СӨЗ ӨНЕРІНДЕГІ ТЕК ПЕН ТҮР

СӨЗ ӨНЕРІНДЕГІ ТЕК ПЕН ТҮР

I

Әдеби жанр (французша genre – тек, түр) термин ретінде шартты, екі мағынада қолданылады: 1. әдебиеттің тектері эпос, лирика, драма; 2. әдеби шығарманың түрлері әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.

Жанр мәселесінің маңында шартты пікірлер көп. Әдебиет теориясын толғайтын кітаптардың көбінде әдебиеттің тегі жанр, әдеби шығарма жанрлық түр деп танылып жүр. Сонда, мысалы, эпосты жанр деп білсек, оның шағын, орта жене кең көлемді үш түрі белгіленеді де, шағын көлемді эпикалық түрге очерк, новелла, оқиғалы өлеңдер, орта көлемді эпикалық түрге повесть, поэма; ал кең көлемді эпикалық түрге роман, эпопея тәрізділер жатады. Бұл ретте, лириканы да дәстүрлі әдетпен ода, идиллия, мадригал, элегия, романс, эклога, сонет, эпиталама дегендей ондаған түрге бөліп жатпай-ақ, саяси, не философиялық лирика, махаббат, не табигат лирикасы деген секілді санаулы түрлерге ғана бөліп, бұлардың әрқайсысына тән ерекшеліктерді пайымдауға болады.

Әдебиет теориясьшда пішін (форма) бар да, түр (вид) бар. Дәлірек айтқанда, әдебиеттің тектері (эпос, лирика, драма) бар да, түрлері (роман, поэма, трагедия, т.б.) бар. Тек те, түр де жанр деген ұғыммен яғни жанр және жанрлық түрмен мәндес. Осылардың бәрін тиянақты тарихи тұрғыдан, қатал историзм принципін танып-түсіну, бір жағынан, жалпы творчестволық процесс мәселесін қозғау болса, екінші жағынан, нақты мазмұнды түр мәселесін талдау болып табылады. Жанр мәселесі осылай пайымдалғанда ғана ғылыми-зерттеу жемісті болмақ.

Әрбір әдеби шығарма – белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы бар. Бұлар бірін-бірі қайталамайды. Олай болса, әр дәуірдің шындығын сәулелендірген шығармалар да бірін-бірі қайталамайды: тектері мен түрлері ұқсас болғанмен Шекспир трагедиясы Мүсірепов жазған трагедиядан, Бальзак романы Әуезов романынан, Абай поэзиясы Жансүгіров поэзиясынан өзге екені даусыз. Мұны да историзм принципінен қарағанда ғана аңғарамыз. Міне, осы өзгешеліктерді ажырату әрекетінің өзі жанр мәселесін тарихи тұрғыдан толғауға әкеледі.

Әдеби шығарманың өзгешелігін осылайша тарихи тұрғыдан пайымдай тұра, қай дәуірде жазылсын, қандай қоғамдық шындықтан тусын бәрібір, тектес туындыларда адам өмірін бейнелеу жағынан заңды ұқсастық, композициялық құрылым жағынан бірлік болатынын тағы ескеру қажет: лирика жеке басқа тән сан иірім сезімге құрылса, эпос адам өмірінің кезең-кезеңіне кеңірек қанат жаяды да, драма нақты қимыл әрекеттен өрбіп, өрістейді. Мұны ескеру зерттеудегі историзмді жоққа шығармайды, жанр мәселесін неғұрлым байсалды, терең және жанжақты талдауға, әрбір әдеби түрдің өзара өзгешелігімен қатар, бірлігін де жіті тануға мегзейді. Әдебиеттің тектері мен түрлерін тексеруге осы жолмен барған жөн. Сөйтіп, өмірдің ең негізгі зандарының бірі – оның толассыз дамуы десек, бұл заң өнерге де, соның ішінде сөз өнеріне де тән. Әр халықтың әдебиеті ол өмір сүрген тарихи дәуірлердің әр кезеңінде әр халде, әр қалыпта болып отырады. Әдеби процесс дегеніміздің өзі – осы.

Жанр – даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер, бір жағынан, әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан, әр жазушының әлеуметтік орта мен әдеби процестегі атқарар рөліне, алар орнына байланысты. Мольер мен Мүсірепов пьесаларынан көп-көп жанрлық ұқсастықтар көре тұра жер мен көктей айырмашылықтар байқау себебіміз де сондықтан.

Жанрлық дамудың өзі – тірі процесс. Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады… Бұл да әр әдебиеттің тарихи тағдырлары мен ерекшеліктеріне ұштасып жатады. Жанр – нақты тарихи түр. Бұл әлеуметтік-экономикалық факторларға да тәуелді. Қазақ эпосы бір кезде батырлар жыры түрінде көрінсе, кейін аралық сипаттағы лироэпосқа көшті; одан келе жанрлық табиғатын мүлде жаңартқан жаңа сападағы поэмаларға ауысты. Бұл тегін емес.

З.ҚАБДОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *