі нәрселердің сырт қалпы, пішінінің ұқсастығына қарап, кейбірі олардың түсінің бірлігіне қарап алынғанын көреміз. Суреттеу әдісі бастан аяқ біріне-бірі жалғасып, тізіліп тұрған теңеулерге негізделген. Монологтың композициялық құрылысы да осыған әбден сәйкес. Ой жүйесі қатарқатар келген ыңғайлас бөлшектерден құралғандықтан, белгілі бір синтаксистік кестенің қайталанып отыруы да орынды көрінеді. Кейбір сөздердің, соның ішінде ұйқасатын сөздердің қайталануы толықтыра түседі. Бұл жәйттер яғни толғау-монологтың композициясына тән бір өрнекті қайталау, үстемелеу жаңағы әшекейленіп жасалған теңеулердің іріленіп, әрі шоғырланып, ерекше жарастық табатынына себепші.
Эпоста портреттің әрбір бөлшегінің өзі әдетте жеке бір теңеу, метафора не эпитет арқылы сипатталып отырады. Осы тұрғыдан қарағанда халық поэзиясының маржаны «Қыз Жібек» дастаны айрықша назар аударарлық. Бұл дастанды Мұхтар Әуезовтің аса жоғары бағалауы тегін емес:
«Дастанның ең құнды жағының өзі оның тілінің таза, бай, көркем болып жасалуында. Сан алуан әсірелеу, көріктеу, ұқсатулардан басқа кейбір жеке-жеке сөздердің шеберлігі де сұлу, жатық»[2]. «Қыз Жібек» жырында сұлу қыздың бейнесін суреттеп беру үшін өте ұтымды композициялық әдіс қолданылған. Жібекті іздеген Төлеген бір көштен асып, тағы бір көшке келіп, көш алдында келе жатқан қыз ол болмай шыққан соң, одан ары өтіп, өз ғашығын тауып алуға ынтық күйінде ұзақ жол шегетіні белгілі. Осылай баяндаудың өзі жырда бірінен-бірі асқан жеті қыздың портретін жасау үшін қажет болғаны айқын. Сондай-ақ, басқа қыздардың бәрін жаннан асқан көрікті, керемет сұлу етіп сурет теу де Жібектің сымбатын солардың бәрінен артық қып көрсе ту мақсатынан туған. Жырдағы осы тізбектеле жасалған қыз бейнелері қазақтың халық әдебиетінде әйелдің дидарын, ажар-көркін сипаттау өзгешелігі жайлы толық түсінік бере алады. Қыздардың портретін суреттегенде қолданылатын бейнелі сөздер мағыналық сипаты, құрылыс-бітімі, жасалуы жағынан да алуан түрлі болып келеді. Мұнда әйел тұлғасын түгелдей мүсіндеп-суреттейтін теңеу, салыстырмалар да, сонымен бірге арудың бет-бейнесін, дене мүшелерін, сын-сымбатын, қимылқозғалысын нақтылы, айқын елестететін теңеу, эпитет, анықтамалар да көптеп кездеседі. Және нағыз халықтық көркемдік, эстетикалық ұғымтүсініктерді айқын танытатын, ешбір қоспасы жоқ, мөлдір, таза бейнелі сөздердің молдығы назар аударады. Жас арудың ғажайып көркемдігін таң жұлдызы Шолпанмен салыстырудан да, оның ақ бетінің ажарын айдын көлдің қуындай, құбылған көз қарасын желбіреп, жайнаған батырдың алтын туындай, жалтылдаған танадай, лебізін сары алтынның буындай деп бейнелеуден де халықтық сипат-белгілерді айқын көреміз.
Осы секілді теңеу-салыстырулар өмір шындығынан туатын нақытлық сипатымен де, заттық мағынаны білдіретін қасиетімен де көз тартады. «Алтын шыны кеседей, екі көздің шарасы» немесе: «Сымға тартқан күмістей, он саусақтың саласы» деген сияқты сипаттамалардағы адамның сын-сымбатын, көркін кесемен, күміспен салыстырудан анық байқаймыз. Халық ұғымына сіңісті болған бойжеткен қызды толған аймен теңеу де мұнда дараланып, түрленіп шыққан: «Толған айдай толқысып, Ақ сазандай бұлықсып» деген секілді салыстырма суреттеулер сұлу қыздың әсем қимыл-қозғалысын, жүрісін өте шебер бейнелейді.
Жырда Қыз Жібектің кескін-келбеті, көркі айрықша толық, әдемі бейнеленген.
Қыз Жібектің құрметі,
Жиһаннан асқан сәулеті, Ләйлі-Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасында-ай, Өзі он төрт жасында-ай. Кебісінің өкшесі, Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап,
Алтын шашбау шашында-ай,
Қыз Жібектің шаштары –
Қоғалы көлдің құрағы,
Көз сипатын қарасаң,
Сегіз бейіш ішінде,
Хорлардың жаққан шырағы, Дүррі-гауһар сырғасын Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінін қызылы Ақ тауықтың қанындай.
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай, Білегінің шырайы Ай балтаның сабындай. Төсінде бар қос анар, Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмай көз
Іздеген ерге табылды-ай, Өткірлігін байқасаң,
Ұсталар соққан кетпендей, Нұр тұқымын еккендей. Жүйрік аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап, Қалмайын деп ұялып, Жан-жағын қарап байқастап.
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп,
Тәңірі берген екі аяқ Бір басарға ерініп.
Ауылдың алды бел еді,
Белден кешкен ел еді,
Атқан оқтай жылысып,
Ор қояндай ығысып,
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Тау суындай қылтылдап,
Сүмбідейін жылтылдап,
Мықындары бұлтылдап,
Айдынды туған Қыз Жібек Отауға қарап жөнеді.
Сол уақытта қараса,
Қыз Жібектің дидары
Нұр ішінде піскендей,
Ұжмақтан самал ескендей, Сол уақытта бір көрген
Шыбын жаннан кешкендей.
Осындағы Қыз Жібектің жүзінің ақтығын айтқандағы наурыздың ақша қарындай, бетінің шырайын сипаттағандағы ақтауықтың қанындай, ажарын-нұрын бейнелегендігі жазғы түскен сағымдай, білегінің сұлулығын, сымбаттылығын айтқандағы айбалтаның сабындай деген секілді теңеулер, сондай-ақ төсіндегі қос анар нар бураның санындай деген сияқты салыстырулар – халықтың тұрмыс жағдайына, өмір сүрген ортасына тікелей байланысты туған бейнелі сөздердің тамаша үлгілері. Олардың өзіне біткен айрықша сипатын белгілейтін де осы ұлттық бояу-бедерінің айқындығы және мазмұны мен айтылу қалпының мейлінше қарапайым, келісті болып келуі. Қыз Жібектің өткірлігін, өжеттік-алғырлығын айтқандағы ұсталар соққан кетпендей деген теңеу де дәлдігімен, айқындығымен, тұрмыстағы нақтылы жағдайға қабысып жатқандығымен ерекше мәнді. Осы тұста нұр тұқымын сепкендей деген сипаттаманың жалғас айтылуы тегін емес. Бұл жерде екі нәрсенің – кетпен мен тұқым себудің арасындағы әсердің, ой жалғастығы (ассоциация) бар екенін еске алуымыз керек: «Жүйрік аттай ойқастап, құнан қойдай бой тастап» деген салыстырма сипаттамалар халықтың көшпелі өмір жағдайында қалыптасқан көркем ой ерекшеліктерін жақсы таныта ды. Әйелдің кербез, сәнді жүрісін осылай етіп бейнелеу – аттың, қойдың жайына өте қанық, әбден сыр мінез болған қазақ халқына айрықша хас жағдай. Бұған қоса: «Халқым малдай бағады, жұртым қойдай қағады» деген салыстырулар да айтуға тұрарлық. Бұл – тек мал бағу ды кәсіп еткен елдің арасында ғана осындай терең мағынада қолданылатын, қазақ халқының көшпелі өмір-тұрмысынан айқын елес беретін сөз нақышы. Өйткені баққан малын, жайған қойын күндіз де, түнде де міз бақпай күзетіп, ұры-бөріден сақтап отыратын елдің поэзиясында ғана дәл осындай бейнелеп айту тәсілдері орын алуы мүмкін екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Қыз Жібек бейнесін суреттеуде халықтық үлгідегі әсірелеп айту тәсілдері өте келісті пайдаланылған:«Белі нәзік, талып тұр. Тартқан сымнан жіңішке, үзіліп кетпей нағып тұр?!». «Қыз Жібектің» Жүсіпбек Шайхұл-Исламов таратқан нұсқасындағы кейбір сөздер мен сөз орамдарынан Шығыстың кітаби әдебиеті дәстүрлерінің ықпалы да сезіледі. Мысалы, сегіз бейіш ішінде хорлардың жаққан шырағы, ұжмақтан самал ескендей деген секілді діни ұғым-нанымдарға байланысты сөз нақыштары осыны танытады, мұндай сөздер мен сөз тіркестері жырда бірді-екілі жерде ғана кездеседі.
Жырдағы әйел портретін суреттеудің артықшылығы, құндылығы, алдымен, бейнелеу құралдарының халықтығында, қарапайымдылығы мен табиғилығында. Сонымен қатар бұл тұста айрықша атап айтарлық жай – әлгі бейнелі сөздердің өмір шындығымен терең тамырласып жатқандығы, олардың туу, жар салу, айтылуына негіз болған сезімәсердің байлығы. Осы тұрғыдан қарағанда салыстырылған нәрселердің, оларға байланысты ұғым-түсініктердің адамның келбетін суреттегенде туатын негізгі мағынасынан тыс, соншама мол өмір шындығынан және елес бере алатынын көреміз. Айталық, қыздың өткірлігі кетпен дей деуден немесе малдай бағады, қойдай қағады деген сипаттаулардан халықтың ой-санасына мейлінше тән еңбек сүйгіштікті аңғарсақ, айбалтаның сабындай, батырдың алтын туындай деген теңеулерден ерлікті, ел қорғаудағы дәстүрлерді қастерлеуді, қыздың денесін, ажарын ақ қарға, көлдегі аққуға ұқсатудан табиғаттың сұлулығын сезінуді, маралдай деген теңеуден саятшылыққа кұмар елдің әдемі аңның сымбатына сүйсінушілігін байқауға болады.
Халықтың эпостық жырларында әйел портреті суреттелгенде теңеулердің (метафорамен салыстырғанда) әлдеқайда көп қолданылатыны әрине, кездейсоқ нәрсе емес. Осылай ету бір жағынан, адамның кескін-келбетін сипаттауда қолайлырақ болғандықтан десек, екінші жағынан, бұл жалпы қазақ поэзиясына тән бейнелеу тәсілінің, сөз кестесінің мейлінше қарапайымдылығы және табиғилығымен де байланысып жатыр. Теңеуде екі нәрсе қатар алынып, салыстырылып, оның екеуі де аталып отыратындықтан, мұнда қалайда көрнектілік, нақтылық сипат күштірек болатынын байқаймыз. Сондықтан халық поэзиясында теңеудің айрықша мол ұшырасатыны орынды. Әрине, мұны айтқанда біз мәселе тек теңеудің, не метафораның аз-көптігінде демекші емеспіз. Халық поэзиясында көбірек кездесетін теңеулер айқындығымен де, дәлдігімен де көзге түседі. Оларда салыстыру үшін күнделікті өмірде кездесетін, баршаға түсінікті құбылыстар алынады. Сондай-ақ халық өлең-жырларындағы жиі қолданылатын эпитеттер де әсіресе заттың қандай да бір сипат-белгісін айқын, дәл керсетуімен бағалы болады. Ал метафора, символ, тағы басқа балама бейне, тұспал сурет жасау тәсілдері қолданылғанда да, негізінен құрылыс-қалпы, мағынасының айқындығы жағынан теңеу түріне көбірек жанасатын үлгілері алынатынын аңғарамыз.
Сөз ететін, баяндайтын нәрсесін екінші бір нәрсеге теңеп, балап айту – осы бір ежелгі шешендік сөздермен астас жатқан, өлең-жырларда әбден орныққан тәсіл – халық ақындарының шығармаларында жиі ұшырасады. Халық ақындарының өлеңдеріне осы тұрғыдан зер салсақ, олардың ішінде не түгелдей басынан аяғына дейін ұласқан көп теңеу, салыстыруларға негізделіп құралғандары, не сондай бейнелеу тәсілдері өте мол табылатындары аз емес екенін байқаймыз. Мысалы:
Тереңдігім – теңіздей, Қайратым – қоңыр өгіздей Дұшпанды талай матадым, Тізесінен тебіздей. Немесе: |
Халқымның аузын тұшыттым – Сере шыққан семіздей. Дабысым кетті алысқа – Жиреншенің өзіндей. |
Жігіттіктің екпіні – Қаптаған қара дауылдай. Күркіреп жауған көктемде Қара нөсер жауындай. Тұтынса берік, тозбайтын, Күдері қылыш бауындай. Жігіттікте қайғы жоқ, Қадірін біліп күте алсаң, Он екі мүше сауында-ай. Аңсары ауып сол кезде, |
Әркімдер жеңсік болады – Жаңа піскен қауындай Безенген жігіт сыналар, Қарындастың дауында-ай. Басылады бір күні Бірте-бірте сол дәуір Мұнарланған сағымда Желдей заулап басыңнан Өте шығад шұбалған Бәйге атының шаңындай. |
Базар жырау өлең-жырларының осы келтірілген екі нұсқасының біріншісі бүтіндей теңеу-салыстырмаларға негізделген болса, екіншісінде ең түйінді, өзекті ой-пікірлер бірнеше теңеу арқылы берілген. Олардың қай-қайсысы да халық поэзиясында құлаққа әбден сіңісті болған, көпшілік ұғымына жанасымды, халық ақындарына тән сөз нақыштарының жақсы үлгілері. Халық поэзиясында әсіресе терме, толғау, жыpлаpдa тeңey, салыстыруларды тізбектеп, топтап қолдану мол кездеседі және мұның өзі – қазақтың ақындық өнеріне тән шешендік, сөзге ұсталық, шеберліктің өзгеше бір қасиетін, қырын танытатын аса қызықты құбылыс. Осы көркемдік тәсіл ауыз әдебиетіндегі өлең сөзді еселеп, төпеп отыратын суырып салып айту дәстүріне ерте кездерден бастап-ақ орайлас дамып, қалыптасқан, кейін толысып, кең қанат жайған деп қарау дұрыс секілді. Халық ақындарының творчествосынан өлең шығарманы түгелдей теңеу-салыстыруларға негіздеп құрудың үздік үлгілерін табу қиын емес.
Он бес деген жасым-ай, Жарға ойнаған лақтай. Жиырма деген жасым-ай, Көлге біткен құрақтай. Отыз деген жасым-ай, Таудан аққан бұлақтай. Қырық деген жасым-ай Қырымға да көз салған, Байлаулы тұрған құр аттай. Елу деген жасым-ай, |
Қайтып бір көшкен ел екен. Алпыс деген жасыңыз, Күзгі соққан жел екен. Жетпіс деген жасыңыз, Қап-қараңғы түн екен. Сексен деген жасыңыз, Қазулы тұрған көр екен. Тоқсан деген жасыңда Өлімнен басқа жоқ екен… |
Адамның әртүрлі жасын, өмірінің әр кезеңін сипаттау және соны көбіне ұтымды теңеулер арқылы көрсету қазақ ауыз әдебиетінде кең тараған. Басқа ақындар секілді Шал ақын да адам өмірінің белді-белді кезеңдерін – әр жасты көбінесе қазақ тұрмысына бірден-бір жақын, халық ұғымына әбден сіңісті болған нәрселерді алып, машықты салыстырулар арқылы шебер бейнелейді. Жарға ойнаған лақтай дегені асыр салған алаңсыз балалық шақты суреттесе, көлге біткен құрақтай деуі жігіттік кез өмір қызығын, сұлулық әсемдікті толық сезінетін шақ екенін байқатады. Қазақ поэзиясында көлдің құрағы табиғаттың әсемдігін танытатын сұлу көрініс ретінде, өте көп айтылып, сол мағынаны әсерлі жеткізетінін айта кетуіміз керек. Сол сияқты тау дан аққан бұлақ отыздағы адамның бойындағы тасқындаған күш-қайратты танытса, ойнақшып тұрған құр ат сол жігер-екпіннің қырықта да қайтпайтынын сездіреді. Одан ары келетін жайлаудан көшкен ел, даланың күзгі соққан ызғарлы желі – бәрі де егде тартқан адамның қалпын анық аңғартады.
Халықтық нақыл сөздерде кездесетін мұндай сөз нұсқаларында бейнелі теңеуге тән бір нәрсенің қасиет-белгісі арқылы екінші нәрсені сипаттау жоқ. Бұлар тек жұптап алынған екі ұғымның арасында мағыналық жақындық бар екендігін аңғартады. Халық ақын-жырауларының терме, толғауларынан көркем сипаттаудың алуан түрін кездестіруге болады.
Арту-арту бел келсе, Арғымақ шабар тігіліп. Атан тартар бүгіліп. Алыстан жанжал сөз келсе, Алыстан қара көрінсе, Азулы сөйлер жүгініп.
Бұл – Бұқар жырау поэзиясындағы терме үлгісінде айтылған бір сөз нұсқасы. Осындағы бүгіліп, тігіліп, жүгініп деген сипаттама сөздердің өзі-ақ бұл қысқа өлеңде өмірдегі шындықты, әртүрлі қимыл-әрекет, тіршілік белгісін ұтымды мүсіндейтін шеберлік бар екеніне айғақ бола алады. Сонымен бірге осы мысалдармен қазақ поэзиясында, өлең тілінде осындай етістіктен жасалған эпитеттердін өте келісті, суретті болып келетінін және айқын байқауға болады. Келтірілген өлеңдегі бірнеше сөйлемнің қай-қайсысын алсақ та, соларға бейнелілік сипат дарытып тұрған ең алдымен осы аталған эпитеттер екеніне кез жеткізу қиын емес. Мысалы, бірінші сөйлемде ойдың тереңдігі атан түйе артылған жүкті бүгіліп тартар деу арқылы айқындала түскен. Бұл сипаттама биік белден асарда ауыр жүкті ерге қарай тартудың орасан қиындығын анық аңғартатын мағыналылығымен де, нақтылы қимыл-әрекетті айнытпай бейнелеген суреттілігімен де көңіл аударады. Сол сияқты, алдына қара салмайтын арғымақтың көз ұшынан ат кергенде соған беттеп қуа шабуын тігіліп шабар деуде, дауға түсер шешенді жүгініп сөйлер деуде айтылып, баяндалып отырған жағдай, әрекетке хас ерекшелікті дәл тауып керсетуден туатын көркемдік, суреттілік бар.
Халық поэзиясының тіл кестесіне тән ерекшеліктерді айтыс өлеңдерден де, мысалы, «Біржан мен Сараның айтысынан» да анық байқаймыз. «Біржан мен Сараның айтысы» – қазақ поэзиясында айтыс өнерінің шырқап өскендігін көрсететін үздік туынды. Айтыстың көркемдік қуаты зор, тілі айрықша бейнелі екендігін әдебиет зерттеушілері бір ауыздан мойындап келеді. Мұндағы бейнелеу, сипаттаулар айтыс дәстүріндегі әр ақынның өзін мақтап, дәріптеп көрсету әдетімен жалғасып жатады. Біржан да, Сара да өз артықшылығын, өз қасиеттерін тіл жеткенше көркемдеп суреттейді. Әр ақынның айтысқан адамын мінеп, оның кемістігін табуғa тырысуы, өзін көтермелеп көрсетуі бәрі де сөзбен жығудың, қалайда қарсыласын ықтырып, жаңылдырып, жеңіп кетудің амал-тәсілі деп есептеледі. Сондықтан өзін мақтау оғаш, ерескел нәрсе деп қаралмайды, керісінше, қиыстырып, әсемдеп, мәнерлеп, шебер тілмен айта білу – ақындық шешендіктің, тапқырлықтың белгісі. Бұл әр ақынның айтыста өзін-өзі жан-жақты, барынша толық сипаттап айтуына, сөз өрнектерін молынан қолдануына мүмкіндік береді.
Айтыстағы Сараның өзі мүсіндеген портреті ерекше көз тартарлық.
Өз басым ұрғашының қызыл тілі.
Иранбақ бет бітісім піскен гүлі.
…Майысып нәзік белім бұраң қаққан, Қырық түрлі, дана кеудем өнер тапқан. Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,
Сықылды гәуһар сағат нақыс шапқан.
Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ.
Болғанда аузым сағат, ернім кақпақ. Міні жоқ отыз тісім меруерттей, Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың, Лебізім шырынындай шәрбат судын, Қаққанда төңкерілген қас бітісім.
Ашылған айбатындай жібек тудың.
…Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым нақ сандалдың тірегіндей. . Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей, Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей.
Осындағы қыздың кескін-тұлғасын, келбетін суреттеуден біз ежелден қанық эстетикалық ұғым-түсініктерді, оларды нақтылы түрде көрсететін бейнелі, көркем сөз нақыштарын мол табамыз. Сонымен бірге ақынның көп қолданылып келген сөз үлгілерін өзінше түрлендіріп, оларға ерекше көркемдік қуат бітіре алатын озық шеберлігін көреміз. Әсіресе қыздың төңкеріліп қарағандағы қасының әсем қимыл-қозғалысын жалтылдап желбіреген тумен салыстыруы, «аузым – сағат, ернім – қақпақ» деген теңестіруі қарапайым, көркем, үлкен тапқырлықты танытатын суреттеулер.
Эпостық жыр-дастандарда адамды әртүрлі затқа, жанды нәрсеге балап айтатын мағыналы, тартымды метафоралар жиі кездеседі. Солардың ішінен қазақ тілінің өзгеше ұлттық рухын бояу-бедерін жақсы байқататын бір тобын ғана алсақ та болады. Мысалы: адамға ең туыс, жақын, іні- қарындасының немесе сүйген жарының көркем сипат-символы іспетті метафоралар.
Анау-мынау кісі емес, Бірге туған қозымды… Бірге туған бауырым, Қос қанатым, құйрығым. Ақ мандайда тұлымым, Бірге туған құлыным. Алтыннан соққан қияғым, Күмістен соққан тұяғын. Көлге біткен құрағым, Сурылып озған пырағым. Айналайын, қарағым, |
|
Жауға барсам – жарағым. Қол қанатым құйрығым, Судан шыққан сүйрігім, Сурылып озған жүйрігім. Тауға біткен андызым, Суға біткен құндызым. Аспандағы жұлдызым, Маңдайдағы құндызым, Дүниедегі іңкәрім, Жұрт иесі сұңқарым. |
Осы халықтық үлгі-дәстүрді ақындар жан-жақты дамытып, әрқайсысы өзінше түрлендіріп, толықтырып отырған. Бұл тұста көркемдік шеберлік тапқан ақынның бірі – Махамбет. Оның мына бір сөздерін еске түсірелік:
Таудан мұнартып ұшқан тарланым, Саған ұсынсам қолым жетер ме? Арызым айтсам өтер ме? Арыстаным, көп болды-ау Саған да менің арманым. Кермиығым, кербезім, |
Құландай ащы дауыстым Құлжадай айбар мүйіздім. Қырмызыдай ажарлым. Хиуадай базарлым. Теңіздей терең ақылдым. Тебіренбес ауыр мінездім.. |
Ақын Исатай бейнесін қадірлі, қасиетті адам туралы халық ұғымына, көркем ойлау өзгешелігіне сәйкес тартымды суреттеген. Исатай батырды тарланым, арыстаным деу де – халықтық үлгідегі метафоралар. Құланға теңегенде даусы зор, айбынды дегенді аңғартса, құлжадай айбар мүйіздім деп, әрине, ауыспалы мағынада, айбаттылық, қаһарлылық секілді сипатты таныту үшін айтып отыр. Хиуадай базарлым деген де – мазмұны өте бай метафора. Базар қазақ ұғымында, кейбір туыстас шығыс елдерінің түсінігінде де көңілді жиын, көпшілік бас қосатын қызықты орын деген мағына беретін болса, бұл жерде батырдың төңірегінде тобы көп, ұғысатын көңілдес, сырлас адамдары мол деген ойды аңғартады.
Махамбет өз жайын баяндап, өзінің бейнесін суреттеген жырларында халық әдебиетінде мол орын алған дәстүрді – ақындардың өзін, өз басын ұтымды, өрнекті теңеу, салыстыруларды көп пайдалана отырып сипаттайтын дәстүрін өте қызықты пайдаланады, бұл дәстүрге көп жаңалық қосып, жандандырады.
Боз ағаштан биік мен едім, Бұлтқа жетпей шарт сынбан. Ел құтқарар ер едім, – Жандаспай ақыры бір тынбан. |
Томағалы сұңқар мен едім, Толғамалы найзамен Толықсып жауға шапқанда, Бір озғанмын жұртымнан. |
Бұл жырда жалпыға түсінікті байырғы символдық образдармен ақын бейнесін, іс-әрекетін тікелей, дәл көрсететін нақтылы, айқын сипаттамалар орынды ұштасып жатқанын көреміз. Махамбет өзінің қайсар, берік, шымырлығын боз ағашпен салыстырып айтқанда, не өзін томағалы сұңқарға теңегенде, осындай халық ұғымына сіңіскен символдық бейнені әдемі қолдануын байқатса, «Ел құтқарар ер едім. Жандаспай ақыры бір тынбан» дегенде пікірді айқын, тура айтқыш шеберлігін көрсетеді. «Боз ағаштан биік мен едім», «Ел құтқарар ер едім» деген екі бейне, оларды сипаттайтын сөздер келісті психологиялық параллелизм жасап, тамаша тұтастық тауып тұр. Соңғы жолдардағы толғамалы, толықсып деген эпитеттер белгілі әдеби дәстүрді танытады, бірақ негізгі ойдың – «найзамен …жауға шапқанда, бір озғанмын жұртымнан» деген сөздердің нақтылы өмір шындығынан алынғаны, мұның бәрі күрескер ақынның басынан кешкен жайлар екені ешбір талассыз.
Махамбет өлең-жырларынан әр кез айқын байқалып отыратын ой өткірлігі, сезім тереңдігі, ақынның өмірдегі нақтылы жайларды толғап айта білуі сөз нақыштарының, тіпті поэзияда бұрыннан қолданылып келген бейнелі сөздердің де көркемдік қуатын арттырып, жандандыра түседі. «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» атты жырды зер салып, талдап көрсек, ақынның тілінде қисынымен өте келісті қолданылған халықтың сөз нақыштары қандай мол болса, нақтылылық сипат, күнделікті тұрмыстан, шындықтан алынған бояу, суреттер, баяндау-сипаттаулардағы соны, өзіндік оқшау ерекшеліктер де соншалықты мол екенін көреміз.
Бейнелі сөздерді қолданудағы халықтық үлгі-өрнектердің өзі де бірталай тұстарда жаңарып, толығып, ажарланып шығады. Мысалы, асылмын, биікпін, асаумын, болатпын деген секілді ме тафора түріндегі бейнелеу үлгілерін дәстүрлі тәсіл. «Шамдансам жығар асаумын, шамырқансам сынар болатпын» дегенді алсақ, бұлардағы сөз қолданысында сонылық сипат бар. «Бойың жетпес биікпін, бұлтқа жетпей шарт сынбан» дегені бейнелілік, суреттілігімен де, мағыналылығымен де ұтымды. «Мен кескекті ердің сойымын» деуінен ақын өзін көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейінгі кезеңде бейне бір тұтқынға түсіп, екі қолы кескек (көлденең ағаш) салып байлағандай сезінгенін, бірақ сонда да қажыр-қайратынан таймағанын байқаймыз.
«Мен кескекті ердің сойымын, Кескілеспей басылман» немесе «Еңіреп жүрген ер едім», «Жақсыларға еп едім, Жамандарға көп едім» деген секілді сипаттау сөздерден ақынның өз қол таңбасы, сөз қолдану ерекшелігі айқын танылады. Махамбеттің сұлтанды «Қайраннан алған шабақтай, қия бір соғып ас етсем» деуінде де салыстыру, сипаттау тәсілінің ақиқат өмірден алынған әсерлерге жалғаса туғаны анық сезіледі.
Халық поэзиясында семсер, наркескен, найза, қылыш, қанжар – жан қиярлық ерлік-батырлықты, жүректілік-табандылықты, жігерқуатты танытатын бейнелер. Жауға қарсы қолданатын осындай өткір қарулардың батырлықтың көркем симво лы, балама бейнесі болып саналуы әбден орынды. Олай болса, Махамбеттің өзін қызыл сырлы жебемен салыстыруы да осы халықтық ұғым-түсінікке сай келеді. Ақын қызыл, сырлы деген сипаттауды әшекейлеп, көріктеп айту үшін ғана қолданбаған. Садақ оғының нақтылы белгісін, бояуын, дәл көрсетіп отыр.
Махамбет поэзиясынан біз көркем салыстыру, тұспалдаудың, дамытылған түрлерін де үнемі кездестіріп отырамыз. Мысалы, «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» атты жырдағы:
Мен бір шарға ұстаған қара балта едім, Шабуын таппай кетілдім.
Қайраса, тағы жетілдім, –
(Махамбет)
деген жолдарды алсақ, мұндағы өзін «қара балта едім» деген баламадан басқасы бір қарағанда түгелдей сол балтаны сипаттайтын сөздер секілді. Ал асылында жарыса туып, қатар өрбіп отыратын екінші мағына және бар екенін көру қиын емес. Балтаны шарға ұстап қайрау, шабу, оның жүзі мұқалып кетілуі, қайрағанда қайтадан өткірленіп жетілуі туралы айтқанда, ақын көпшілікке әбден белгілі, күнделікті тұрмыста үнемі кездесетін: жайларды жай ғана баяндап отырған жоқ. Сол арқылы ауыспалы, астарлы ой туғызып, өте қызықты, күрделі метафоралық бейне жасап отыр.
Махамбет бейнелі сөздердің халық поэзиясында қалыптасқан құрылыс-бітімін, жасалу қалпын сақтай отырып, оларды айналадағы өмірді, өзінің сезім-күйін суреттеу мақсатына толык үйлестіріп, терең мағына беріп қолдана біледі. Мұны біз оның нақтылы сипаттамалар мен тұспал суретті араластырып, жалғастырып әкететін шеберлігінен де айқын көреміз. Ақынның «Мұнар да мұнар, мұнар күн» атты жырында шаруалар көтерілісінің сәтсіздікке ұшырап, жеңіліс табуы, Исатайдың қаза болуына байланысты көптеген нақтылы жайлар, шынайы қалпында айнытпай бейнеленген өмір көріністері бар. Олардың бәрі халықтың басына түскен қиын жағдайды тікелей, тура айтып береді. Жүк артылған нарлардың арқаны кесіліп, жауға олжа болуы, арулардың тұтқынға түсіп, қолды болуы, батыр-ерлердің сағы сынып, жаудан корлық көруі, буулы тен дер шешіліп, дүние-жиһаздың шашылуы – бұлар болған шындықты қолға ұстатқандай ғып айқын бедерлеп береді. Сол секілді оқтың жаңбырдай жауғаны, тудың жиырылып түскені, сұрапыл, қырғын соғыс көз алдымызға өзінің айқын сипаттарымен елестейді. Ақынның осылай етіп бейнелеу тәсілі суретінің дәлдігі, жандылығымен адамды қызықтырып, баурап алады. Оның әр нәрсенің жеке белгілерін де тап басып, анық көрсететін шеберлігін жүкті тартқан түйелерді қатарланған, теңді буулы, садақ оғын орта белін сырлаған, туды ала, желпілдеген, арлан төбетті жез қарғылы деген сияқты ғып айқындайтын эпитеттерден де жақсы аңғаруға болады.
Халық поэзиясында кездесетін:
Қанатынан қайрылған,
Жалғызынан айрылған,
Табанынан тайрылған, –
дегенді алсақ, осындағы қанатынан қайрылу, табанынан тайрылу деген секілді ұғымдардың кісінің жақын адамынан мүлде қол үзіп қалған қайғылы қалпын тұспалдайтынын айта кетуге болады. «Табанынан тайрылған» деу мен «буыршын мұзға тайған» деудің арасында сабақтастық бар екені талассыз. Одан әрі өлеңдегі «бура атанға шөккен күн» дегені құлақ естімеген, болатын ешбір қисыны, жөні жоқ сұмдық іс болды деген ойды аңғартады.
Тұспалдап бейнелеу тәсілін «Ер Тарғындағы» мына сөздерден кездестіреміз.
Көкті бұлыт құрсайды, Күнді байқап қарасам, Күн жауарға ұқсайды. Айды бұлыт құрсайды, Айды байқап қарасам, Түн жауарға ұқсайды. Көлде қулар шулайды, ІІІулағанға қарасам, |
Көктен сұңқар шүйіліп, Соғылғанға ұқсайды. Бойды байқап қарасам, Қол-аяғым көсіліп, Аузы-мұрным сіресіп, Алланың хақ бұйрығы Таянғанға ұқсайды. |
Халық поэзиясында сөзді әлденендей бір жансыз нәрсеге, затқа қаратып айту да жиі қолданылатын тәсіл – арнау сөздің әсерлілігі сезімнің күшінде деп білу керек. Тілсіз дүниеге, затқа, құбылысқа қаратып сөз айтушы адам солар өзін тыңдап, ден қойып тұрғандай, солармен тілдескендей тебірене сөйлейді. Ал мұның өзі адамның толғанған, ой-сезімге берілген шағын танытады. Халық поэзиясында жиі кездесетін арнаудың үлгілерінде сөздің қандай заттарға, құбылыстарға қаратып айтылатыны, олардың қалай сипатталатыны көңіл аударарлық.
Халық поэзиясындағы арнаудың нұсқасы «Қыз Жібек» жырындағы «Әуелеп ұшқан алты қаз» деп басталатын Төлегеннің өлердегі сөзінде кездеседі. Төлегеннің қоштасу сөзін жай ғана айта салмай, аспанда ұшып бара жатқан алты қазға қаратып айтуы оның жай-күйін суреттеп жеткізуде эпос тілінің асқан шеберлік танытатындығының белгісі. Мұнда ұтымды, көркемдік туғызатын жайлар көп-ақ. Төлегеннің жапанда жалғыз көз жұмғалы жатқанда көргені әуедегі қаздар болғаны өте әсерлі. Ел жаққа қайтқан қаздар жаз келгенін байқатып, тіршілік тынысын сездіреді де, жас өмірдің өшіп бара жатуы қандай аянышты екені онан сайын айқынырақ байқалады. Төлегеннің қоштасуының сезімге әсері сонша, бұл арнау сөзді оқыған, естіген адамның: «Қандай арманды өлім! Қандай аяулы жан!» деп аһ ұрмасқа амалы қалмайды.
Арнау тәсілі қолданылып, сөз жанды, жансыз бір затқа, құбылысқа қаратып айтылғанда, оның өзі бірталай тұстарда айтушының бейнесімен салыстырылып, не қатар, не қарама-қарсы қойылады. Осыған мысал етіп Махамбеттің «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс» деген өлеңін алуға болады.
Ay, қызғыш құс, қызғыш құс, Қанатың қатты, мойның бос. Исатайдан айрылып, Жалғыздықпен болдым дос. Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, Ел қорыған мен едім, Мен де айрылдым елімнен, Көл қорыған сен едің, Сен де айрылдың көліңнен. |
Аспандап ұшқан қызғыш құс! Сені көлден айырған – Лашын құстың тепкіні. Мені елден айырған – Хан Жәңгірдің екпіні. Айтып-айтпай не керек, Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні! |
Өлеңді ақынның қызғыш құсқа қаратып айтуында үлкен мән бар. Бір жағынан ақын сол қызғыш құсқа тіл қатқандай, сыр шерткендей болса, сонымен бірге өзін сол құсқа ұқсатып отыр. Қызғыш құсты көргенде күрескер ақынның өз жайын ойлап, толғанып, ерекше тебіреніске түскені өлеңнің лирикалық лептілігін, әсерлілігін арттыра түскен. Елден айрылып қапаланған, ханнан зорлық көрген батырдың көңіл күйін, асқақ арманын біз оның өзін, өз жайын қызғыш құс бейнесімен теңестірулері арқылы айқын, анық сезінеміз. Ақын жыртқыш лашыннан тепкі көріп, мекен еткен көлінен безген қызғыш құсқа аянышпен қарап, оны өзіне жақын сезінетін секілді. Осыдай ақын жанының сезімталдығы, нәзіктігі аңғарылады. Көңіл аударарлық нәрсе – ақынның өзін қызғыш құспен салыстыруы түрленіп, сатылап дамып, өлеңдегі ой желісінің негізгі арқауын құрайтын психологиялық параллелизм болып шығады. Бірін-бірі толықтырып, айқындай түсіп, жарыса көрінетін жанды суреттерден біз адам тағдыры мен табиғаттың арасындағы ұқсастықты ғана емес, бірлікті, жалғастықты көргендей боламыз, адам өмірі мен табиғат-жаратылыстың тұтастығын сезінеміз, қоғамдық өмірдегі шиеленіс-тартыстың сыры, адамның еркіндігі, бақыты үшін күрестің биік мақсаты, мәні жайлы еріксіз терең ойға түсеміз. Батыр жүректі, ақын жанды Махамбеттің бейнесі ерекше бір айқындықпен көз алдымызға келеді.
Өлең тілінің суреттеу, бейнелеу құралдарын қолдануда халықтық үлгі-дәстүрлерді берік сақтаған ақынның бірі – Ақан сері. Көркемдік, эстетикалық талғамы зор, халық поэзиясының тіл байлығын жете меңгерген ақын өз шығармаларында әркімнің қолынан келе бермейтін шеберлік табады. Ол көп жағдайда дайын, дағдылы сүрлеумен жүре бермей, қалыптасқан бейнелі сөз үлгілерін өзгертіп, құбылтып пайдалануды, өмір шындығын нақтылы сипаттау үшін поэзия тілінде өзіндік өрнек-нақыштар іздеуді қатты құныттаған. Мысалы, «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы» атты өлеңді алсақ, мұнда әртүрлі теңеу, салыстыру, баламалардың өте мол қолданылғанын және олар өлеңнің өн бойында тізбектеле алынып, сөз өрнегінің негізгі арқауы болғанын көреміз. Ақын көбінше қыздың бейнесін, кескін-сымбатын, мінезін суреттейді. Арасында өзін де қосып отырады. Сіз – гүл, мен – иран бағындағы бұлбұл; сіз – қоңыр қаз, мен – сұңқар деген сияқты сипаттамалар қыз бейнесін көркемдеп мүсіндеу мақсатына сабақтас екені сөзсіз.
Ақан сері жасаған әйел портретіндегі бір көңіл қоярлық өзгешелік – теңеу, салыстырулардың көбі қыз бейнесін, ажар-көркін бүтіндей сипаттайды. Бұл тәрізді бейнелі сөздердің де халық поэзиясында мол кездесетінін және олардың халықтың эстетикалық ұғым-түсініктерімен өте жақын, жалғас келетінін дәлелдеп жатудың өзі артық. Өлеңнің суреттеу тәсіліндегі ұтымдылық осындай ыңғайлас сипаттау, салыстыру тәсілдерін шығармадағы айтылып отырған ой-пікір, мазмұнмен терең қабыстырып, еркін пайдалана білуден көрінеді. «Жайықтың түлкісі және аралдағы түлкі деуі немесе Ертістің құба талы секілді деп салыстыруы осы дағдылы теңеулерді түрлендіріп, өлеңдегі суретке нақтылық сипат дарытқан. Сол сияқты тұманды күні алыстан бұлдырап көрініп, ұстатпай қойған түлкіні айтуы да айырықша мағыналы. Бұл қолға оңай түспейтін, құланның кер тағысы сияқты ерке қыздың ұстамды, тәкаппар мінезін айқындап, ашып көрсетуге мүмкіндік береді, сонымен бірге бұл салыстырма сурет өзінің шынайылығымен, яғни түлкінің әрекетін, табиғат көрінісін өмірдегі қалпындай бейнелеп айтып беруімен де бағалы.
Ақан сері сияқты қазақ поэзиясының ірі өкілдері ауызша поэзияның үлгілерін, тіл байлығын молынан пайдалана отырып, халық поэзиясының шеңберін бұрынғыдан әлдеқайда кеңітіп әкеткені дау туғызбайтын шындық.
Сөз өнері, өлең-жыр, поэзия – халқымыздың ең бай, ең мол, баға жетпес құнды қазынасы. Халықтық поэзия – қазақ елінің. ғасырларға ұласқан ұзақ тарихының, өмір-тұрмысының, армап-мүддесінің, тілек-талабының, еңбекші қауымның игілік, бақыт жолындағы күресінің тамаша куәсі. Сонымен бірге ол – халықтың ақындық дарынының, асқан суреткерлігінің, көркем ой-сезімі қуаттылығының айғағы, ұлттық эстетикалық сананың, халықтың көркемдік ұғымтүсініктерінің ең бір жарқын көрінісі.
Халықтық поэзиядағы бейнелеу үлгілері, сөз нақыштары ұшантеңіз, сондықтан ол – бүгінгі әдебиетіміздегі ақындық шеберлікті шыңдау, сөздің суреттілік күшін арттырудың сарқылмас көзі.
[1] Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен. Спб., 1885. том V. стр. 8-9.
[2] Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: Жазушы. 1959. 315-б.
З.АХМЕТОВ