«Сөз өнері»

«Сөз өнері» («Әдебиет теориясының негіздері», 1970) – Зейнолла Қабдоловтың қазақ әдебиетінің теориялық мәселелері мен тарихын зерттеуге арналған іргелі зерттеуі. Бүгінгі күнге дейін «Сөз өнері» деген атпен бірнеше рет (1973, 1976, 1982, 1992, 2002, 2007) өңделіп, толықтырылып қайта жарияланды. Ғалым «Бастау» (1970) атты алғысөзінде былай дейді: «Қазақтың әдебиет тану ғылымы туу, қалыптасу дәуірінен өткелі қашан! Бұл ғылымды бүгін де жас деуге де болмайды, бұл ғылым қазір жан-жақты даму, үздіксіз өсу, өркендеу кездерін бастан кешіріп отыр»[1]. Ғалым «Әдебиеттану» деп А.Байтұрсынұлынша жазады. Сонымен қатар әдебиеттану ғылымында «әлгі күнге кенжелеп келе жатқан сала – әдебиет теориясы» деп З.Қабдолов нақтылайды. Әдебиеттанушы осыған орай Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, З.Ахметовтің әдеби тіл мен стиль, көркемдік әдіс пен өлең туралы зерттеулерін атайды. З.Қабдолов Қ.Жұмалиевтің орта мектепке арналған «Әдебиет теориясы» (1960) мен Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) кітаптарын теориялық еңбектер деп айқындап береді.

Бұл жинаққа томның көлеміне байланысты тек қана «Сөзбен сомдалған тұлға», «Сөзбен шыңдалған шындық», «Сөз өнері жайлы ғылым», «Сөз сарасы», «Сөз өнеріндегі тек пен түр», «Сөз өнеріндегі бет пен бағыт», «Сөз соңы» тарауларын қысқартып берумен шектелдік. Жинаққа тарауларды 2007 жылы жарық көрген «Сөз өнерінен» алып, пайдаландық.

[1] Қабдолов З. Көзқарас. Талдаулар мен толғаныстар. – Алматы: Рауан, 1996. – 256 б.

А.Т.Ойсылбай  филол.ғ.к.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *